• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Семейде самбодан ел чемпионатына жолдама берілді

    Семей қаласында самбо күресінен ерлер мен әйелдер арасында, жауынгерлік самбо күресінен ерлер арасында Шығыс Қазақстан облысының чемпионаты өтті, деп хабарлады Семей спорт академиясының баспасөз қызметі.

    Шығыс өңірінде самбо күресінен өтетін жарыстардың негізгі ұйымдастырушылары – Семей қаласы бойынша №1 Шығыс Қазақстан облыстық Олимпиадаға резервті дайындайтын мамандандырылған балалар және жасөспірімдер спорт мектебі (Семей спорт академиясы) мен Шығыс Қазақстан облыстық «Спорттық және жауынгерлік самбо» федерациясы» қоғамдық бірлестігі.

    Бұл жолы да қос ұжым білгенінен жаңылмады. Жылдағы дәстүр бойынша жарысты жақсы өткізді. 160-қа жуық самбо шеберінің басын қосқан додада ерлер мен әйелдер 9 салмақта бақтарын сынаса, жауынгерлік самбоға сайланып келгендер де осы салмақтарда сынға түсті. Айта кетейік, облыстық чемпионат Шығыс Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының күнтізбелік жоспарына сай өткізіліп отыр. Үржар, Аягөз, Тарбағатай, Көкпекті, Абай аудандары, Курчатов пен Өскемен және Семей қалаларынан жиналған балуандар боз кілемде айла-тәсілдері, шалт қимылдары, шапшаң әдістерімен жеңіске жетудің жолын іздеді. Өйткені, бұл белдесуде бірінші және екінші орын алған спортшылар ел чемпионатына жолдама алады. Ел чемпионаты бұйырса 4-8 сәуір күндері Семейде өтеді деп жоспарлануда.

    –Жарыстың деңгейінің жыл санап өсіп келе жатқаны қуантады. Оған балуандардың тыңғылықты дайындағы дәлел бола алады. Жалпы, Семей қаласында самбо күресі жақсы дамып келеді. Облыстық жарыстың өзіне Семей қаласы бойынша №1 Шығыс Қазақстан облыстық Олимпиадаға резервті дайындайтын мамандандырылған балалар және жасөспірімдер спорт мектебі, Жоғарғы спорт шеберлік мектебі, Спорт колледжі, Қазақ жекпе-жек федерациясы, «Шығыс» өңірлік әскери қолбасшылығына қарасты армияшылардың орталық спорт клубының спортшылары қатысып отыр. Оған самбо күресі қарқынды дамыған аудандарды қосыңыз. Бұл ішкі бәсекелестіктің артып келе жатқанын көрсетеді. Бәсекелістік бар жерде нәтиже де болады Ал нәтиже бар жерде жеңістің биік тұғыры тұр, – дейді самбо күресінен Шығыс Қазақстан облысы бойынша аға жаттықтырушысы әрі жарыстың бас төрешісі Біржан Имаханов.

    Сонымен облыс біріншілігінде Семей қаласы бойынша №1 Шығыс Қазақстан облыстық Олимпиадаға резервті дайындайтын мамандандырылған балалар және жасөспірімдер спорт мектебі, яғни Семей спорт академиясының самбошыларының мерейлері үстем болды. Ерлер арасында 9 салмақтың 8-інде академия спортшылары топ жарды. Тіпті бірқатар салмақтарда спорт академиясының самбошылары финалдық бәсекеде белдесіп жатты. Енді финалда белдескен балуандар көктемде облыстың намысын абыроймен қорғайтынына сенім мол.

     

    СЕМЕЙ   

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *