Төртжылдықтың басты додасы ХХ жазғы Азия ойындары да аяқталды. Қазақстан спортшыларының жетістіктері де бар, алайда көңіл көншітпейтін нәтижелер мен қордаланған мәселелер одан да аз емес. Қазір сала мамандары жарыс қорытындысын саралап, спорттағы кемшіліктерді ашық сынап, нақты ұсыныстарын білдіруде. Бұл — заңды әрі қажетті үдеріс. Өйткені, спорттағы әрбір жеңіс пен жеңілістің артында мемлекет қаржысы, мыңдаған спортшының маңдай тері, бапкерлердің еңбегі және тұтас елдің үміті тұр.
Алайда, кез келген ірі халықаралық жарыстың қорытындысын тек жеңіп алған медальдардың санына қарап бағалау жеткіліксіз деп есептеймін. Медаль — спорттағы жұмыстың соңғы нәтижесін көрсететін маңызды өлшемдердің бірі болғанымен, оның ар жағында тұтас бір жүйе, қыруар қаржы, мамандардың еңбегі, спортшылардың дайындығы, оқу-жаттығу үдерісі, спорттық инфрақұрылым және басқару сапасы тұр. Сондықтан біз, спорт сүйер қауым ғана емес, жалпы қоғам ретінде, спортқа бөлінген мемлекеттік қаражаттың көлемі мен оның қай бағыттарға жұмсалып отырғанына да байыппен қарауымыз керек. Белгілі бір спорт түріне қанша қаржы бөлінді? Сол қаржының нақты қайтарымы қандай болды? Қанша спортшы даярланды? Халықаралық аренада қандай нәтижеге жетті? Қай спорт түрінде жүйелі өсім бар, қай бағытта бірнеше жылдан бері бір орында тұрмыз немесе тіпті кері кетіп барамыз? Осындай сұрақтарға нақты дерек пен ашық талдау негізінде жауап беретін уақыт жетті деп санаймын.
Мәселенің ең маңызды тұсы — нәтиже болмаған жағдайда жауапкершіліктің қай деңгейде екенін анықтау. Жарыста спортшы жеңілді екен деп барлық кінәні оның мойнына артып қоюға болмайды. Спортшы — тұтас жүйенің соңғы буыны. Оның артында жаттықтырушы, медициналық қызмет, ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету, дұрыс іріктеу, спорттық менеджмент, федерация, оқу-жаттығу базасы және мемлекеттік басқару жүйесі тұр. Егер осы тізбектің бір буынында кемшілік болса, оның салдары түптің түбінде спортшының нәтижесінен көрінеді. Сондықтан «Кім кінәлі?» деген сұрақпен ғана шектелмей, «Нәтиже неге болмады, жүйенің қай жерінде қателік кетті және оны түзету үшін қандай нақты шара қабылданады?» — деген сауалдарға жауап іздеуіміз тиіс. Спорттағы жауапкершілік жазалау үшін емес, кемшілікті дер кезінде анықтап, оны қайталамау үшін қажет.
Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның командалық спорт түрлеріндегі қазіргі жағдайы мені ерекше алаңдатады. Өйткені, командалық спорт — жеке спортшының ғана шеберлігіне сүйенбейтін, ұзақ мерзімді әрі жүйелі жұмысты талап ететін күрделі сала. Мұнда мықты балаларды ерте жастан анықтау, ізбасарлар даярлау, жаттықтырушылар мектебін қалыптастыру, клубтық жүйені дамыту, ұлттық құрамаға тұрақты сабақтастық қалыптастыру, халықаралық тәжірибені зерделеу және ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу қатар жүруі тиіс.
Командалық спортта бір-екі талантты ойыншының болуы жеткіліксіз. Мықты команда қалыптастыру үшін мықты мектеп, білікті жаттықтырушы, тұрақты жарыс тәжірибесі және ұзақ мерзімді даму стратегиясы қажет. Егер біз осы тетіктердің бірін назардан тыс қалдыратын болсақ, қысқа мерзімді жетістіктерге жеткенімізбен, тұрақты нәтиже қалыптастыра алмаймыз.
Ендігі жерде Қазақстан спортын бағалауда «қанша медаль алдық?» деген бір ғана сұрақтан арылып, «сол нәтижеге қандай жүйе арқылы жеттік?» деген сұраққа да назар аударуымыз керек. Спортқа салынған әрбір теңге — халықтың қаржысы. Сондықтан оның тиімділігі де қоғам алдында түсінікті әрі ашық болуы тиіс.
Бұл жерде мен біреуді кінәлауды немесе белгілі бір маманның еңбегін жоққа шығаруды мақсат етіп отырған жоқпын. Керісінше, спортқа жанашыр азамат ретінде жылдар бойы жинақтаған тәжірибем мен біліміме сүйене отырып, мәселенің себептеріне тереңірек үңілуді жөн көріп отырмын. Өйткені, спорттағы кемшілікті айтпау — оған немқұрайлы қарау, ал кемшілікті ашық айтып, оның шешу жолын ұсыну — спорттың болашағына деген жанашырлық деп түсінемін. Сондықтан осы мәселеге байланысты өзімнің ой-санам мен кәсіби білімім жеткенше талдау жасап, Қазақстанның командалық спорт түрлеріндегі бүгінгі ахуалға баға беріп көрмекпін. Менің мақсатым — өткенге өкпе айту емес, жіберілген қателіктерден сабақ алып, ұлттық спорттың ертеңіне дұрыс бағыт ұсыну. Себебі, мемлекеттен қолдау көрген әрбір спорт түрі сол сенім мен қаржыға лайықты нәтиже көрсетуге ұмтылуы керек. Ал, нәтиже төмендеген жағдайда оны жасыру емес, себебін ашық айтып, түзету жолын бірге іздеу — баршамыздың ортақ міндетіміз.
Командалық спортқа жұмсалған қаржының қайтарымы бар ма?
Жапонияда өткен Азиадаға Қазақстан атынан 558 спортшы қатысқанын ескерсек, олардың едәуір бөлігінің командалық спорт түрлеріне жұмылдырылуы бұл бағытқа мемлекет тарапынан айтарлықтай ресурс бөлінетінін аңғартады. Алайда, баскетбол, волейбол, гандбол, регби, көгалдағы хоккей секілді спорт түрлерінен күткен нәтиженің болмауы немесе көңіл көншітпеуі күрделі сұрақтар туындатады.
Командалық спорттың ерекшелігі сол, мұнда бір-екі дарынды спортшының шеберлігі жеткіліксіз. Жүйелі дайындық, ойыншылар сабақтастығы, білікті бапкерлер, ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету, тактикалық үйлесім және ұзақ мерзімді даму стратегиясы қажет. Осылардың бірі ақсаса, тұтас команданың нәтижесіне айтарлықтай әсер ететіндігі ақиқат.
Демек, мәселе спортшылардың алаңдағы шеберлігімен ғана шектелмейді. Оның ар жағында спорт федерацияларының жұмысы, ұлттық құрамаларды жасақтау қағидалары, бапкерлерді іріктеу, ізбасарлар дайындау және қаржының тиімді жұмсалуына қатысты көптеген мәселелер жатыр. Егер командалық спорт түрлеріне жылдар бойы қомақты қаржы бөлініп, халықаралық жарыстарда тұрақты нәтиже көрсетілмесе, онда қалыптасқан жүйені қайта қараудың уақыты келген жоқ па?
Бір жарыста жеңілу — қалыпты жағдай. Бірақ жылдар бойы бір орында тұрып қалу, бұрынғы жетістіктерді қайталай алмау, алға жылжудың орнына кейін шегіну — жай ғана спорттық сәтсіздік емес. Бұл — басқару жүйесіне, кадр саясатына және даму стратегиясына қатысты көкейтесті мәселе.
Сондықтан құзырлы министрлік пен спорт федерациялары әрбір спорт түрі бойынша жұмсалған қаржы мен қол жеткізілген нәтиженің арақатынасын ашық талдауы керек. Қоғамға есеп беретін спорт жүйесі ғана өз кемшілігін мойындап, оны түзетуге қабілетті болады.
Гуанчжоудағы тарихи нәтиже қайда қалды?
Қазақстан волейболының бүгінгі жағдайын бағалау үшін өткенге көз жүгіртіп көрейік. 2010 жылы Қытайдың Гуанчжоу қаласында өткен XVI Азия ойындарында Бақытжан Байтөреевтің жетекшілігімен өнер көрсеткен Қазақстанның әйелдер волейбол құрамасы тарихи қола жүлдені иеленді. Бұл — тәуелсіз Қазақстан спортының Азия ойындары секілді халықаралық деңгейдегі ірі жарыстағы командалық ойындардан алған ең үздік көрсеткіштің бірі еді. Құрама Азияның үздік командаларымен бәсекеге түсіп, Қазақстанның волейболдан әлеуеті жоғары екенін көрсетті. Мұның алдында Азия чемпионатында (2005 ж. күміс) және Азия кубогінде (2016 ж. күміс, 2012, 20014 жж. қола жүлде) иеленген болатын. Алайда, құрлықтық чемпионаттардан Азия ойындарының бәсі бір саты жоғары тұратындығы белгілі. Мұндай нәтиженің жас мемлекет үшін маңызы өте зор болып саналады.
Содан бері 16 жылға жуық уақыт өтті. Осы кезеңде елімізде спорт инфрақұрылымы дамыды, көптеген жаңа спорт кешендері салынды, федерациялар жұмыс істеді, ұлттық чемпионаттар өткізілді, спортшылар халықаралық жарыстарға қатысты. Волейболды дамытуға қыруар қаржы мен қаншама уақыт жұмсалды.
Енді, осындай керемет жетістіктен кейін «2010 жылы Азияның үздік үштігіне енген әйелдер құрамасының жетістігін неге тұрақты дәстүрге айналдыра алмадық» — деген заңды сұрақ туындайтыны сөзсіз?
Он алты жылдан астам уақытта Қазақстан волейболы неге сол нәтижені сенімді түрде қайталап, одан әрі жоғары деңгейге көтеріле алмады? Жасөспірімдер мен жастар арасындағы резервті дайындауда қандай жүйелік кемшіліктер жіберілді? Ұлттық құрамаға жауапты тұлғалар осы сұрақтарға нақты жауап бере ала ма?
Әрине, қазіргі халықаралық бәсекенің деңгейі өзгерді. Азия елдерінің волейболы да қарқынды дамып келеді. Сондықтан 2010 жылғы нәтижені бүгінгі жағдаймен тікелей салыстырудың өзіндік шектеулері бар. Бірақ бұл тарихи жетістіктің бізге маңызды бір шындықты көрсететінін жоққа шығара алмаймыз. Ол Қазақстанда халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті волейбол құрамасын қалыптастыруға мүмкіндік те, тәжірибе де болған. Міне, мәселе — сол әлеуетті қалай сақтап, қалай дамыта алғанымызда.
Бақытжан Байтөреев қазір қайда жүр?
Осы тұста қазақ волейболының дамуына орасан зор еңбек сіңірген білікті мамандардың бірі — Бақытжан Байтөреев туралы айтпай кету мүмкін емес. Онымен университет қабырғасында бірге қызмет атқарып, кәсіби болмысын жақыннан таныған адам ретінде оның өз ісінің нағыз майталманы екеніне көзім жетті. Шебердің аты — шебер. Байтөреевтің волейболды терең меңгерген білімі, жинақтаған тәжірибесі, кәсіби талғамы мен спортқа деген жауапкершілігі оны өзгелерден даралай түседі. Оның үстіне, қазақ волейболын дамытуға қатысты кәсіби ұстанымдары мен ой-пікірлерін өз аузынан естіп, ұлттық волейболдың болашағына деген көзқарасына қанықтым. Сондықтан Бақытжан Байтөреев туралы бұл пікірді сырттай бақылаушы ретінде емес, оны қызмет барысында таныған әріптесі әрі қазақ спортына жанашыр азамат ретінде айтып отырмын.
Бақытжан Байтөреев — Қазақстан волейболының тарихында өзіндік із қалдырған, спортшы және білікті жаттықтырушы ретінде бірқатар тарихи жетістіктерге жеткен білікті маман. Оның спорттық жолы отандық волейболдың халықаралық аренадағы беделін арттыруға қосқан елеулі үлесімен ерекшеленеді. Ол — Францияда кәсіби деңгейде өнер көрсеткен алғашқы қазақ волейболшысы. Сонымен қатар ол Ресей Суперлигасында өнер көрсеткен алғашқы қазақстандық волейболшылардың бірі болып, осы беделді чемпионатының қола жүлдесін иеленді. Франция чемпионатының қола жүлдегері атанып, «Үздік қабылдаушы» атағына иеленсе, Франция кубогінің екі дүркін финалисі болды. 1993 жылы Азияның үздік ойыншысы атануы оның халықаралық деңгейдегі шеберлігінің жақсы бағаланғанын көрсетеді.
Отандық волейболдағы спорттық жолын Алматының «СКА», «Азамат», «Алматы» клубтарының негізгі құрамында жалғастырып, КСРО дәуіріндегі ірі додаларда да айтарлықтай жетістіктерге жетті. Атап айтқанда, 1991 жылы Киевте өткен КСРО халықтары спартакиадасының қола жүлдегері, Белгородта өткен КСРО кубогінің иегері атанды. Ал, Англияның Шеффилд қаласында өткен Дүниежүзілік Универсиадада қола жүлдеге ие болып, халықаралық жарыстардағы шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Бақытжан Байтөреевтің волейболдағы еңбегі ойыншылық кезеңімен ғана шектелмейді. Жаттықтырушы ретінде де ол қазақстандық волейболдың дамуына орасан зор үлес қосты. Соның айқын дәлелі — 2010 жылы Қазақстан әйелдер құрамасын Азия ойындарында жүлдеге жеткізіп, ел спортының халықаралық аренадағы беделін көтеруі.

Бақытжан Селмекұлының спорттық және жаттықтырушылық жолы — кәсіби шеберліктің, табандылықтың және отандық волейболға деген адал қызметтің жарқын үлгісі. Оның жетістіктері Қазақстан волейболының тарихындағы маңызды белестердің бірі ретінде бағалануға әбден лайықты деп санаймын. Ұзақ жылдар Қазақстан құрамасында өнер көрсетіп, отандық волейболдың қалыптасуына өзіндік үлес қосты. Шетелде ойнап, халықаралық тәжірибе жинақтады. Ойыншының психологиялық дайындығы, техникалық-тактикалық шеберлігі мен дене дайындық мүмкіндіктерін жетілдіру мәселелерін тәжірибе жүзінде таныған азамат. Ең маңыздысы — ол Гуанчжоуда өткен 2010 жылғы Азия ойындарында Қазақстан әйелдер құрамасын қола жүлдеге жеткізген бапкер ретінде де ел есінде қалды. Ал, бүгінде «Бақытжан Байтөреев қайда жүр?» — деген сауал спорт сүйер қауымның көкейінде жүрген орынды сұрақтардың біріне айналып отыр. Мұны әлеуметтік желілердегі пікірлерден де анық аңғаруға болады. Қазақстан волейболының бүгінгі жағдайы, оның даму мүмкіндіктері мен қордаланған мәселелері жөнінде Бақытжан Селмекұлының берген мазмұнды сұхбаттарын мыңдаған жанкүйер қызығушылықпен тыңдап, өз пікірлерін білдіруде. Сол пікірлердің арасынан оның тәжірибесі мен кәсіби біліміне деген құрметпен қатар, «Осындай білікті маман неге Қазақстан волейболының дамуына белсенді араласпайды?», «Байтөреевтің мол тәжірибесін неге ел спортының игілігіне пайдаланбасқа?» — деген мазмұндағы сауалдардың жиі кездесуі де көп нәрсені аңғартады.
Бұл — бір ғана маманның тағдырына қатысты мәселе емес. Бұл — отандық спортта қалыптасқан кәсіби тәжірибені қаншалықты бағалап, оны ұлттық мүддеге тиімді пайдалана алып жүргеніміз туралы ойлануға жетелейтін мәселе. Жанкүйерлердің Бақытжан Байтөреевке деген қызығушылығы мен сұранысы оның волейбол саласындағы білімі мен тәжірибесінің әлі де қажет екенін көрсетеді.
Қазіргі таңда Бақытжан Селмекұлы белгілі волейбол жанашыры, білікті бапкер әрі әріптес ағасы Марат Жолдасұлы Божбанбаевтың бастамасымен Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық университетіне қызметке келіп, университет басшылығының қолдауымен «Дене шынықтыру және спорт» мектебінде өзінің жары Надежда Байтөреевамен бірге дене тәрбиесі пәнінен сабақ беріп жүр.
Әрине, дене тәрбиесі пәнінен сабақ беру — абыройлы әрі қоғам үшін аса қажетті қызмет. Өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайту, саламатты өмір салтын қалыптастыру, қимыл-қозғалыс белсенділігін арттыру мен дене мәдениетін дамытуда дене тәрбиесі мамандарының орны айрықша. Сондықтан бұл мамандықты еш уақытта төмен бағалауға болмайды. Алайда, мәселе дене тәрбиесі пәнінен сабақ берудің маңыздылығында емес. Мәселе — осындай халықаралық тәжірибесі мол, кәсіби білімі терең, үздік ойыншы әрі жаттықтырушы ретінде қалыптасқан маманның әлеуетін қандай деңгейде пайдаланып отырғанымызда.
Бақытжан Байтөреевтің кәсіби жолына көз жүгіртсек, оның білімі мен тәжірибесі тек оқу дәрісханасындағы дене тәрбиесі сабағымен шектеліп қалмауы тиіс деп ойлаймын. Ол — халықаралық деңгейдегі жарыстардың тәжірибесін көрген, шетелдік волейболдың кәсіби жүйесін меңгерген білікті маман. Сондықтан оның осы әлеуетін студенттерге дәріс берумен қатар, болашақ бапкерлерді даярлау, жас жаттықтырушыларға шеберлік сабақтарын өткізу, волейболдың заманауи әдістемесін енгізу, төрешілер мен бапкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру сияқты бағыттарға да кеңінен пайдалануға мүмкіндік бар.
Бүгінгі мәселе «Бақытжан Байтөреев неге дене тәрбиесі пәнінен сабақ береді?» — деген сұрақта емес. Керісінше, «Бақытжан Байтөреев сияқты бірегей маманның мол тәжірибесін Қазақстан волейболының дамуына қалай тиімді пайдаланамыз?» — деген сауалда жатыр.
Өз ісінің майталманы үшін жастарға дене тәрбиесін үйрету — үлкен мәртебе. Бірақ ел волейболының дамуына елеулі үлес қоса алатын осындай білікті маманның кәсіби әлеуетін тек бір ғана бағытпен шектемей, ұлттық волейболдың болашағына қызмет ететін кең ауқымды жұмыстарға тарту — бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі деп есептеймін.
Егер халықаралық деңгейдегі тәжірибесі бар, ұлттық құраманы басқарған, спортшыларды үлкен жарыстарға дайындаудың қыр-сырын терең білетін маманның білімі мен тәжірибесін ұлттық волейболды дамытуға жұмылдыруға мүмкіндік болса, неге сол мүмкіндікті толық пайдаланбасқа?
Қазіргі таңда Қазақстан волейболының алдында тұрған маңызды мәселелердің бірі — білікті бапкерлер мен төрешілердің кәсіби деңгейін жүйелі түрде арттыру. Бұл бағытта белгілі бір жұмыстар атқарылып жатқанымен, халықаралық тәжірибені меңгеру, заманауи әдістемелерді енгізу және мамандардың біліктілігін тұрақты жетілдіру ісі әлі де күшейтуді қажет етеді. Соңғы жылдары осы мақсатта шетелдік мамандарды Қазақстанға шақырып, арнайы семинарлар мен оқу курстарын ұйымдастыру тәжірибесі қалыптасып келеді. Әрине, әлемдік волейболдың озық тәжірибесін елге әкелудің маңызы зор. Алайда, мұндай жұмыстармен қатар, өз елімізде қалыптасқан кәсіби мектеп пен тәжірибелі мамандардың әлеуетін тиімді пайдалану мәселесіне де айрықша назар аударған жөн.
Осы тұрғыдан алғанда, Байтөреев Бақытжан Селмекұлының кәсіби тәжірибесі мен кемел білімін ерекше атап өткен орынды. Сондай-ақ, оның бірнеше шетел тілін меңгеруі оған әлемдік волейболдың озық тәжірибесін тікелей зерделеп, оны кәсіби ортада еркін талқылауға мүмкіндік береді. Оның халықаралық волейболдағы көпжылдық тәжірибесі мен кәсіби білімі — Қазақстан спорты үшін дайын тұрған үлкен зияткерлік ресурс болып саналады.
Бүгінде Байтөреевтің кәсіби білімі мен өмірлік тәжірибесіне шетелдік волейбол мамандарының өздері жоғары баға беріп отырғаны айрықша назар аудартады. Оны шетелдік клубтар арнайы шақырып, семинарлар өткізуге, тәжірибесімен бөлісуге және жас жаттықтырушылардың кәсіби біліктілігін арттыруға тартып келеді. Бұл — оның маман ретіндегі беделінің халықаралық деңгейде мойындалғанының айқын көрінісі.
Олай болса, «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» деген халық даналығын осы мәселеге қатысты еріксіз еске түсіреміз. Бұл шетелден маман шақырудың қажеті жоқ деген сөз емес. Керісінше, халықаралық тәжірибемен қатар, өз еліміздегі білікті мамандардың мүмкіндігін де ұтымды пайдалануымыз қажет деп білеміз. Өйткені, Қазақстан волейболының қалыптасу жолын, оның жетістіктері мен мәселелерін сырттан келген маманнан гөрі, осы спорттың ішінде ұзақ жылдар бойы шыңдалып, еңбек еткен өз мамандарымыз тереңірек білетіні анық.
Бақытжан Селмекұлының кәсіби әлеуетін Қазақстан волейболын дамыту ісіне кеңінен пайдалану туралы мәселе көтеретін уақыт жетті. Оның білімін бапкерлер мен төрешілердің біліктілігін арттыру курстарына тартуға, жас мамандарға арналған шеберлік сабақтары мен семинарлар өткізуге, ұлттық құрамалардың оқу-жаттығу үдерісіне әдістемелік тұрғыдан қолдау көрсетуге және отандық жаттықтырушылар мектебін қалыптастыруға пайдалануға әбден болады.
Ең бастысы — бұл бір адамды дәріптеу мәселесі емес, ұлттық спорттың мүмкіндігін тиімді пайдалану мәселесі. Өз елімізде қалыптасқан кәсіби тәжірибені бағалап, білікті мамандардың білімін кейінгі буынға жеткізу — волейболдың сабақтастығын қамтамасыз етудің маңызды жолы. Шетелден маман шақырғаннан гөрі, шетелде тәжірибесі мойындалған өз маманымызды ел ішінде тиімді пайдалана алсақ, бұл отандық волейболдың дамуына әлдеқайда үлкен серпін береді деп сенеміз.
Сондықтан Қазақстан волейбол федерациясы Бақытжан Байтөреевтің көпжылдық кәсіби тәжірибесі мен білімін ұлттық волейболдың игілігіне пайдалану мүмкіндігін қарастырғаны жөн деп есептеймін. Өйткені, ел ішінде жүрген осындай білікті мамандардың қадірін біліп, олардың тәжірибесін жас ұрпаққа аманат ету — бүгінгі буынның ғана емес, болашақ Қазақстан волейболының алдындағы үлкен жауапкершілік деп білеміз.
Мен Бақытжан Байтөреевтің жаттықтырушылық әлеуетін жайдан-жай жақсы бағалап отырған жоқпын. Оның кәсіби мүмкіндігіне деген сенімімнің өзіндік себебі бар. Бұл пікірімді Бақытжан Селмекұлымен сұхбатта өз аузынан естіген өмір жолы мен кәсіби қалыптасу тарихы да бекіте түседі.
Қазақ волейболының атасы атанған Октябрь Жарылғапов қалыптастырған волейбол мектебі — бір ғана кезеңнің жетістігі емес, бірнеше буынға жалғасқан кәсіби дәстүрдің қайнар көзі деп айтуға толық негіз бар. Осы мектептен түлеп шыққан волейбол профессоры атанған Заңғар Жәркешев, Олимпиада чемпионы Валерий Иванович Кравченко, КСРО чемпиондары және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушылары Николай Михайлович Рагозин, Вячеслав Николаевич Шапран сынды саңлақтар қазақ волейболының даңқын асқақтатып қана қоймай, кейінгі буынға мықты спорттық әрі жаттықтырушылық мектеп қалыптастырды. Бақытжан Байтөреев те осындай айтулы мамандардың тәлімін көріп, олардың кәсіби мектебінен өткен. Оның спорттық шеберлігінің қалыптасуына Қазақстандағы ұстаздарының ғана емес, кейіннен кеңестік және еуропалық волейболдың озық өкілдерімен бірге жұмыс істеуі айрықша ықпал еткен. Солардың қатарында КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО волейбол құрамасының бас бапкері Вячеслав Алексеевич Платоновтың орны ерекше. Бақытжан Селмекұлының айтуынша, Платонов оның ойын шеберлігіне ерекше назар аударып, Санкт-Петербургтің «Автомобилист» клубына арнайы шақырған. Бұл шақырту — кез келген спортшыға жасала бермейтін үлкен сенімнің белгісі. Өйткені, ол кезеңде «Автомобилист» кеңестік волейболдың алдыңғы қатарындағы кәсіби клубтардың бірі болатын. Ал, В.А.Платонов әлемдік волейбол тарихында өзіндік орны бар белгілі маман. Оның қол астында өнер көрсеткен спортшылардың кәсіби даярлығы, ойын тәртібі, тактикалық сауаттылығы мен жеңіске деген психологиялық дайындығы кеңестік волейбол мектебінің мықтылығын танытты. В.А.Платонов қалыптастырған жүйе сол кездегі КСРО волейболының халықаралық аренадағы үстемдігін қамтамасыз еткен негізгі факторлардың бірі болды.
Осындай айтулы мамандардың ортасында жүріп, олардың тәжірибесін көру, кәсіби талаптарын сезіну, жоғары деңгейдегі ойыншылармен бірге жаттығу мен жарысқа қатысу Бақытжан Байтөреевтің дүниетанымын да, волейболға деген көзқарасын да қалыптастырғанын, оның бойында тек үздік ойыншыға тән шеберлік емес, волейболдың ішкі табиғатын, ойын тактикасын, спортшы психологиясын және жоғары жетістіктер спортының талаптарын терең түсінетін кәсіби ойлау жүйесі қалыптасқанын көрсетеді.
Менің Бақытжан Байтөреевтің жаттықтырушылық әлеуетіне ерекше мән беруімнің басты себебі де осында. Ол — волейболды сырттай бақылап келген маман емес, оның барлық қырын ойыншы ретінде бастан өткерген, әртүрлі волейбол мектептерінің тәжірибесін өз бойынан өткізген маман. Қазақ мектебі, кеңестік кәсіби мектеп және Еуропа волейболының тәжірибесі оның спорттық жолында өзара сабақтасып жатыр.
Бүгінде Қазақстан волейболына осындай тәжірибені ұлттық спорт мектебінің дәстүрімен ұштастыра алатын мамандар аса қажет деп ойлаймын. Жаттықтырушы үшін теориялық білім қаншалықты маңызды болса, жоғары деңгейдегі ойыншылық тәжірибе, халықаралық жарыстарды ішінен көру, мықты бапкерлердің мектебінен өту және спортшының психологиясын терең түсіну де соншалықты маңызды.
Бақытжан Байтөреевтің ерекшелігі — осы құндылықтардың барлығы оның кәсіби жолында тоғысқан. Сондықтан оның жаттықтырушылық әлеуетін пайдалану туралы мәселе — белгілі бір адамның мансабын көтермелеу емес, Қазақстан волейболында жинақталған кәсіби тәжірибені ел спортының болашағына бағыттау мәселесі деп қараған жөн.
Бүгінгі таңда қазақ волейболына Бақытжан Байтөреев секілді халықаралық тәжірибесі бар, жоғары деңгейдегі ойыншылық мектептен өткен, әлемдік волейболдың даму бағытын түсінетін және сол білімін жас ұрпаққа бере алатын мамандар ауадай қажет. Ұлттық волейболдың жаңа белеске көтерілуі үшін осындай кадрлардың тәжірибесін тиімді пайдалану — уақыт талабы.
Елде дене тәрбиесі пәнінен сабақ беретін мыңдаған білікті маман бар. Олар өз міндеттерін абыроймен атқарып келеді. Ал, жоғары жетістіктер спортына қажетті тәжірибелі бапкерлерді дайындау, іріктеу және өз саласында тиімді пайдалану — өз алдына бөлек міндет деп санаймын. Менің Бақытжан Байтөреевтің бүгінгі қызметін төмендету ойымда жоқ. Керісінше, оның жинақтаған тәжірибесі мен кәсіби әлеуетін қазақ волейболының игілігіне жарату мәселесін көтеру азаматтық парызым деп білемін.
Мұндай майталман маманның тәжірибесі ұлттық құраманы дайындауда, бапкерлердің біліктілігін арттыруда, жас ойыншылардың резервін қалыптастыруда немесе волейболды дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасын әзірлеуде неге кеңінен қолданылмайды деген сұрақ мазалайды? Бұл сұраққа ең алдымен Қазақстан волейбол федерациясы мен спорт саласына жауапты құзырлы органдар жауап беруі керек деп санаймын.

Елімізде тәжірибелі маманға сұраныс жоқ па, әлде жүйеде басқа мәселе бар ма?
Бізде кейде спорттағы сәтсіздікті қаржының аздығымен, материалдық-техникалық базаның жеткіліксіздігімен немесе жас таланттардың тапшылығымен түсіндіруге бейімдік басым. Мұндай мәселелердің бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Алайда, барлық қиындықты тек осы себептермен түсіндіру дұрыс емес. Кейде мәселе бар маманның мүмкіндігін пайдалана алмауымызда болуы мүмкін.
Спортты дамыту үшін тек жаңа спорт ғимараттарын салу, сапалы құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету немесе халықаралық жарысқа команда жіберу жеткіліксіз. Ең алдымен, сол жұмыстың басында кім тұрғанына назар аудару қажет. Білікті бапкерді орнымен пайдалану, оның тәжірибесін жас мамандарға үйрету, ұлттық құраманың ойын жүйесін жетілдіру — спорттағы нәтижеге тікелей ықпал ететін факторлар деп білемін.
Сондықтан Бақытжан Байтөреев сынды білікті мамандарды ұлттық волейболды дамыту жұмысына тарту мәселесі қоғамда ашық қарастырылуы тиіс. Оның бірнеше шет тілін меңгеруі де халықаралық тәжірибені зерделеуге, шетелдік мамандармен байланыс орнатуға, озық әдістемелерді үйренуге және таратуға қосымша мүмкіндік береді. Егер бұл тілдік және кәсіби әлеует расталып, нақты жұмысқа бағытталса, оның пайдасы тек бір командамен шектелмес еді.
Әңгіме міндетті түрде бір адамды ұлттық құраманың бас бапкері етіп тағайындау туралы ғана емес. Мұндай шешім кәсіби бағалау, қазіргі біліктілік талаптары, спорттық нәтижелер және федерацияның даму жоспары негізінде қабылдануы керек. Алайда, Бақытжан Байтөреевтің тәжірибесін ұлттық волейболды дамытуға пайдалану мүмкіндігін қарастырмау да дұрыс емес деп санаймын. Атап айқтанда:
— оған ұлттық құраманың бапкерлер штабында қызмет ұсынуға бола ма?
— жастар құрамасымен жұмыс істеуге ше?
— бапкерлерге арналған оқу-әдістемелік семинарлар өткізіп, отандық мамандардың біліктілігін арттыруға атсалысуына мүмкіндік беруге болмай ма?
— Ұлттық құрамалардың техникалық-тактикалық дайындығын сараптайтын жұмыс тобына қосуға ше?
Қойылатын сұрақ көп. Ал, жауап…
Мұның бәрі — талқылауға және нақты шешім қабылдауға тұрарлық ұсыныстар деп санаймын.
Ұлттық құраманың негізі спортшының алғашқы қадамынан басталады
Бір маманды қызметке тағайындаумен волейболдағы барлық мәселе шешіліп кетпейтіндігі белгілі. Мұны да ашық айтуымыз керек. Ұлттық спорттың дамуы бір адамның ғана емес, тұтас жүйенің жұмысына байланысты. Сондықтан Қазақстан волейболын жаңа деңгейге көтеру үшін бірнеше бағытта нақты жұмыс жүргізу қажет. Оның бірнешеуін қарастыратын болсақ:
- Ұлттық құрамалардың соңғы жылдардағы нәтижелеріне тәуелсіз әрі кәсіби талдау жасалуы керек. Қандай шешімдер тиімді болды? Қандай қателіктер қайталанды? Неге жастар құрамаларынан негізгі командаға сапалы ойыншылар аз келеді? Осының бәрі жан-жақты талдаулар жасау арқылы анықталуға тиіс.
- Жаттықтырушыларды іріктеу жүйесі жетілдірілуі қажет. Қызметке тағайындауда жеке таныстық немесе формалды көрсеткіштер емес, кәсіби біліктілік, нақты жоспар, ойыншылармен жұмыс тәжірибесі және жеткен нәтижелер шешуші рөл атқаруы керек.
- Ұлттық құрамалар мен балалар-жасөспірімдер волейболының арасындағы сабақтастықты барынша күшейту қажет. Болашақ ұлттық құраманың негізі халықаралық жарысқа бірнеше ай қалғанда емес, спортшының алғашқы қадамы жасалған кезден бастап қаланады.
- Тәжірибелі мамандардың білімін кейінгі буынға беру жүйесін қалыптастыру керек. Ұлттық құрамаларда жұмыс істеген, халықаралық жарыстардан тәжірибе жинаған бапкерлердің кәсіби әлеуеті бір қызметпен ғана шектелмеуге тиіс. Олардың тәжірибесі семинарлар, шеберлік сабақтары, әдістемелік бағдарламалар және жас бапкерлерге тәлімгерлік ету арқылы кеңінен таратылуы қажет.
- Волейбол федерациясы (басқа да федерациялар) өзінің қызметі туралы қоғамға жыл сайын ашық есеп беруге тиіс. Қандай мақсат қойылды, оған жету үшін қандай жұмыстар атқарылды? Бөлінген бюджет қалай жұмсалды? Ұлттық құрамалардың нәтижесі неге байланысты өзгерді? Қандай өзекті мәселелер бар, оларды шешу жолдары бойынша қандай жұмыстар атқару жоспарлануда? Мұның бәрі нақты көрсеткіштермен түсіндірілгені жөн.
- Әйелдер волейболын дамытуға айрықша назар аудару керек. 2010 жылы Азия ойындарында қола жүлдені иеленген құраманың тарихы біздің бұл бағытта әлеуетіміз жоғары болғанын көрсетеді. Сол әлеуетті қайта қалыптастыру үшін балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінен бастап ұлттық құрамаға дейінгі дайындық жүйесін қайта зерделеу қажет.
Министрлік пен федерацияға сұрақтарым
Осы орайда, Туризм және спорт министрлігіне, Қазақстан волейбол федерациясына және ұлттық құрамаларды дайындауға жауапты ұйымдарға бірнеше сауал жолдағым келеді.
1) Қазақстан волейболының ұзақ мерзімді даму стратегиясы қандай нақты көрсеткіштерге негізделген? Оның орындалуы қалай бағаланады?
2) Ұлттық құрамалардың нәтижелеріне жауапты мамандардың жұмысы қандай өлшемдермен бағаланады? Нәтиже болмаған жағдайда қандай қорытынды жасалып, қандай шаралар қабылданады?
3) Бақытжан Байтөреев сынды халықаралық тәжірибесі бар, ұлттық құрамамен жұмыс істеген мамандардың қазіргі кәсіби әлеуеті зерделенді ме? Олардың тәжірибесін ұлттық волейболды дамытуға тарту жөнінде ұсыныстар қарастырылды ма?
4) Отандық волейболдың дамуына үлес қосқан ардагер ойыншылар мен тәжірибелі бапкерлердің білімін жас мамандарға беру үшін арнайы тәлімгерлік жүйесін құру жоспарланған ба?
5) 2010 жылғы Азия ойындарындағы әйелдер құрамасының қола жүлдесі секілді тарихи жетістіктерді тұрақты нәтижеге айналдыру үшін қандай жүйелі шаралар қабылданып жатыр?
Бұл сұрақтар белгілі бір адамды кінәлау немесе біреудің еңбегін жоққа шығару үшін қойылып отырған жоқ. Мақсат — спорттағы мәселелерді ашық талқылап, нақты шешім қабылдауға ықпал ету. Қоғамның спорт федерацияларынан есеп талап етуі — қалыпты құбылыс. Өйткені, ұлттық құрама жекелеген ұйымның ғана емес, бүкіл елдің намысын қорғайды.
Маманды бағалау — спорттың болашағын бағалау
Бақытжан Байтөреевтің кәсіби жолы мен тәжірибесі қазақ волейболы үшін маңызды ресурс болуы мүмкін. Оны тиімді пайдалану үшін, әрине, қазіргі біліктілігі, кәсіби ұстанымы, денсаулық жағдайы, жұмыс істеуге дайындығы және нақты нәтижеге бағытталған жоспары ескерілуге тиіс. Бұл талаптар кез келген маманға бірдей қойылуы керек.
Бірақ ең бастысы — тәжірибелі кадрлардың мүмкіндігін дер кезінде бағалап, оларды спорттың дамуына жұмылдыра білу. Кейде біз шетелден маман іздеп, халықаралық тәжірибені үйренуге қомақты қаражат жұмсаймыз. Бұл да қажет. Алайда, өз елімізде қалыптасқан, халықаралық деңгейде жұмыс істеген, спорттың ішкі ерекшелігін жақсы білетін мамандардың әлеуетін де ұмытпауымыз керек.
Білікті маманның қадірі оның қызмет атауымен өлшенбейді. Оның қадірі — білімі мен тәжірибесін ел спортының дамуына қаншалықты жұмсай алатынында. Сондықтан Бақытжан Байтөреевтің тәжірибесін ұлттық волейболды дамытуға пайдалану мәселесін Қазақстан волейбол федерациясы мен құзырлы министрлік кәсіби тұрғыдан қарастырса деймін. Егер оның білімі мен тәжірибесі ұлттық құрамалардың нәтижесін жақсартуға, жас бапкерлерді даярлауға және волейболдың даму жүйесін жетілдіруге көмектесе алса, мұндай мүмкіндікті барынша тиімді пайдалану қажет.
Спортта басты мәселе — кімнің қандай қызметте отырғаны емес, кімнің қандай нәтиже көрсете алатыны. Бірақ нәтижеге жету үшін қабілетті маманды тауып қана қоймай, оның қабілетін орнымен пайдалана білу керек.
Қазақстан волейболы өткен жетістіктерімен ғана мақтанып отыра бермеуі тиіс. Біз сол жетістіктерден сабақ алып, жаңа белестерге ұмтылуымыз керек. Гуанчжоудағы қола жүлде тарихта қалды. Ендігі міндет — сол тарихты болашақтың нақты мақсатына айналдыру.
Білікті маманды тасада қалдырмай, тәжірибесін ел игілігіне жаратуға қашан кірісеміз? Қазақ волейболын жаңа деңгейге көтеру үшін бұдан да нақты қадам жасайтын уақыт жеткен жоқ па? Осы сұрақ министрден бастап, барлық спорт саласының басы-қасында жүрген басшыларды ойландыруы тиіс.
Қазақ волейболының тарихына тереңірек үңілсек, біздің әлемдік деңгейде бәсекеге түсуге әлеуетіміз болғанын көреміз. Осыдан алпыс жылдай бұрын Октябрь Жарылғапов негізін қалаған атақты «Буревестник» командасы кеңестік волейболдың тарихында өшпес із қалдырды. Буревестник О.Жарылғаповтың шәкірті Заңғар Жәркешевтің жетекшілігімен КСРО чемпионы атанып, Еуропа чемпиондары кубогын екі рет жеңіп алған бұл ұжым қазақ волейболының даңқын асқақтатты. Команда құрамында жеті қазақ баласының өнер көрсетуі — ұлттық спорт тарихындағы айрықша мақтаныш. Ал, Октябрь Жарылғаповтың төл шәкірті Заңғар Жәркешевтің де қазақ волейболының дамуына қосқан үлесі зор болды. Бір ғана бапкердің тәлімінен Олимпиада және әлем чемпиондары, Еуропа чемпионатының жүлдегерлері шықса, оның бірнеше шәкіртінің КСРО-ның үздік ойыншылары қатарынан көрінуі — бапкерлік шеберліктің қандай биік деңгейге жеткізе алатынының айқын дәлелі.
Октябрь Жарылғапов пен Заңғар Жәркешев қалыптастырған бапкерлік мектептің басты сабағы — мықты команда кездейсоқ құрылмайды. Оның артында көрегендік, терең білім, ойыншыларды дұрыс іріктеу, психологиялық дайындау, техникалық-тактикалық шеберлікті жетілдіру және жеңіске деген ортақ сенім тұрады. Өкінішке қарай, сол бір кезеңдегі тарихи жетістіктерді бүгінгі күннің тұрақты табысына айналдыра алдық па деген сауал әлі де өзекті. Қазақ волейболы бұрынғы даңқын еске алумен ғана шектелмей, сол жеңістердің негізінде жатқан бапкерлік тәжірибені жаңғыртып, ұлттық құрамаларды дамытудың тиімді жүйесін қалыптастыруы керек.
Бақытжан Байтөреев — осы тарихи сабақтастықты жалғастыра алатын кәсіби мамандардың бірі. Ол — қазақ волейболының дәстүрін, ұлттық құраманың тыныс-тіршілігін және халықаралық бәсекенің талаптарын білетін тәжірибелі жатықтырушы. Алайда, оның әлеуеті ұлттық волейболды дамыту ісінде қаншалықты пайдаланылып отырғаны туралы орынды сұрақ туындайды. Біз кезінде әлемді мойындатқан бапкерлер мектебін мақтан тұтамыз, енді сол мектептің тәжірибесін бүгінгі ұрпаққа жеткізетін мамандарға нақты мүмкіндік беруіміз қажет. Бақытжан Байтөреевтің кәсіби білімі мен тәжірибесін ұлттық құрамаларға, жас бапкерлерді даярлауға және волейболдың даму стратегиясын жетілдіруге жұмылдыру мәселесін федерация мен құзырлы министрлік байыппен қарастырғаны жөн. Қазақ волейболының Бақытжан Байтөреевтен алғаны аз емес, ал әлі де берері мол деп сенемін. Ендеше, осындай мамандардың әлеуетін толық пайдалануға не кедергі? Ұлттық волейболдың болашағы үшін осы сұраққа нақты жауап беретін уақыт келді, Бақытжан Байтөреевтей тәжірибелі мамандардың әлеуетін бағалап, қазақ волейболының дамуына жұмылдыру — осы жолдағы маңызды мүмкіндіктердің бірі деп санаймын.
Министрлік пен федерация бұл мәселеге бейжай қарамайды деп сенемін. Өйткені, ұлттық спорттың тағдырына жанашырлық таныту — тек жанкүйердің емес, осы саланың дамуына жауапты әрбір басшының қасиетті міндеті болуы тиіс.
Жандос ЕСІРКЕПОВ,
Халықаралық туризм және меймандостық
университетінің доценті,
педагогика ғылымдарының кандидаты
ТҮРКІСТАН
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары