• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Ақтөбеде Х Бүкілқазақстандық жазғы Универсиада басталды

    Бүгін Ақтөбе қаласындағы «Мұз айдыны» спорт кешенінде Жастар жылына арналған Х  Бүкілқазақстандық Универсиаданың ашылу салтанаты өтті.

    Биыл іргетасы қаланғанына 150 жыл толатын Ақтөбе мекеніне 60-қа жуық жоғары білім ордаларының спортшылары жиналды.

    Универсиаданы Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин  құттықтау сөзімен ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

    Қазақстан Республикасы студенттер спорты федерациясының президенті Қайрат Закирьянов шараны тиісті деңгейде өткізгені үшін ұйымдастырушыларға алғыс айтты.

    Осыдан кейін Универсиада-2019 туын Нартай Қажеков (джиу-джитсудан жазғы Азия ойындарының жүлдегері), Игорь Ворников (Джиу-джитсудан жастар арасындағы әлем чемпионатының жүлдегері), Мұхтар Есенғосұлы (грек-рим күресінен әлем чемпионатының жүлдегері), Малайдар Бексұлтан (еркін күрестен әлем чемпионатының жүлдегері), Мұратбек Мажитов (еркін күрестен Қазақстан чемпионы) және Аманкелді Дастан (панкратионнан Азия чемпионатының жүлдегері) секілді Ақтөбе спортының мақтаныштары алып шықты. Универсиаданың гимні ойналып, туы көкке көтерілді.

    Ең әсерлі шыққан сәт Универсиада алауын жағу рәсімі болды. Алауды суға жүзуден әлем кубогының иегері, Пара Азия ойындарына қатысушы, «Қазақстанның 100 жаңа  есімі»  тізіміне енген Шахан Жолдаспаев алып шығып, студенттер арасында бокстан әлем чемпионы Абай Қуандықовқа табыс етті. Осыдан кейін дзюдо күресінен әлем чемпионатының күміс жүлдегері, бүкіләлемдік Универсиаданың қола жүлдегері, Қазақстанға еңбек сіңірген спорт шебері Рүстем Ибраев алауды жақты.

    Осылайша Х жазғы бүкілқазақстандық универсиада ойындары басталды. Спортшы-студенттерге сәттілік тілейміз!

     

    Мұсағали ТАСҚАЛИЕВ,

    «Спорт жұлдыздары» республикалық журналының бас редакторы

     

    АҚТӨБЕ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *