• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Қазақ жастары жарыстан жеті жүлде әкеле жатыр

    10-12 мамыр аралығында Украинаның Одесса қаласында  мейбуакан годзю-рю каратэ-до жекпе-жегінен өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 4 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль алып, командалық есепте екінші орынға ие болды.

    Осы додада ел намысын қорғаған қайсар мінез қаракөз жастарымыздың барлығы дерлік құр қол қайтпай, жеңіс сатысына көтеріліп, үлкен жетістікпен елге оралып келеді.

    Әлем чемпионаты болған соң  әр елдің сайдың іріктелініп алынған марқасқа спортшылары келетіні белгілі. Одесса қаласында годзю-рю каратэ-до жекпе-жегінен жалауын көтерген дүрмекті додада  18  мемлекеттің айтулы спорттың шеберлері өнер көрсетті. Осы сынға Қазақстан командасын бастап барған ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Нұрлан Керімбаевтың шәкірттері үлкен жетістікпен оралып келеді.

    Сонымен ел қоржынына жүлде салған каратэ шберлерінің есімдерін алға тарталық. Негізі жекпе-жектер го кумите – толықтай контакт пен  дзю кумите – жартылай контакт секілді  екі жүйемен өткен екен.  Алтын жүлдені 57, 63, 84 және абсолюттік салмақтарда Бауыржан Жұман, Несіпбек Бақтияр, Жандәулет Бекзатовтар жеңіп алса, күміс жүлдені 57 килода Медет Бағдат, қола  жүлдені 74 кг салмақта Мәулен Тұрысбектер иеленді.

    Бір айта кетер қуанышты жәй, абсолюттік салмақта өнер көрсеткен  жерлесіміз Жандәулет Бекзатов әлемнің 3 дүркін, Еуропаның 2 дүркін және Украинаның  5 дүркін чемпионы  Гуньконы асқан басымдылықпен атойлап жүріп жеңген екен. Жалпы 500-ден аса каратэ-до шеберлері қатысқан әлем чемпионатында топжарып осындай табысқа ие болу үлкен мақтауға лайықты нәтиже. Қазақстан құрамасының спортшылары осындай толағай табысымен көзсіз ерлік жасап, еліміздің  мерейін асқататып отыр. Жеңістің бас тұғырына көтерілген спортшыларымыз 4 рет еліміздің әнұранын орындатып, көк байрағымызды 4 рет бәрінен биік көкке көтеруге мәжбүр етті.

    Иә, годзю-рю каратэ-до спорты елімізде енді ғана еңсесін тік ұстап, әлем аламандарына қосылып келе жатқан жас спорт түрінің бірі. Дегенменде Мейбукан годзю-рю карате-до ассоциациясының президенті, қара белбеу 6 дан иегері Нұрлан Керімбеков секілді өз ісінің майталман шебер мамандары жаттықтыратын ел құрамасының жастары жалынды өнерлерімен соңғы жылдары командалық үздік үштіктен төмен түскен емес.

    «Елім дейтін ер болмаса, ерім дейтін ел қайдан  болсын», – дегендей, елім деп, елеулі еңбегімен алғысқа бөлене бастаған Нұрлан Керімбековтей ер тұлғалы, өз таңдаған спортына жанашыр жандардың арқасында  кенжелеп болса  да келіп қосылған, годзю-рю мейбуакан каратэ-до түрі, қазірдің өзінде айтарлықтай табыстарға қол жеткізе бастады. Соның бір айшықты айғағы Одессада өткен әлем чемпионатындағы Қазақстан құрамасының орасан зор табысы екенін айтқымыз келеді. «Қарға сойса да қасапшы сойсын», – демекші, Нұрланның шығыстың осы бір спортын түрінің  әдіс-айласын  терең меңгеріп алғанымен қоса, айтулы спорт түрін жақсы көріп, шәкірттеріне бай тәжірбиесін аянбай бере отырып, жеңіс жолында барынша әрекет жасауының жемісі осындай үлкен нәтижелерге жеткізсе, айбарлы да айбында  алаштың жас ұландары жеңіс тұғырының барлық сатысынан көрініп, еліміздің абыройын асқататып қайтып келеді.  Ендеше жігерлі жастарымызды  жеңістерімен құттықтап, алдағы уақытқа сәттілік тілейміз.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

     

    АЛМАТЫ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *