• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Елдос мерген Еуропаға аттанды

    Кеше жамбы атудан Қазақстан құрама командасының белді мүшесі, еліміздегі үздік сұрмергеннің бірі Елдос Бадашев  Еуропаға аттанды. Ол ат үстінен садақ атудан Мажарстанның Помаз қаласында өтетін әлем кубогына қатысады, деп хабарлады Ұлттық спорт қауымдастығы.

    Бүгін Венгрияның Помаз қаласында ұйымдастырылған әлемдік жарыстың алғашқы бәсекесі басталды. Дүниежүзінің таңдаулы мергендері ғана бақ сынайтын бұл әлем кубогы үш кезеңмен өтетін ірі жарыс. Алғашқы кезеңі Мажарстанның Помаз қаласында басталса, екінші кезеңі маусым айында Францияда жалғасады. Ал, қыркүйек айындағы  Польшада өтетін үшінші кезеңде осы әлем кубогының гран-при жүлдесі сарапқа салынады. Помаздағы бәсекеде әлем мергендері  «Венгр стилі» мен «Польша стилі» бойынша күш сынасады екен.

    Міне, осындай айтулы додада қатысуға бел буған біздің Елдос мергеннің халықаралық жарысқа аттануы алғашқы рет емес. Ол бұған дейін Түркия мен Иорданияда өткен дүниежүзілік фестивальдарға бірнеше мәрте қатысты. Былтыр Оңтүстік Кореяда ат үстінен садақ атудан өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанды.

    Ал, Елдос Бадашевтің  елішілік жарыстардағы жетістіктері тіпті қомақты. Жамбы атумен 2014 жылдан бастап айналысқан ол 2015 жылы «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атанды. 2015 жылы жамбы атудан Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері, 2016 жылы «Ұлы дала ойындарының» және «Астана жұлдыздары» республикалық турнирдің жеңімпазы болды. 2017 жылы «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарының күміс жүлдесін иеленді.

    2016 жылдан Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы «Ұлттық спорт түрлерінен «Әулие-Ата» кәсіпқой клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде жамбы ату спорты бойынша жаттықтырушы қызметін атқарды.

    Елдостың шәкірт тәрбиелеуде де жолы болды. Елдос Бадашевтың шәкірті Абзал Тулыбеков ел чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері, әлем чемпионы атанды. Ал, тағы бір шәкірті  Бақдаулет Бабажан жастар арасында ел чемпионатының күміс жүлдегері және 2019 жылы өткен жастар арасындағы І Азия чемпионатының чемпионы атағын жеңіп алды.  Серікболсын Жалғасұлы жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы.

    Мажарстанда ұйымдастырылған әлем кубогындағы мергендер нәтижелері туралы алдағы уақытта қосымша хабарлаймыз. Аталмыш жарыс 19 мамыр күні аяқталады.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *