19 мамыр күні Тараз қаласында басталған ұлттық спорттан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты аяқталды, деп хабарлады Ұлттық спорт қауымдастығы.
Көкпар мен аударыспақтан ХІХ рет, теңге ілуден ХІІІ рет, жамбы атудан V рет ұйымдастырылған елішілік жарыстың соңғы күні көкпар бәсекесінің финалдық ойыны тамашаланып, чемпионаттың салтанатты жабылуы өтті. Екі жыл қатарынан түркістандық «Құлагер» командасына есе жіберген Жамбыл облысының «Әулие-ата» командасы көкпардың бүгінгі финалдық бәсекесінде чемпиондық атаққа оныншы мәрте қол жеткізді.
Сәл шегініс жасасақ, елішілік чемпионаттың 2017 жылы Алматы қаласында, 2018 жылы елордада өткен финалдық ойынында тараздық «Әулие-ата» командасы түркістандық «Құлагер» клубынан ұтылып, екі жыл қатарынан күміс жүлдені қанағат тұтқан еді. Бұл жолы «Әулие-атаның» жігіттері сол өткен жылдарда кеткен есенің орнын толтырып, финалдық бәсекеде «Құлагер» ұжымынан басым түсіп, қарсыластарын 4:3 есебімен жеңіп кетті. Сөйтіп, көкпардың елішілік чемпионаты тарихында «Әулие-ата» командасы 10 рет чемпион атанды. Бұл бәсекеде «Құлагер» командасынан Әділет Мамыт Әбуғали Әбдіжаппаров пен Бәйдібек Сабыров бір-бірден салым салса, «Әулие ата» клубынан Ислам Рәт бір салым, Құрманбек Тұрғанбек үш салым салып, командасына жеңіс сыйлады.
Ал, чемпионаттың қола жүлдесі үшін болған бәсекеде атыраулық «Нарын» командасының жолы болды. Атырау облысының «Нарын» командасы Ақмола облысының «Жекебатыр» клубын айқын басымдылықпен ұтып, ойынды 10:0 есебімен аяқтады. Бұл ойында «Нарын» командасынан Қайыржан Сүлейменов үш салым, Алмат Жүнісов екі салым салса, Ынтымақ Әліпбаев, Айбек Болатов, Ұлан Байтөреев, Александр Пупенко мен Нұржан Ерехан бір-бірден салым салды.
Осы жерде айта кететін бір нәрсе, биылғы жылы екінші орын алып қалған Түркістан облысының «Құлагер» командасы бұған дейін 6 рет, нақтырақ айтсақ, 2004, 2008, 2012, 2015, 2017, 2018 жылдары чемпиондық атақты иеленген. Ал, «Әулие-ата» командасы 2001, 2002, 2005, 2007, 2009, 2010, 2013, 2014, 2016 жылдары Қазақстан чемпионы болған. Сондай-ақ, 2003 және 2006 жылы екі рет Алматы облысының командасы, 2012 жылы бір рет елордалық «Астана» командасы осы елішілік бәсекеде чемпиондық атаққа қол жеткізген екен.
Қазақстан Республикасының көкпардан ересектер арасында ХІХ рет өткен чемпионатының жеңімпазы мен жүлдегерлері:
1 орын – «Әулие ата» командасы (Жамбыл облысы)
2 орын – «Құлагер» командасы (Түркістан облысы)
3 орын – «Нарын» командасы (Атырау облысы)
3 орын – «Жекебатыр» командасы (Ақмола облысы)