Бүгін «Хан-шатыр» маңындағы «Nur-Sultan ethno fest» мерекесінің алғашқы күнгі думаны басталды, деп хабарлады Ұлттық спорт қауымдастығы.
Ұлттық салт-дәстүрдің салтанат құрған мерекесін тамашалау да, балалар мен ересектер арасындағы түрлі дәстүрлі спорттық ойындардың думанды бәсекесі де қызу жүргізіле бастады.
Көпшілікке көш кезінде түйеге жүк артудың рет—тәртібі көрсетілуде
«Қисық ағаш тез басында жатпайды». Ағаш шеберлері қисық ағашты тезге салып түзейді
Қолөнер бұйымдарының қалай жасалатынын көзбен көруге болады
Ат үстінен садақ атудан тұңғыш ұйымдастырылған І әлем чемпионатының мергендері. «Алтын жебе» деп аталатын бұл әлем чемпионатына қатысу үшін АҚШ, Оңтүстік Корея, Түркия, Румыния, Болгария, Сирия сияқты барлығы он беске жуық мемлекеттің отызға тарта мерген—спортшылары қатысады. Бүгін мергендер жеребе бойынша ат таңдауға жиналды. Жарысқа даярлық—жаттығуды бастады. «Алтын жебе» чемпионаты 2 маусымда аяқталады.
Мерекеде командалық көкпар ойыны, аударыспақ, теңге ілу спорттық ойындары тамашаланады.
Бүркіт, қаршыға, ителгі сияқты аушы құстар және тазы—төбет көрмелері ұйымдастырылуда.
Дәстүрлі садақ атудан республикалық турнир және найза лақтыру, жасанды «аттармен» аударыспақ, теңге ілу ойындары, балалардың садақ ату бәсекесі өтеді.
Үлкен сахнада танымал өнер иелерінің орындауында ән-жыр айтылып, күй-сайыс ұйымдастырылып, ақындар айтысы өткізіледі.
Мерекені ұйымдастырушылар – Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мен Ұлттық спорт қауымдастығы.