• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Ұлттық спортқа арналған алқа мәжілісі аяқталды

    Бүгін ұлттық спортты дамытуға арналған үш күндік алқа мәжілісінің қорытынды жиыны болып өтті, деп хабарлады Ұлттық спорт қауымдастығы.

    Елордадағы Ұлттық музейде өткен жиынды жүргізген Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан бірнеше күндік алқа мәжілісінің мән-маңызын айта келіп, уақыттарын бөліп арнайы келген барша қатысушыларға өз ризалығын жеткізді. Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазановтың құттықтау хаты оқылды.

    Қорытынды жиынның күн тәртібі бойынша «2019 жылы атқарылған іс-шаралардың қорытындысы және 2020 жылға арналған күнтізбелік жоспардағы іс-шаралар» туралы Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Нұрсұлтан Ибрагимовтың, «ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы мен мемлекеттік органдар арасындағы қарым-қатынасты нығайту» туралы Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің басқарма басшысы Қарлығаш Рамазанованың және «Әлемдік этноспорт» туралы «Дәстүрлі садақ ату» федерациясының президенті Азамат Оспановтың баяндамалары тыңдалды.

    Сондай-ақ, Қауымдастық президенті осы жиында көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу спорт түрлері бойынша жаңадан тағайындалған федерация басшылары мен вице-президенттерді таныстырды. Атап айтсақ, «Көкпар» спорт түрі бойынша – Мұхтар Имашев, «Аударыспақ» спорт түрі бойынша – Данияр Қобыландин, «Жамбы ату» спорт түрі бойынша – Ерлан Сауранбаев, «Теңге ілу» спорт түрі бойынша – Қуаныш Курашев сынды ұлттық спорт түрлеріне бірнеше жыл қолдау көрсетіп келген іскер, кәсіпкер азаматтар Қауымдастықтың вице-президенті қызметіне тағайындалды.

    Мәжіліс соңында ұлттық спорттың дамуына белсенді түрде үлес қосып, еңбек сіңірген қызметкерлер мен спорт мамандарына Ұлттық спорт қауымдастығының алғыс хаттары тапсырылып, сыйлықтар табыс етілді.

    Еске салып өтсек, ұлттық спортты дамытуға арналған үш күндік алқа мәжілісінің өткен екі күнінде ұлттық спортқа қатысты бір қатар мәселелер талқыланып, өз шешімін тапты. Жаңа редакциядағы Ережелер бекітілді. Бас төрешілердің жыл бойы атқарылған жұмыстары жөнінде есептері тыңдалып, спорт түрлерінен 2020 жылға бас төрешілер жаңадан сайланды. Тәртіптік Кеңес отырысы өтті.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *