• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Португалия – футбол лабораториясы

    Неге Португалия?

    Португалия футболшы дайындап сатудан әлемдегі номері бірінші ел. Еуропадағы өмір сүру деңгейі арзан. Оқу ақысы төмен. Қазақстан халқының қалтасы көтерерліктей. Легионерлерге лимит жоқ. Футбол мәдениеті қалыптасқан, өте жоғары. Әлемнің №1 футболшысы да – Криштиано Роналдо, әлемнің №1 жаттықтырушысы – Жозе Моуриньо да Португалиядан шыққан. Бұл біздің балаларға үлкен стимул болары анық.

    Арландар ФК атынан бардық, Қазақстанның өкілі болдық. Ешқандай жүрексінбей ФИФА, УЕФА-ның тиісті мамандарына, әлемнің алпауыт футбол клубтарына тікелей байланысқа шықтым. Нәтижесінде, Португалияның Брага кубогы турниріне шақырту алдым. «Арландар» атынан барып, бүкіл Қазақстанның атынан өкіл болып кеттік.  Барлық жағдайды сол жерде түсіндім. Себебі, білуімізше «Астанадан» басқа осы күнге дейін Қазақстаннан бірде бір футбол клубы келмепті.

    Алғашқы күндері Қазақстанды білмей қиналған еді, соңында бәрі Қазақстан деп жанкүйер болды. Естімеген елі болғандықтан ба алғашқы ашылу салтанатында бізге бүкіл стадион аяқтарынан тік тұрып қошемет көрсетті. Әйтпесе бізден бөлек, Еуропа, Латын Америка елдерінен де клубтар келген еді. Газеттері әр нөмірінде басқа ел емес тек Қазақстаннан «Арландар» ФК деп жазып жатты. Халқы да тек бізге ерекше құрмет көрсетіп, барлығы кезекке тұрып суретке түсті. Көз алдыңызға стадионның көпшілігі сізбен суретке түсіп тұрғанын елестетіп көріңізші!

    Қазақстаннан футбол клубының қатысу олар үшін үлкен жаңалық болды. Бұл әсерімді бір сөзбен айтар болсам, өзімді өзге ғаламшардан келгендей сезіндім…

    Қолымыздан келгенше Қазақстанды танытуға тырысып бақтық. Жабылу салтанатында стадион сахнасында «Қара жорға» биін билеп бердік. Трибуна бізді отырғызбады, қайта билеткізді. Өздері де биледі…

    Клуб басшылары: клуб халықтікі.

    Португалияда клуб басшыларынан көп естігенім – клубтың иесі халық дейді. Басшылық өздерін жай ұйымдастырушылар ретінде сезінеді. Халықтан қатты қаймығатындай көрінді. Жабылу салтанатында 90-нан аса команданы сахнаға шығару біраз күш. Содан болар Брага әкімі шаршаған болу керек, соңғы 3-4 команданы сахнаға шығармай-ақ төменде марапаттап қайтарғысы келген еді, стадион халқы бірден өретүрегелді. Одан адамның зәресі қашпау мүмкін емес. Лезде сахнаға шығарды. Басшылары халықтың пікірімен санасқанды жөн көреді.

    Балалары да еркін ойлы, асқақ рухты. Өкінішке орай, құл болған мен болмағанның айырмашылығы қатты білініп тұрады екен. Біздің балалар қатты әсерленді, үлкен тәжірибе болды.

    Мені таңқалдырды

    Көп нәрсеге таң қала қоймас едім. Бірақ, Португалияда балалар үйінің болмауы, аборт жасатуға тыйым салынғаны мені таң қалдырды. Әрине одан кейін футболы да өз әсерін бермей қоймады. Олар футболды билеп жүріп ойнайтындай көрінді.

    Қазақ халқымен бір ұқсастығы – шашу шашады екен. Командалары жеңіске жетсе шашу шашатын дәстүрі бар.

    Нәтиже

    Қазақстаннан бір футбол клубының келгенін естіген Португалия кәсіби футбол клубының президенті Марио Коста мырза арнайы Лиссабоннан кездесу үшін келді. Пайдалы келісімдер болды. Әзірге құпия.

    Брагалона футбол клубымен әріптестік меморандумына қол жеткіздік. Португалиядағы жарыстарға тұрақты түрде шақырту, тәжірибе алмасу, т.б. сияқты бірқатар келісімдер жасастық.

    Жақын уақытта біз үшін үлкен сенсация жаңалықтар болады. Жоспарларымыз құпия. Нәтижесін алдағы уақытта көре жатарсыздар. Тек күтіңіздер дегім келеді.

    Фазылбек ӘБСАТТАРҰЛЫ,
    «Арландар» ФК президенті

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *