(Ауыл мен қалаға сүре жол салған спорт жанашыры Ерлік Жарболовтың рухына арналады)
Ер намысы – ел намысы демекші, ел намысын шет жерде табысты қорғап жүрген ер жүрек спортшыларымыздың баршасы ауыл топырағынан нәр алған екені дәлелденген. Ауылда туып-өсіп, спортқа деген қабілеті бар таланттардың көпшілігі аудандық, облыстық тіпті, республикалық спорт мектептеріне келіп, шеберлігін шыңдап жатады.
Бүгін біз ауылда туып-өсіп, арман қуып, Алматыға келіп, қазақ боксының дамуына өлшеусіз үлес қосқан ардақты ақсақал Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы, елімізде боксты дамытуға еңбек сіңіргені үшін деген алтынмен апталған мемлекеттік медальдің иегері, көптеген елге танымал боксшыларды жаттықтырған құрметті бапкер Ерлік Мәукейұлы Жарболовтың жарқын бейнесін еске алып, атамыздың өмір жолынан сыр шерткелі отырмыз.
Бір Алладан хабар келсе өлмейтін жан жоқ бұл фәниде. Дәм-тұзымыз таусылған күні мәңгілік дүниеге кете барамыз. Жуырда ғана ағамызды еске алып, бір мақала жазсам деген оймен хабарласып қояйын деп, телефон шалған болатынмын.
-Ой, айналайын Ақынбысың? Аман-есенсің бе? – деп қоңыр дауысымен хал-жайымды сұраған еді. Менде көптен бері хабарласа алмай кеткеніме кешірім сұрап, ағамыздың қал-ахуалын сұрап, ашық жарқын сөйлесіп жатырмын. Сәлден кейін мен ол кісіден кезінде Алматыға алғаш келгенде маған Қаныш Сәтпаев көп-көмегін берді деп бірде айтқанын есіне салып, атақты жанмен арадағы қандай туыстығы бар еді? – деп сұрадым. Ол кісі бірде тоқтап ойланып барып, телефонмен маған бар өмір жолын қысқаша айтып берді. Содан сәл үнсіздіктен кейін «Әй, Ақын, мен ауруханада жатырмын, сәл сырқаттанып қалған едім. Мен туралы мақала жазайын десең Алла разы болсын саған. Ал, суреттер керек болса саған балам Архат хабарласады. Екеуің байланысты боларсыңдар», деді ауыр дем алып.
Арғы жақтан ағамыздың сәл қарлыққан дауысынан ауырудың қатты мазалап тұрғанын сездім де, ары қарай айта берудің еш қажеті жоқ екенін сезіп жылы қоштасып телефонды өшіріп қойдым. Келесі күні ол кісінің өзі хабарласып, Архат саған суреттерді жібереді, баламмен хабарласып аларсың мен айтым қойдым, деді. Осылайша, Ерлік ағамен соңғы рет сөйлескенім осы болса керек. Содан мен мақаламды жазып бітіп, Архат жіберген көне суреттерді салып, Фейсбук әлеуметтік желісіне жария етіп жіберген едім.
Келесі күні Архатқа қайта хабарласып, ол кісінің жуық арада түскен жеке суреттері болса жіберуін сұрап хабарласқанымда, «Әкем кеше түнде қайтыс болды», деген суық хабарды айтқанда, төбемнен жай түсіргендей отыра кеттім. Ой, жалған дүние-ай, бескүндік берілген өмір-ай, десеңші. Жуырда ған сөйлескен аяулы ағамазбен осылайша қоштасып қала беремін деген ой болсашы. Алла маған сездіргендей ол кісіні іздетті, мақала жаздыртты, оны ақпарат көздеріне жария ете бастаған сәтте сүйікті пендесін бақилық дүниеге алып кете барды.
Ерлік ағаны мен көп жылдан бері танушы едім. Ол кісімен қаншама рет СТВ теларнасында тілші болып жүргенімде қаншама рет студияға қонаққа шақырып, келісті сұхбат алған болатынмын. Спорттың, соның ішінде бокстың бүге-шігесін жақсы білетін көнекөз ағамыз әсіресе, бокс тақырыбына келгенде судағы балықтай сезініп сала беретін. Өмірден көргені мен түйгені көп ардагер ағамыздың әңгімесі жарасын тауып кете баратын.Тыңдай бергің келеді, тыңдай бергің.
Енді қазақ боксының іргесін қалауға орасан үлесін қосқан марқұм Ерлік Мәукейұлы Жарболовтың өмір тарихынан сөз етсек. Ерлік атамыз қазақтың домбыра ұстап, сұлу табиғатын талай ақын-жырауға тұздық болған, қасиетті құтты мекен Баянауыл өлкесінде туып өскен еді. Балалық балдәуренін Ерлік атамыз Павлодар облысы Баянауыл ауданының С.Торайғыров ауылында өткізеді. Аттары Алаш қана емес, әлемге аян болған көптеген біртуар азаматтарды дүниеге әкелген қасиетті мекенде Ерлік атамыздың да дүние есігін ашып кіруі кездейсоқтық емес деп ойлаймыз. Жер жанаты Баянауылдың топырағынан 20-дан аса академик, ғалым, генерал, жазушылар шыққандығы елге белгілі. Солардың ішінде Мәшһүр Жүсіп, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Сағи Жиенбаев тағы басқа да аттары жер жарар тұлғалар бар. Ерлік ата балғын бала күнінен екі нәрсеге қатты әуес болып өсіпті. Бірінші көгершін ұстау болса, екіншісі спорт.
Қасиетті жердің құдіреті бойына қонған Ерлік Мәукейұлы өсе келе әкесінің жетелеуімен Алматыға оқуға келеді. Ол да бір қызыққа толы оқиға екен. Ауылдағы мектепті жақсы оқып жүріп, спортқа ерекше көңіл бөліп айналыса жүрген қайсар бала жұдырықтаса кеткенде жеңбей қоймайтын батырлығы бірге шыға бастайды. Мектепті жақсы бағамен бітірген баласының болашағын ойлап, алаңдаған әкесі қалайда жоғары оқу орнына апарып түсіруді мақсат етеді. Өйткені, денсаулығының күн санап нашарлап бара жатқанына алаңдаған Жарбол қария жалын атып тұрған жан баласын қалаға оқытуға бел буып, Алматыға ертіп алып шығады. Сонымен, Жарбол қария баласын алып келіп, Екінші вокзалдан түседі. Қаланы алғаш көрген ауыл баласына айнала бәрі таңсық бәрі ғажап болып көрінеді. Зәулім салынған үйлерді көргенде қызыға қарап таңғалады. Иә, ауылдағы аласа салынған жер тамдармен салыстырғанда қаланың үйлері пейіштің сарайындай биік, әсем. Ерлік аздап орысша білгендігінің арқасында туған жиені, атақты ғалым Қаныш Сәтпаевтың Пушкин көшесінде орналасқан жұмыс орнын көп қиналмай іздеп тауып барады. Ғалымдар үйіне жеткен соң, есіктен кіреберістегі күзетші адамға мән-жайды түсіндіріп айтады. Күзетші қария кісі екен, олардың іздеп келген адамының жеке кабинеті екінші қабатта орналасқандығын айтып, әкелі бала екеуін екінші қабатқа жол сілтейді. Содан екеуі тас текпіршектер арқылы жоғары көтеріліп барып, Қаныш Сәтпаевтың кабинетіне келіп кіреді. Атақты ғалым жұмысында жоқ екен. Олардың күту керектігін ойлап, жағалай тұрған былғарыдан жасалған жайлы орындықтарға келіп жайғасады. Біраз күткеннен кейін атақты ғалымның өзі де келіп есіктен кіреді. Қазақ КСР Ғылым академиясының ұйымдастырушысы әрі оның тұңғыш президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевты сол жылдары Қазақстан ғана емес, алыс-жақын елдерде білмейтін адам кемде-кем болатын. Қаныш Имантайұлы Кеңес Одағының және Қазақстанның металлогения мектебінің негізін қалаушы, қазақтан шыққан тұңғыш академик. Осындай атақты жанға Ерлік Мөңкейұлының туыстығы болашағына зор септігін тигізеді.
Қаныш 2 жасқа келгенде анасы Әлима 33 жасында қайтыс болады. Сол кезде Ерліктің әкесі Мәукейдің туған қарындасы Нұрым апай бала Қанышты қойнына басып, тумаса да туғандай болып, аналық мейіріммен бағып қағып өсірген екен. Имантайдан Бөкеш және Қаныш деген екі ұл дүниеге келген. «Жүйрік болар тұлпарды құлын кезінен тануға болады», демекші, атақты ғалым бала кезінен-ақ, Баянауыл өңірін аралап, асыл тастарды жинап, оған қатты қызығушылық білдіргенін Ерлік әкесінен талай рет естісі керек.
Хош, сонымен көптен бері көріспеген туыстар құшақтасып, қауышып есік алдында біраз тұрып қалады. Сосын Қаныш Имантайұлы әкелі балалы екеуін ішке кіріңдер деп ишарат білдіреді. Кабинеттің ішінде ұзыннан ұзақ созылып жатқан столдың үстінде түрлі-түсті тастар қойылған екен. Ел-жайды сұрастырып болғаннан кейін Ерліктің әкесі баласын таныстыра отырып, оны осында оқуға алып келгенін, өзінің осы балаға бір көмек қолын тартуын айтып барып тоқтайды. Мән-жайды түсінгеніп, Қаныш Имантайұлы өзінің көмекшісі Тасболат деген жігітті шақырып алып, қонақтарды үйіне апарып орналастыруын айтады. Ғалымның үйіне келгеннен кейін жол жүріп шаршаған олар, біраз серігіп алады. Әлгі Тасболат осы арада дүкендерді аралап қонақтарға таза киімдер сатып алып келіп қойған екен. Елден келген қонақтарға су жаңа киіс киімдерін алып келген екен. Әке мен бала ескі киімдерін тастап, туысы Қаныш Сәтпаевтың сатып әперген су жаңа киімдерін үстеріне киіп алып қалалық болып шыға келеді. Көп ұзамай белгілі ғалымның өзі үйге түскі асқа келеді. Барлығы тамақтанып алғаннан кейін қонақ бөлмесіне кіріп, бала Ерліктің болашағы туралы әңгіме өрбітеді. Енді осы тұста Ерлік ағамыздың аузынан естіген әңгімеге құлақ түрсек.
Қаныш Имантайұлы Ерліктің орта мектепті бітіргені туралы құжаттарын қарап шығып, «Әй, мына бала жақсы оқыпты ғой. Қандай иниститута оқуға ниетің бар, – деді маған бұрылып қарап. Сонда мен:
–Физкультурныйды оқуға келдім деп жауап бердім. Осы кезде әкем сөзге араласып, бұл төбелеске жақын, одан да пайдасы Қаныш ағаң сияқты инженер, геолог болатын оқуды айтпайсыңба? – деп маған алара қарады.
–Әй, ақсақал, қазір бізде мықты спортшылар жетіспейді. Қатардағы жаман инженер болғанша дарынды спортшы болып аты шығып жатса, одан артық не бар деп, Қаныш Имантайұлы өз ойын білдірді. Сосын маған қарап:
–Ал жарайды бала, онда ертең сен 28 Панфиловшылар саябағының бұрышында орналасқан сол институтқа бар. Мені Қаныш Сәтбаев жіберді де.
Сонымен келесі күні мен Советский 22 деген үйді тауып барып, Деншынықтыру иниститутының ректоры Хамза Мұхамеджановтың қабылдауында болып, бар жағдайды айттым. Ол кісі Мақсұт Омаровты шақырып алып, мені былайша айтқанды табыстап тұрып:
–Бізде ауылдан келген балалар жоқтың қасы еді, соншама шалғай жерден осы оқуға келіп отырған бұл баладан жақсы маман шығатын шығар, жолың болсын деп менің қолымды алғаны есімде қалыпты. Ал Мақсұт ағаны сонда бірінші көруім еді. Мақсұт Омаров қазақ боксының негізін қалаған Шоқыр Бөлтекұлының төл шәкірті, 1959 жылы өткен КСРО халықтарының екінші спартакиадасында күміс жүлдені жеңіп алған талантты былғары қолғап шебері. Сол жылдары бокстан Г.Рожков, Е.Хасанов, М.Хайрудтинов, А.Кадетов, В.Каримов, Ә.Нұрмақанов, С.Әбдінәлиевтердің есімдері елге жақсы таныла бастаған кез. Сондықтан да Мақсұт ағадай ата белгілі бокс шеберін көзіммен көріп, қолын ұстағаныма қатты қуанған едім. Арманым орындалар сәттер жақындаған сияқты деп ішімнен тәубе етіп қойғаным есімде.
Сонымен емтиханды жақсы тапсырып, оқуға түстім де кеттім. Алғашқы студенттік ауылшарушылық жұмысын Мақтаралда өткізіп қайттық. Содан күзде оқу жылы да басталып, армандаған Деншынықтыру иниституының студенті болып шыға келдім. Көп ұзамай жатақхана алдым. Бірде студент достарымнан Әбдісалан Нұрмақанов бокстан топ жинап жатқанын естіп, барып жазылдым. Осылай атақты боксшының үйірмесіне түсіп, нағыз боксшы қалай болу керектігінің әліппесін үйреніп, тәртіпке көп мән беретін ардагер спортшының үлкен мектебінен өттім десе болады. Бокспен айналаса жүріп Қазақстан біріншіліктерінде де бағымды сынап, жүлдегер де атандым. Ал 1965 жылы отбасын құрдым. Негізі мен ауылдан келген соң ауыл жаққа бүйрегім бұрып тұратын әдетті алла тағала маған теліп берсе керек. Алматыдан мен 1966ж Паволдарға бокстан облыстың аға жаттықтырушысы болып қызмет бабымен кетіп қалдым. Осы өңірге келіп жұмыс істеген 3 жылдың ішінде Республикамен қатар, Кеңестер Одағының көлеміндегі жарыстарда топжарған талантты бірнеше былғары қолғап шеберлерін дайындап шығарғаным өтірік емес. Мысалы, Бақытжан Қанапиянов, Болат Әбдірахманов және Ғаділбек Садырбаев, Бауыржан мен Талғат Бердібековтер секілді таланттарды үлкен бокс аренасына алып шықтым. Жалпы мен үлкен спортта жүрген уақытымда бокстан бес бірдей спорт залын ашқан екенмін. Оның екеуін Павлодарда болса, үшеуін Алматыда ашып, қаншама жас таланттарды тәрбиелеп қанатын қатайттым. Менің жанымда жүрген інілерім, айталық, Тұрсын Еділовтің шәкірттерінің бірі Бақыт Сәрсекбаев Олимпиада ойындарында чемпион атанды. Сол секілді мен басшылық еткен спорт мектебінің түлегі Элеонора Әбутәліпова әлем чемпионы болып, Қазақстанның атын әлемге танытты. Иә, бапкерлік оңай мамандық емес. Талғат Бердібеков пен Дәулетбек Ғазизов секілді шәкірттерімнің де балалары бірталай биік белестерді бағындырды. Топ баланың арасынан нағыз хас шеберді дайындап бөліп алып шығу үшін, қаншама күш жұмсалып, жүйкең жұқаратыны мәлім. Бірақ, ешқашан игілікті іс үшін төккен тер, қылған еңбегің еш кетпейді мен соған сенемін. Сол жылдары менің өңір спортындағы өрелі жұмысым Спорт министрлігінің назарына іліксе керек. Бір жолы ел спортының тізгінін ұстаған Каркен Ахметов мені Алматыға ауысып келуімде сұрады. Осылайша, Алатаудың бауырындағы қайталанбас қызықты студент шағымды өткізген сүйікті қалам Алматыға қайта оралып келдім. Содан бері көп жылдай олимпиадалық спорт мектептерінде директор болып көптеген дарабоз спортшылардың халықаралық, әлем, Еуропа, Олимпиада ойындарының биігіне көтерілуіне барынша күш-жігерімді салып келдім, – деп, Ерлік ақсақал сөзін аяқтады.
Иә, қазақ спортының атан жілігі, ардақтысы, қазақ боксының майталманы, қозғаушысы, көнекөз қариясы, Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Ерлік Мөңкейұлы Жарболовтың қазақ боксындағы еңбегі, қазақ спортының тарихында алтын әріппен жазылып қалатыныны сөзсіз. Сондай-ақ, ардақты ардагер қала мен ауыл спортының арасындағы байланысты жаңғыртып түре жол салған жанның бірі. Ауыл спортын көтеруде де ардагер аға қомақты қадамдар жасап, ол істері өз нәтижесін берген. Мысалы, көптеген ірі турнирлер қала немесе облыс орталықтарында өтетіні белгілі. Осындай заңдылыққа өзгерісті алғаш әкелгендердің бірі Ерлік Жарболов екенін біреу білсе біреу білмес. Сол кездері көптеген жандар сын айтқан екен. Бірақ, бір айтқанынан қайтпайтын қайсар жан, ауыл –аймақтарда ірі жарыстарды өткізуін бірде тоқтатпаған. Қайта керісінше, тіпті шалғайда жатқан ауыл, аудандарға ат басын жиі бұрып отырған. Сондағы бар мақсат ауыл балалары да дүбірлі бокс жарыстарын көріп талабы оянар деген үміт болса керек.
Ол ісінің жемісін ардагер спортшы алдағы жылдардан көреді. Сонымен қатар, Ерлік аға сонау 1982 жылы тұңғыш рет бокстан Алматыдағы орталық циркте Кеңес Одағының екі мәрте батыры Т.Бигелдинов атындағы халықаралық жарысты ұйымдастыруға мұрындық бола білген. Талай-талай таланттарды елге танытқан сол бір байрақты сынды бокс ардагері 8 жылдай үзбей өткізіп, дәстүрлік жарыстың біріне айналдырған адам. Балалар мен жасөспірімдерді Олимпиадалық даярлау орталығының директоры болып жүрген жылдары 16 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 67 спорт шебері, 199 спорт шеберлігіне үміткерлерді дайындап шығарған екен. Міне, айта берсең еңбегі бір түйеге жүк артқандай ардақты жан артына өлместей, өшпестей мұра қалдырып кетті. Қазақ еліне дарынды мамандарды оқытып шығарып отырған алтын қолды ұстахана іспеттес қазақтың Ұлттық спорт және туризм академисының құрметті профессоры, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы, Ұлттық дәрежедегі төреші, Ерлік Мөңкейұлы көпжылдық тәжірбиесін болашақ қазақтың жастарына соңғы демі таусылғанша беріп өтті. Құрметті спорт ардагерінің жас ұрпаққа берері әлі жетер еді. Өмірлік жары Сара апаймыздан туған үш баладан 8 немере, 8 шөбере сүйіп, бақытты қария осылайша мәңгілік өмірге кете барды. Қазақ боксы ауыр қазаны басынан кешіріп отыр. Қазақ боксының дамуына сүбелі үлес қосқан, айтулы тұлға, марқұм Ерлік Жарболовтың өмір жолынан әңгіме түйінін аз да болса тарқатқандай болдым.
Ерлік атамыздың арманы да бар еді. Ол – Алматыда көптеген бокс кешендерін салу болатын. Қазақстан бокстан әлемдегі көшбасшы мемлекеттердің бірі екені анық. Сондықтан да бокс сарайларының қатары көбейсе, таланттарымыздың саны да арта түсер еді, дегенді жиі айтушы еді асыл атамыз.
Сөз соңында орыс халқының ұлы ақыны С.А.Есениннің: «Өмірін арпалысқа бағыштаған,Ұлы мұрат қорғаудан қалыспаған. Аяулы ардагерге бас иемін», деген қанатты өлең шумақтарымен аяқтасам деймін. Бұл өлең сөздері қазақ боксының дамуына орасын үлесін қосқан, ардагер спортшы Ерлік Жарболовтың рухына арналғандай.
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,
АЛМАТЫ