• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Асқар тау алыстаған сайын биіктейді

    Атам Омар Кенжалыұлы туралы бір үзік сыр

    Бүгін – Ұлы Жеңіске 75 жыл! Иә, біз үшін қан майданда жанын беріп, жаумен соғысқан аталарымыздың жеңісі – Ұлы Жеңіс! Бұл соғысты гитлерлік Германия 1939 жылы Польша территориясынан бастады. Одан әрі ол Кеңес Одағының аумағына ұласты. Мұндай алапат соғыс тарихта бұрын-соңды болмаған екен. Кеңес Одағында 1941 жылы басталған шайқасты Ұлы Отан соғысы десе, кейбір америкалықтар оны «Белгісіз соғыс» деп атады. Ал жалпы тарихта 1939 — 1945 жылдардағы айқас Екінші дүниежүзілік соғыс болып қалды.

    Бұл соғысқа миллиондаған отандастарымыз секілді қазақ жерінен менің бабам Кенжалы Жалмағамбетұлы мен оның ұлы, атам Омар Кенжалин, бабамның інілері Сералы, Ералы, Оспан, Қали, Кенжебай Жалмағамбетұлы да қатысқан. Арғы атам Кенжалының анасы Бəтима әжем осының бәрін уайымдап өткен екен. Ол соғысқа барлығын шығарып салған соң, енді кезек өзінің немересі, менің атама келгенін естігенде сол уайымнан қара жолда құлап, содан төсек тартып, тұра алмай қалыпты. Әкем соның бәрін білетін. Ол маған аталарымыз туралы жиі айтатын. Олардың бәрі хат таныған, оқыған, сауатты болған дейтін. Ал соғыстан осылардың ішінде Ералы, Кенжебай Жалмағамбетұлы мен атам Омар Кенжалыұлы оралған.

    Атам 1925 жылы 18 мамыр күні дүниеге келіп, 1993 жылы 12 ақпан күні қайтыс болған (pamyat-naroda.ru сайтында көкем 1917 жылы туған деп жазылған. Оқушы кезімде әкем: «Біздің көкем соғысқа жасын үлкейтіп барған», деген еді. Сол есте қалыпты).

    Мен бала кезімде атамның қолында өскендіктен оны «Көке» деп айтатынмын. Ол 1943 жылы әскер қатарына шақырылып, 2-Беларусь майданындағы №1213 әскери бөлімшесі құрамында неміс-фашист басқыншыларына қарсы соғыс қимылдарына қатысты. Майданда ауыр жарақаттанып, 1944 жылы 30 наурыз күні әскер қатарынан босатылды. Ұлы Отан соғысына қатысқандағы ерліктеріне орай бірнеше орден-медальдармен марапатталған. Майданнан елге оралған ол Аманкелді ауданының шаруашылықтарында еңбек етті. 1946 жылы Қостанайдағы облыстық ветеринарлық фельдшерлер дайындайтын мектепке түсіп, оны ойдағыдай аяқтаған. Ал, 1950 жылы Қостанай ауыл шаруашылық техникумында оқып, мал дәрігері-зоотехник мамандығын алып шықты. Осы жылдардан бастап оның еңбек жолы Аманкелді, Арқалық аудандарындағы мал шаруашылығын өркендету мәселелерімен тікелей байланысты болды. Қайда еңбек етсе де, өз ісіне деген адалдықтың үлгісін көрсетіп жүрді. Кішіпейілділік пен қарапайымдылық оның өмірлік өлшемінің басты қағидасы еді. Үлгілі әулиет иесі атанып, ұрпақ өсірді. Жан жары, Ардақты ана Ұлмекен Кенжалина екеуі бала тәрбиесіне айрықша көңіл бөлді. Отаншыл, елжанды ұл-қыз өсіруге күш салды. Өмірінің соңғы жылдарында Қайыңды ауылдық байланыс бөлімшесінде еңбек етіп, зейнетке шықты.

    Көкем мен апам «Ардақты Ана» алтын медалінің иегері Ұлмекен Төленқызы екеуі 14 баланы тәрбиелеген. Әкем Жұмабек Кенжалиннен кейін Бейсенбек, Дүйсенбек, Ғалияш, Мәрияш, Жұмағазы, Зәлияш, Сәнияш, Фараби, Еркебұлан, Айнаш, Гүлбаһрам, Гүлбаршын мен Дәурен деген інім болған. Осылардың ішінде Бейсенбек пен Дүйсенбек ағаларым, Мәрияш пен Айнаш тәтем, Дәурен інім өмірден ерте кетті. Ал әкем 2017 жылы 62 жасында қайтты. Ол елімізге белгілі журналист, жазушы, публицист, қоғам қайраткері болды. Еліміздегі бірнеше газет-журналды басқарып, бірнеше басылымның басын біріктірген «Қазақ газеттері» АҚ президенті болып қызмет етті.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН

    (pamyat-naroda.ru сайтында көкем туралы шағын ақпарат)

    (Апам Ұлмекен Төленқызы мен көкем Омар Кенжалыұлы)

    (Көкем Омар Кенжалин мен әкем Жұмабек Кенжалин)

    (1970-ші жылдар)

    (1980-ші жылдар. Сол кезде Жеңістің 50 жылдығын көрсем деп еді)

    (Бұрынғы Торғай облысы Арқалық ауданына қарасты «Қайыңды» қой совхозының Ұлы Отан соғысына қатысқан бір топ ардагерлері. 1980-ші жылдар. Көкем бірінші қатарда солдан оңға қарай екінші отыр. Екінші қатарда солдан оңға санағанда бесінші болып Кенжебай Жалмағамбетұлы атам тұр)

     

     

     

     

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *