• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Су добының саңлағы

    Қазақ спорты тарихында су добынан ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп, сонар биікке шыға білген спортшылар саусақпен санарлық. Солардың бірі, бірегейі су добынан халықаралық деңгейдегі спорт шебері, Қазақстанға еңбегі сіңген спорт шебері, Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Асқар Оразалинов. Асқардың су добы спортында жеткен жетістіктері бір түйеге жүк артқандай жетерлік.

    «Қасқа биеден қасқа тумаса да төбел туады», деген жақсы бір айтылған сөз бар. Ол енді жақсының жақсы болуы тегіне де қатысы бар деген мағына болса керек. Негізі, ғалымдардың пайымдауынша, да сол тектіліктің түбі адамның генетикалық түп-тамырына тікелей  байланысы бар деп айтады. Келісуге себеп жетерлік. Иә, бұл үлкен ғылыми мәселе екені белгілі. Дегенмен де меніңше, адам баласының жақсы жағынан қарағандағы мінез-құлқы, түр-түсі, батырлығы, адамгершілігі, адалдығы тағысын тағы түрлі ерекше қасиеттері сол бабаларынан жалғасып келе беретін сияқты. Бұл айтып отырған сөзіме бір мысалды келтірудің жөні түсіп отыр. Келтірі кетер дәлелім су добының саңлағы Асқар Оразалиновке туралы болмақ.

    Асқар бойында бабаларынан қалған қайсарлық, батырлық, адалдық деген айырықша қасиеттер қалыптасақан азамат. Әкесі Сабалақ Оразалинов Ұлы Отан соғысы кезінде фашистердің тоқтаусыз атқылап, қызыл әскерлерді шыбындай қырып жатқан айдаhардың аузындай дзотын кеудесімен жауып, ерлік көрсеткен екен. Ол кісі өз естелігінде: «Мен атқылап жатқан дзотқа қарай соңғы күшімді жинап жүгірдім, құлағымның түбінен зуылдаған оқтардың дыбысын естідім. Бар күшімді жиып, қолымдағы жарылғышты лақтырдым да дзотты кеудеммен барып жауып құладым. Содан кейін не болғаны есімде жоқ. Барлығы мені өлдіге санаса керек көрер жарығым бар екен, арада 15 күн өткенде барып бірақ есімді жинадым», деп жазады.

    Сабалақ атамыз соғыстан кейінгі ауыр жылдары 7 баласын елден кем қылмай асырап, теміржол саласында зейнетке шыққанша  ерен еңбек еткен жан болған. Батыр атамыз 1925 жылы дүниеге келіп, 1988 жылы бақилық өмірге өткен екен. Оның ерлігі Александр Матросовтан кем емес. Тек айырмасы Александр Матросов Кеңес Одағының батыры да ал біздің атамызды ол марапатқа лайық деп таппаған. Әрине, сол кездегі орыстардың батыр тек орыс халқынан болуы керек деген шовинистік ойлары да болуы әбден мүмкін ғой. Әйтпесе, Бауыржандай хас батырдың ерлігін біле тұра қаншама  рет батыр атағын бермеудің амалдарын қарастырып шеттетіп келген ғой. Ақыры Бауыржан Момышұлы атамыз дүниеден озғаннан кейін, еліміз егемендік алғаннан кейін барып, батыр атағы берілді. Әрине, көзі тірісінде бермеген сол кездегі қисық-қыңыр саясатқа қалай ғана күйінбейсің. Сондай-ақ, Сабалақ Оразалинов те батырға сай ерлік көрсетсе де батыр атағы берілмеген. Ол кезде  бір жапырақ қағаздың тағдырын тек КСРО президумының алакөзді бюро мүшелері ғана шешіп отырған ғой. Сабалақ атамызға да солай батыр атағы берілмей қалған. Иә, уақыт өз батырын өзі тауып тарих бетіне шығарды.

    Сабалақ атамыздың бел баласы Асқар Оразалинов бейбіт өмір кезінде дүниеге келіп, спорт саласында толағай табысқа қол жеткізген нағыз жеңімпаз. Су добынан Кеңес Одағы құрамасының сапында ойнаған қазақтың талантты ұлы. Асқарды әкесі 12 жасында  Оқушылар сарайындағы су спорты үйірмесіне алып келеді. Алғашында жүзу үшін жасөпірімдерге берілетін талаптарды орындай алмай қалады. Келесі күні қайта барғанда, сол жерде балаларды су спортына қабылдап алып жатқан бапкердің назарына түсіп бірден үйірмеге алынады. Осылайша, бозбала Асқар өзінің көңілі қалаған спортқа 1973 жылы бозбала шағында келіп, алдымен Валерий Александрович Иншаковтың, сосын Л.Смолеевтың қарамағында жаттығуын шыңдап, алға қойған мақсаттарына біртіндеп жете бастайды. Алғашқы жеңістері қала бойынша өткен жарыстарда жеңіске жетіп, жұлдызы оңынан  жарқырай бастайды. Жарыс сайын ширыға түскен талантты жас сол кездегі  аты дүркіріеп тұрған «Динамо» командасына келуі оңайға соқпаса керек. Ол кезде «Динамоның» дүбірі  Кеңес Одағы көлеміне шығып тұрған кез. Жасөпірімдер арасында тамаша жетістікке жеткен жалынды жасты командаға алмау мүмкін емес еді. Асқар өзін талантты ойыншы ғана емес, алдыңғы буынды атақты ағаларының алдында өзін төмен көрсетпеу үшін бар шеберлігін аямай тартысты ойын көрсете бастайды. Команда бір бүтін организм секілді екені анық. Команданың негізі бөлшегі  болу үшін жанын салып жаттығу арқылы өзін мойындата білген. Голландия елінде 1980 жылы өткен Еуропа чемпионатында тамаша өнер көрсеткені үшін «Динамо» командасының негізі ойыншысы атанып, қана қоймай, сол жылы КСРО құрама командасының сапына үздіксіз еніп отырады. Асқар командалық деңгейде екі мәрте яғни, 1981 – 1982 жылдары КСРО чемпионы атағын жеңіп алса, 1984 – 1986 жылдары күміс жүлдегер, 1980, 1983, 1985, 1987, 1988 жылдары айтулы Кеңес Одағы чемпионатының қола жүлделерін жеңіп алған. Алғашында алматылық командаға мұрын шүйіріп қараған Одақтың белді жасақтары бара-келе Кеңес Одағының құрамасына қарсы спаринг-қарсылас ретінде шақырып жаттығу жасаған екен. Сол кезде өзінің жеке су алабы жоқ команданың осындай Кеңес Одағының марқасқа командаларын тізе бүктіріп, өздеріне құрметпен қарауына мәжбүр етуі ерлікпен пара-пар еді. Алматыдағы бас командағы ізбасарларды «Медеу» секілді бірінші лигада ойнайтын командалар беріп тұрған екен. Асқар Кеңес Одағы құрамасының сапында Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына аттануына аз уақыт қалғанда, Алматыда өткен сол 1986 жылдағы Желтоқсан оқиғасына қатысты командадан шеттетіп тастайды. Иә, жұлдызы жарқырай түскен таланттың алдын орап, оның орнына басқа өз адамдарын құрамаға кіргізуіне олар үшін зор мүмкіндік ашылса керек. Дегенмен де «Алтын күлдің арасында жатса да жылтырап жатады», демекші, су добының саңлағы 1980-1989 жылдары Кеңес Одағының ең үздік ойыншысы атағына ие болған екен. Асқар бойы ватерполшыларға сай биік, иықты, денелі болмаса да табиғи Алла берген талантты ойыншы екенінде дау жоқ. Мысалы, суда өзін бейнебір балықтай сезіне отырып, атанжілікті қарсыластарын әбжіл қимылмен алдап өтіп, пас беріп, не болмаса қақпаға соғатын доптары міндетті түрде нәтижесін беріп отырған. Асқардың өзі осындай хас шеберліктің қайдан келгені туралы сұрасаң:

    –Алланың  берген маған сыйы шығар, осы спорт түрінде бар шеберліктерді аша білуге мүмкіндік берген, деп айтып қояды. Иә, расымен де  солай шығар. Өйткені, су добының сұңғыла спортшысы, олимпида чемпионы Сергей Котенко: «Мен осы спортта үлкен нәтижемен шыңына жетсем де, кей кезде Асқар  жасайтын  кейбір айла-тәсілдерді жасай алмаймын», деп таңғалған екен.

    Асқар 1985 жылы Қазақтың Мемлекеттік денешынықтыру және спорт институтын тәмамдам, жоғары білімін шыңдап алады. Сонымен қатар, дарынды спортшы 1982 жылы КСРО кубогының иегері атанған.  Ал, әлемдік деңгейде, КСРО құрамасының сапында 1985 жылы ересектер арасында  Еуропа чемпионы атанса, жастар арасында 1980 жылы Еуропа чемпионатының күміс медаліне қол жеткізген құзар биігі болып саналады. Осы алған жүлделерге 1983-1985 жылдары Универсиада ойындарында алтын медальдарын қосуға болады. Сонымен қатар, жеңіс үшін жанын салатын, қазақтың намысты қайсар ұлының Азия аймағында жеңіп алған алтын жүлделерін айта кеткен орынды болар. Мысалы, 1995 жылы Азия чемпионы атанса, 1994, 1998, 2002 жылдары Азия ойындарының чемпионы болып танылады. Әр спортшының асқар арманы ол әрине, Олимпида ойындары мен әлем чемпионатын жеңіп алу екені белгілі. Асқар 2000 жылы ұлттық құрамамен Аталанта Олимпиадасында  бағын сынау құрметіне ие болса, 1994-1998 жылы әлем чемпионаттарына қатысып, ел намысын қорғаған спортшы. Кезінде, Асқардың су добының хас шеберлігіне тәнті болған шетелдік мамандар өз командаларынан қазақтың талантты спортшысын көру жолында жұмыс жасаған екен. Айталық, дарынды ватерполшы Венгрия, Голландия және Испания мемлекеттерінің белді клубтарының қатарында  ойын көрсетіп, тамаша жетістіктерге жеткен. Су добынан Еуропаның маңдайалды командаларында ойын көрсетіп,әбден тәжірбиесі толыққан шағында елге оралып, ұлттық құрама командамыздың сапында су добынан Азия өңірінің үздіктері қатарынан көрінеді. Бапкерлік қырынан да сүлейі толағай табыстармен елді қуанта білген. Айталық, ұлттық құраманың тізгінін ұстаған 2000-2008 жылдары ватерполшылары Азия аймағында салтанат құрғаны белгілі. Еліміздегі су добының дамуына қосқан үлесі үшін Асқар Сабалақұлы 2002 жылы  Құрмет орденімен марпатталды. «Батырдан батыр туар», демекші, әкесі Сабалақ соғыс кезінде оқтары жауып тұрған дзотты кеудесімен жауып батырлық істесе,туған ұлы, дарынды спортшы Асқар бейбіт өмірде үлкен спортта артына сара жол сала білді.

    Бүкіләлемдегі Мұсылман мемлекеттерінің Сауд Арабиясында өткен Ислам ойындарына барған сапардан естелік.

    «Меккеде 53 мұсылман мемлекеттерінің аламан ойындарының ашылуы болатын еді. Бұл аламан жарыс спорттың 15 түрінен Жидда , Мекке, Мәдина,Тайф секілді қалаларында жалауан көтеретін болды. Осылайша, әлемдік деңгейде бас қосқан Ислам елдерінің дүбірлі ойындарынына барып қайтқан едік.

    Жарыс басталғаннан бастап қазақстандық спортшылардың қарқыны өтте қатты болған еді. Спорттың әр түрінен барлық алаңдарда өтіп жатқан сындарда еліміздің  намысын қорғаған саңлақтарымыз барын салып жүлделі орындарды ешкіммен бөліспеуге тырысты. Әсіресе, су добынан Қазақстан құрамасын осы елге бастап келген, су добының аты әйгілі маманы, ардагер спортшы Асқар Оразалиновтың командасы ең азулы команданың бірі Иранды 5:3 есебімен жеңді. Гол соққан сұрмергендердің төртеуі де қазақ жігіттері екен. Осындай бір сүйінші хабарды естіп, көңіліміз біраз көтеріліп қалды. Қазақ бауырларымыздың жеңісті қадамдарына әбден риза болдық. Асқар мырзаға өткен Олимпиада ойындары аяқталғанда бір жолыққаным бар. Сонда «Асеке, қазақ жігіттерін өзің сияқты неге су добына тартпайсың», деп бір жағына өкіне отырып, өтініш айтқаным бар еді. Сол олқылықты Асқар бауырымыз ескерген екен. Сауд Арабиясына командасының жартысынан көбін қазақ жігіттерінен жинап алып келіпті. Көңіліміз марқайып, қуанып қалдық. Медаль алмаса да су бетінде шаштары қарайып допқа таласып жүрген қазақ жігіттерін көру мен үшін зор қуаныштың бірі еді. Жігіттер жарады. Олар қатысу үшін ғана емес, жоғары медальдардан үмітті екенін айқын да шебер ойындарымен көрсете бастады. Сондықтан да жүректің түбінен үміт оты қылау бергені анық.

    Су добынан Асқар Оразалинов бастаған еліміздің жастар құрамасын Әзірбайжан командасы күтіп тұрды. Білек күші бұлқынып, жүректері жалын атқан, ер намысты жігіттеріміз Апшерон түбегінің өкілдерін 10:3 есебімен ойсырата жеңді. Гол соққандардың ішінде  Асқар Оразалиновтың туған баласы мен інісі және Рүстем Үкіманов, Әділ Темірханов сынды су добында жұлдыздары жанып келе жатқан жас қазақ жігіттері бар еді.  Келесі күні отандастарымыз осы Ислам ойындарына келген командалардың ішіндегі ең салмағы зор сақасы Египет құрамасымен кездесетін болыпты. Иә, мысырлықтар оңай алынар қамал емес. Біздің жігіттерге жақсы бір тактикалық ойын үлгісін Асқар бауырымыздың жасап шығатынына сендік. Осылайша, көтеріңкі көңіл-күймен жатар жайымызға оралдық.

    Сонымен кешкісін Қазақстан құрамасы азуын айға білген мысырлықтарға қарсы ойынға шықты. Египет командасының орта жастары 25-33 аралығы болса, біздің команда  18-19 аралығындағы өрімтал жастармен жасақталған еді. Жанкешті  басталған ойынның алдыңғы кезеңі 8:8 есебімен тең аяқталса, екінші кезеңде дәл сондай есеппен шегіне жетті. Кездесудің шешуші кезеңінде тәжірбиесі көп Египет ойыншылары 9:8 есебімен жеңісті жұлып әкетті. Дегенмен де команда құрамында барын салған 5 бірдей қазақтың жалынды жас жігіттерінің ойын өнеріне әбден тәнті болдық.

    Сонымен, су добынан өткен жарыс қортындысында Қазақстан құрамасы күміс медальге ие болса, бас жүлдені Египет, үшінші орынды Сауд Арабиясының құрамасы иеленді.  Су добына ерекше тоқтала өткенім, өйткені өзге спорт түрлерінің ішінде өзімнің қаракөздеріміздің атойлап намысқа тырысып белгілі жетістікке жеткен қазақтарымның көп болуын жасыра алмаймын. Сондықтан да жеңіс биігіне көтеріліп шыққан барша команда құрамында бастары қарайып қазақ жігіттерінің толып тұруы мен үшін шексіз қуаныш әрі мақтаныш еді. Жалпы, отандастарымыз айтулы әлемдік деңгейдегі байрақты жарыста жаман өнер көрсеткен жоқ.  Мысалы, су спортының өзінде 13 алтын медальді жеңіп әперген жастарымызға алғысымыз шексіз болғаны анық. Ол деген ел спортындағы үлкен жетістіктің бірі деп бағалаймын. Хош, сонымен қасиетті жермен қимай қоштасып, туған елге атанып кеттік».

    Иә, бұл сол Сауд Арабиясында өткен Бүкіләлемдік Ислам ойындарына су добынан Асқар Оразалинов бастап барған Қазақстан құрамасының тарихи жеңісі деп айтар едім. Өйткені, команда  сапында  5 бірдей қазақ жігіттерінің ойнап қана қоймай әлемдегі Иран, Мысыр секілді үздік құрамаларға қарсы тамаша ойын көрсеткіндігі есімізден мәңгі кетпес, сірә. Барды бағалай білген орынды болар. Бүгінде сол Асқардай асыл азаматты ұлттық құрамаға қайта шақырып, әлі де болса толағай табыстарын көрер едік. Бірақ біздің спорттың құлағын ұстағандар айбынды, ардагер спортшыларға мұқтаж емес секілді. Сол жағы өкінішті. Тәжірбиелі ардагер мамандарды шеттетпей керісінше, кеңесші ретінде болса да ұлттық құрамаларға  алса, олардың айтары да жастарға үйретері де әлі жетерлік деп білемін. Асқар Оразалинов, Сергей Котенко, Меңдғалиевтер секілді су добынан «Динамо» құрамында шоқ жұлдыздардан жасақталған әйгілі жандармен иық тіресе өнер көрсеткен талантты тұлғаның бай ойын тәжірбиесіне су добынан ұлттық құрама команда әлі де зәру екенін ұмытып кетпеген жөн шығар. «Айта, айта Алтайды Жамал апам қартайды», демекші, осы спорттың  жілік майын шаққан аты көпке танымал, әйгілі су добының саңлағы Асқар Оразалинов бүгінде биатлон спортына  ауысып кеткен екен. Бұған не себеп болғаны айтпаса да түсінікті шығар. Әйгілі маман қайда жүрсе де жүрегі мен жаны су добы спортының қазіргі жағдайын қатты ауыратынын айтады. Қазіргі су добының тоқырауды басынан өткізіп отырғаны кімге де болса өтірік емес. Қолдан келер шама жоқ. Иә, Қазақстанда су добы спортын дамыту үшін, Еуропа елдердегідей кешенді спорт базалар көп болуы керек. Қазір Алматыдағы бірді-екілі  талапқа сай кешендер ғана бар. Әрине, 2 млн-нан астам халқы бар қалаға бұл әрине, теңізге тамған тамшыдай аздық етері анық. Болашақта Асқардай су добының сайыпқыран қазақ жастарын көргіміз келсе, алдымен практика-методикалық жаттығуларын шыңдайтын халықаралық деңгейдегі кешенді су добы базаларын салуымыз керек. Сонымен қатар, қазір қалаларда дүбірлетіп су судобынан Қазақстан біріншілігінің кескілескен кездесулері өтіп жатқанын естімейтін болдық. Бұл спортқа насихаттың жетсіпейтіні өкінішті. Бұқаралық түрде осы спортпен айналсуға жол ашатын бір механизм әзірге табылмайтын тұр. Мемлекет тарапынан су добына бөлінер қаржы да оңдырмай жатқаны ол бір мәселе. Олимпада, әлем жарыстарына қатысу үшін елдегі су спорты инфроқұрылымына қолдау жасаудан кеш қалмасақ екен. Әйтпесе, сол Кеңес Одағы кезіндегі алматылық  «Динамо» командасының толағай табысын сағына еске алумен ғана бірсыдырғы қалыппен күніміз өтіп, таңымыз атып отыруы әбден мүмкін. Жарқын болашаққа жақсы көзқараспен қарасақ жемісін көретініміз сөз жоқ.

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *