• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Нес-аға!

    Қазақ баспасөзінде спортты айшықты тақырыпқа айналдырған Сейдахмет Бердіқұловтай көрнекті қаламгерден тәлім алғанын мақтан ететін Несіп Жүнісбайұлы бүгінгі таңда өзі де қарымды, қарулы қаламгерге айналды.

    Қалың оқырманы мен шәкірттері Нес-аға деп құрметпен қарайтын қаламгердің шығармашылық қабілеті жастайынан жарқырап көрінді.

    Талдықорған облысының Қаратал ауданындағы «Көпбірлік» ауылында туып-өскен мектептен кейін көп ойланбастан Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Ал әскерден оралған соң арманы мен мақсатына айналған ҚазГУ-ге жол тартады. Журналист болуды қалайды. Сөйтіп 1970 жылы журналистика факультетіне қабылданып, 1975 жылы қызыл дипломмен бітіреді. Жүрегі қалаған мамандықты меңгерген беттен «Лениншіл жас» газетіне жұмысқа қабылданады. Өйткені, жастар газетінің оқырмандарына Несіп Жүнісбаев есімі оның студент кезінен-ақ таныс болатын. Сол кездегі жүз мыңдаған оқырманы болатын «Лениншіл жас» газетінде спорт және әскери-патриоттық тәрбие бөлімін басқарды, редакция алқасының мүшесі, кәсіподақ, комсомол, партия ұйымдарының хатшысы болды. Осы газетте жүріп спорт саласын оқырманның ең сүйікті тақырыбына айналдыра білді.

    1991 жылы Несіп Жүнісбайұлы республикалық «Спорт» газетіне бас редактор болып тағайындалады. Бұл басылымда кеңінен көсілуіне жол ашылды. Тек қана спортты жазып қоймай, спортты мемлекеттік, ұлттық тұрғыда жандандыруға кірісті. Соның бір айғағы егемен елдің футбол чемпионатына қазақ жігіттерінен құралған команда қосуды ойластырып, ол мақсатына да жетті. Ол үшін елдің түпкір-түпкірінен талантты жастарды іріктеу ұйымдастырып, демеушілер тауып, «Намыс» атты команданы Қазақстан чемпионатына қосты. Сол командада ойнаған бірнеше футболшылар кейіннен Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өнер көрсетті. Осыдан кейін Нес-ағаны қалай қайраткер демессің?! Ал соңғы жылдары ұйымдастырып жүрген «Бір атаның балалары» атты футбол жарысы да бұқаралық іс-шараға айналып кетті. Әулет-әулет болып ойнайтын доп додасына өзіміз де қатысып мәре-сәре болғанымыз бар.

    Несіп Жүнісбайұлының штаттағы жұмысынан тыс шығармашылық еңбегі де ұшан-теңіз деуге негіз бар. Олимпиада ойындарына он рет барып, футболдан бес әлем чемпионатына қатысып, жүздеген репортаж, мақалалар ұсынған қаламгерге қазақ оқырманы дән риза екені сөзсіз-ау. Қаламгердің қаламынан туындаған «Үшінші раунд», «Ауылдан шыққан алыптар», «Футболмен тыныстаған Испания», «Әкемнің қамшысы», «Намыс жыртар ұл қайда?!», «Мексикадағы футбол тойы», «Мұстафа Өзтүрік», «Ережесіз «белдесу», «Бас иемін!» атты мағыналы-мазмұнды кітаптары оқырманның олжасына айналғаны да анық. Сонымен қатар, ел егемендігін алғалы ұлттық командамен қатысқан Олимпиада ойындарының шежіресі боп саналатын, орыс тілінде жазылған «Олимпийский маршрут» кітаптарының төрт томы да Қазақстан спортының тарихнамасы іспетті.

    Үнемі бойы сергек, ойы елгезек жүретін Несіп Жүнісбайұлы тек жазып қана қоятын қаламгердің қатарынан жатпайды. Ол спортты ішінен білетін майталманның өзі десек жарасады. 1996 жылы Қазақ денешынықтыру және спорт институтын бітіріп, бапкер-оқытушы мамандығын алған. Тоғызқұмалақ спортынан спорт шебері, республика чемпионы. Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы.

    Несіп Жүнісбайұлы қоғамдық жұмысқа да көп жегілетін азаматтың қатарынан саналады. Әр жылдарда ҚР Спорт комитетінің алқа мүшесі болып сайланды. Халықаралық спорт журналистері Қауымдастығының (AIPS) мүшесі, Азия спорт журналистері Одағының (ASPU) Атқару комитетінің мүшесі, Азия спорт баспасөзі Одағы президентінің кеңесшісі қоғамдық қызметтерін абыроймен атқарды. Азия Олимпиадалық Кеңесінің (ОСА) баспасөз комитетінің мүшесі болған тұңғыш әрі жалғыз журналист. Қазақстан спорт баспасөзі Қауымдастығын құрушы және тұңғыш президенті болды.

    Бір қарағанда қарапайым болып көрінетін Несіп Жүнісбайұлының қазақ баспасөзіне, оның ішінде спорт саласына, ұлт мүддесіне сіңірген еңбегіне қарап қайраткер екеніне көз жеткіземіз. Осы орайда еліне елеулі, халқына қалаулы азаматтың құрмет пен марапаттан кенде қалмасы заңдылық қой. Бұл ретте Несіп Жүнісбайұлының абыройы да асқақ көрінеді. Қазақстан журналистер және жазушылар одағының мүшесі, Баубек Бұлқышев атындағы Журналистер одағы сыйлығының, Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлығының иегері. Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің «Жылдың үздік журналисі» сыйлығының лауреаты.  ҚР Президентінің Алғыс хатымен, Астана қаласының 10 жылдығы, Қазақстан халық Ассамблеясының 20 жылдық құрмет медалімен марапатталған. Алматы облысы және Қаратал ауданының Құрметті азаматы атағының иегері.

    Несіп Жүнісбайұлы 2010 жылы Мемлекет басшысының жарлығымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болды.

    Осыдан тура 70 жыл бұрын қазақтың «Көпбірлік» деген алақандай ауылында дүниеге келген қағылез бала бүгінгі күнде жұлдызы жанған, халқына жаққан қайраткер болып отыр.

    P.S: Баяғыда Нес-аға, 1998 жылы астана Ақмолаға ауысқанда «Ғалымжан астана болдыңдар, енді елдің назары сендерге ауып барады, «Спорт» газетіне астанадан тілші керек, өзің болсаң қайтеді, деп хабарласқан болатын. Содан бәрібір жазатыным спорт қой деп келісе кеттім. Сөйтіп екі-үш жылдай «Спортқа» қызмет еткенім бар. Несаға бірде Алматыға шақырды, келіп кет, газеттің мерекесі болайын деп жатыр, сен біздің қызметкерсің ғой… дейді. Бардым, көрдім, риза болдым.

    Рахмет аға, жасай беріңіз!!!!! Бар болыңыз, нар болыңыз!

     

    Ғалым ҚОЖАБЕКОВ,

    «Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары, Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *