Бокстан 2023 жылғы әлем чемпионаты Өзбекстанның бас шаһары –Ташкентте өтеді. Бұл жайында АИБА-ның президенті Умар Кремлев мәлімдеді.
Осындай маңызды жарыстың Ташкентте өтуі тегін емес. Соңғы кездері айтулы мемлекеттің былғары қолғап шеберлері толағай табыстарға қол жеткізіп жүр. Оны мойындауға тиіспіз. Мәселен, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода алауы тұтанған Олимпия ойындарында 3 алтын, 2 күміс және 2 қола медальді олжалаған Өзбекстан құрамасы жалпы командалық есепте көш бастады.
2017 жылы Гамбургте өткен әлем чемпионатында 6 жүлдені (1 алтын+3 күміс+2 қола) иеленген олар екінші сатыға жайғасты. 2019 жылы Екатеринбургте ұйымдастырылған дүниежүзілік додада 5 рет (3+1+1) жеңіс тұғырына көтерліген «ала тақиялылар» командалық сайыста қайта бірнші орынды жеңіп алды. Осының барлығын ескерген АИБА басшылығы әлем чемпионатын өткізуді Өзбекстанға сеніп тапсырып отыр.
Ташкентке жұмыс сапарымен жүрген Умар Кремлев: «Мықты боксшылар мен чемпиондар шоғырланған Өзбекстанды 2023 жылғы әлем чемпионатын өткізетін ел ретінде таныстыратыныма қуаныштымын. Бұл жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, Ташкент төрінде тартысты жекпе-жектер өтеді деп сенемін», – деп өз сөзін қорытындылады.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
АЛМАТЫ