• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Жасыл алаңға Желтоқсан қаһармандары шықты

    Алды жетпістің асқарына жетсе, арты алпыстың қырқасына көтерілген кешегі Желтоқсан қанды көтерілісінің қаhармандары ел тәуелсіздігін жеңіп алып берген нағыз батырлар. Жылдар жылжып, айлар өтер, бірақ тарих бетінде сол бір саршұнақ аязда ел тәуелсіздігі үшін жан беріп жан алысқан алапат түнде көзсіз ерлік жасаған батырларын Қазақ елі ешқашан ұтытпасы бір анық. Ал, сол ел егемендігі үшін бас көтерген 1986 жылдан бері міне, 35 жыл өтті.

    Осы орайда, ПҚ «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігі өз тарапынан көптеген шараларға ұйытқы болып келеді. Биліктің басы түгелдей бері бұрылмаған соң Желтоқсан батырларының өздері көптеген игі істерге түрткі болуда. Міне, Желтоқсан қанды оқиғасының 16 желтоқсан күніне санаулы күндер ғана қалды. Осындай қанды көтерілістің өткеніне 35 толуына орай «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігі бас болып шағын футболдан аламан жарыс ұйымдастырды.

    Қазіргі таңда үлкен бір жарыс ұйымдастырудың өз қиыншылықтары бар екені рас. Игілікті бір спорт шарасын өткізуді жоспарлап қолға алсаң соны өткізетін орын табу мұңға айналады. Дегенмен Желтоқсан батырларына деген құрмет, қошеметі жоғары азамат жігіттеріміз әлі де болса ортамызда баршылық. Осы «Қар үстінде жанған алау»-атты Желтоқсан батырлары мен БАҚ өкілдері арасындағы жарысты өткізек-деп ұсыныс, өтінішпен келген ұйымдастырушыларға бір ауыз сөзге келмей өз рұқсатын берген К. Ахметов атындағы олимпиада резеревтерін дайындайтын республикалық мектеп-интернат колледждің директоры Ернар Таласбекұлы Ибраимов мырзаға Желтоқсан батырларының айтар алғысы шексіз болды. Хан сарайдай кең спорт залда доп тебу ардагерлер үшін үлкен бір әсер қалдырды. Сонымен жарысқа оралсақ. Турнирге мұрындық болған «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы қаласындағы 8 филиалынан келген 3 команда мен ардагер қаламгерлер құрамасы бас жүлдені сарапқа салды.

    Алдымен жарыстың салтанатты ашылуы болып өтті. Дәстүр бойынша еліміздің әнұраны ойналып, қадірлі қонақтарға сөз берілді. Жарысқа арнайы шақырылған құрметті қонақ, аты әйгілі қақпашы, Қазақ футболының ардагері Құралбек Досжанұлы Ордабаев ағамыз қатысушыларға сәттілік тілей отырып, тәуелсіздігімізді жеңіп әперген желтоқсандықтардың жарысына қалалық спорт басқармасынан келіп қолдау жасамай тырып етпей тыныш жатқандарына өз өкінішін білдірді.

    Иә, расымен де қажетті жерге келмей, қажетсіз жерден табылатан шекпенді спорт басшыларына әбден етіміз үйреніп қалғаны белгілі. Әйтпесе, тәуелсіздіктің бастау бұлағы, Желтоқсан көтерілісі емес пе  еді.  Хош, сонымен кезекті сөзді «Желтоқсан ақиқат» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болат Тоқтабайұлы Құрымбаев жалғастыра келе, осындай спорттық шаралар Желтоқсан  батырларының басын қосып ерекше бір әсер алып қайтатын орта болып қалыптасып келе жатқанын тілге тиек етіп, барша ойыншыларға табысты ойындар тіледі. Жарыстың ашылуының ажарын ашқан тағы бір сәт ол ақын, сазгер, таеквондо шебері Нұрлыбек Бұлжанның қол өнерінен шыққан, ер қаруы  шоқпарын ортаға алып шығуы болды. Ол да бір өзіндік көрініс алды деуге болады.

    Содан кейін, турнирдің бас төрешісі Асылхан Әбішев жарыстың өту жүйесін жариялаған соң, тартысқа толы кездесулер басталып кетті. Турнирдің тағы бір құптарлық бір жағы ол жарыс алдында қаза тапқан Желтоқсан батырларын еске алып құран бағышталып оқылуы болды. «Өлі разы болмай тірі байымайды», демекші, ел егемендігі үшін шаһид болған батырларға оқылған дұға тие берсін деп барша жұрт беттерін сипап «әмин», деді. Содан кейін, ойындар  жалғасын тапқан еді. Желтоқсан ардагерлерінің ойын шеберліктеріне тәнті болған Жетісу ауданының Төкен Смағұлов бастаған Роза апай, Шолпан, Алма, Гүлхан, Гүлзада сынды Желтоқсан батырларының қол соғып қошемет көрсетуі ойыншырларға дем беріп қолдау болды.

    Сонымен бас жүлдені Шоқан Мақанов, Әзиз Тастаев бастаған БАҚ өкілдерінің командасы жеңіп алды. Екінші күміс жүлде «Желтоқсан ақиқаты» командасына бұйырса, турнирдің қола жүлдесін Бостандық ауданының «Желтоқсан «командасы иеленді.Турнир соңында үздік қақпашы, үздік ойышы, үздік шабуылшы, үздік қорғаушы және белсенді жанкүйерлер қошаметпен марапатталды. Негізі бұл жарысқа қаладағы «Футбол әлемі» дүкенің қожайыны кезінде ала доптың теңдесіз шебері болып қала біріншіліктерінде ойын көрсеткен Біржан атты азаматта өз дүкенінің атынан футбол брелоктарын осы сайысқа тарту етіп беріп жіберген еді. Кішігірім сый болса да Желтоқсан батырлары үшін бұл көрсетілген үлкен құрмет болды.Сонымен қатар, қазақтың атақты балуаны, грек-күресінен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нұрбақыт Молдахметұлы Теңізбаев пен бірге Желтоқсан батырлары Батыр Әміржанов, Дархан Жакешов, Нұрдәулет Жайнақов, Сайфутдин Шамсутдинов, Майлыбек Өмірзақов, Ертай Әбуовтер де өз тараптарынан айтулы жарысқа қолдау көмектерін тартқан екен. Жарыстың әділ әрі тартымды өтуі көбінесе төрешілерге қатысты екенін жақсы білеміз.Турнирді  мамыржай көңіл-күймен дау-дамайсыз өткізген, өз істерінің маманы Асылхан Әбішев пен Мұрат Кененовтерге де Желтоқсан қайраткерлері рахметтерін айырықша жеткізіп жатты. Сонымен күні бойы мерекелік көңілде өткізілген жарыс мәресіне жеткеннен кейін, қатысушылар естелікке суретке түсіп бір тамаша әсер алды. Алла бұйыртып жатса, алдағы жылы айтулы турнир республикалық деңгейге көтеріліп дәстүрлік сипат алғалы отыр. Ұйымдастырушылар алқасы оған еліміздің әр аймағынан Желтоқсан ардагерілері келіп қатысады деген үмітте.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *