Египеттің астанасы Каир қаласында WKF каратэден 1-Premier League-ның биылғы алғашқы жарысы аяқталды. Мұнда әлем рейтингінде әр салмақтың үздік 30 спортшы ғана бақ сынады. Барлығы 61 елден 434 татами шебері жиналды. Бұл қатарда Қазақстан құрамасының 19 каратэшісі бар.
Екі күнге созылған турнирде ұлттық құрама команданың спортшылары төрт жүлдені жеңіп алды.
Кумите бағдарламасында 60 кг дейінгі салмақта сынға түскен Қайсар Алпысбай финалда татами иесі, мысырлық Мұхамед Габерді 3:1 есебімен ұтып, жеңімпаз атанды. Осыған дейін Премьер-лиганың екі дүркін жеңімпазы атанған Қайсар жартылай финалда әзербайжандық Аминага Гулиевті 6:2 есебімен жеңген.
Ал әйелдер арасындағы кумитенің 68 кг-ден аса салмақта бас жүлдені Токио Олимпиадасына қатысқан отандасымыз Софья Берульцева мен жапон Аюми Уэкуса сарапқа салды. Тартысты өткен жекпе-жектің соңында Аюми жеңісті жұлып әкетті. Есеп – 7:1.
Софья Берульцева жартылай финалда әлем чемпионы испан Мария Торресті 6:1 есебімен тізе бүктірген еді.
Сондай-ақ Дидар Әмірәлі (-67 кг) мен Бейбарыс Жаңбыр (-75 кг) қола жүлдеге ие болды.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА