Халықаралық Олимпиялық комитет (ХОК) түпкілікті шешім қабылдады: Ресей мен Беларусь спортшыларына бұрын берілген дисквалификацияның күші сақталып қалды.
Халықаралық Олимпиялық комитет көп талас-тартыс пен сөз сайысынан кейін ресейліктер үшін де, белорустар үшін де дисквалификацияны бұрынғы күшінде сақтап қалуға ұйғарым жасады.
Халықаралық Олимпиялық комитет Украинаға қарсы жарияланбаған соғысқа қатысушы агрессор-мемлекеттердің өкілдері – ресейлік және белорус спортшыларынан дисквалификацияны алмау жөнінде шешім қабылдады, – делінген ХОК-тың ресми сайтында.
Құжатта РФ мен БР атлеттеріне аталмыш санкцияның тап осы екі ел басшылығының Украинаға қарсы соғыс қимылдарын жүргізіп жатқаны үшін салынып отырғаны атап көрсетілген.
Бұдан басқа, ХОК Ресей Федерациясының агрессиясы салдарынан зардап шегіп жүрген украин атлеттеріне көмек көрсету жалғастырыла беретінін мәлімдеді.
Олимпиадаға бойкот жариялау жөніндегі бастаманы алғаш Польша бастады. Оның 16 ақпан күні мәлім болған бұл ультиматумын Литва, Латвия, Эстония, Чехия мен Словакия қолдап әкетті.
Бұдан кейін Халықаралық Олимпиялық комитеттен РФ мен Беларусь спортшыларын бейбітшілікті насихаттайтын олимпиялық қозғалыс қатарына қоспауды 40-қа жуық ел талап етіп, бұл ультиматум есепке алынбаған жағдайда өздерінің Париж Олимпиадасына қатысудан бас тартатындарын мәлімдеп, хат жолдады. Құжатқа қол қойғандар қатарында Австрия, АҚШ, Бельгия, Германия, Грекия, Дания, Жаңа Зеландия, Жапония, Ирландия, Исландия, Кипр, Корея, Латвия, Литва, Лихтенштейн, Люксембург, Нидерланд, Норвегия, Румыния, Словакия, Словения, Ұлыбритания, Финляндия, Хорватия, Чехия, Швеция мен Эстония болды.
Бұл дегеніңіз – Олимпиялық қозғалысты құлатумен бірдей еді. Осыдан қорыққан Томас Бах бастаған «жылыжүректер» ХОК-тың бұрын қабылданған шешімін күшінде қалдыру жөнінде ұйғарым жасады, – деп жазды Politico.
Бұған дейін Халықаралық Олимпиялық комитет, оның президенті Томас Бах ресейліктер мен белорустарды Олимпиадаға қайта оралтуға қарсы емес екендерін бірнеше рет мәлімдеген болатын. Сонда олардың алға тартатын уәжі – аталған елдер спортшыларының өз елдері жалауларынсыз және әнұрандарынсыз бейтарап атлеттер қатарында қатысуларына мүмкіндік жасалады делінген. Бұған адамзаттың ақыл-парасатты жоғалта қоймаған айтулы өкілдері бірден үдере қарсы көтерілді. Олар ХОК-пен арада әлденеше рет қарама-қайшы пікірталасқа барып, өз ұстанымдарын нығыздай түсті.
Мұның соңы әлемнің спорт державаларының бірқатарының 2024 жылы Парижде өткелі тұрған Олимпиялық ойындарға бойкот жариялауларына апарып соқтыра жаздады.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА