Мәдениет және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының хабарлауынша, семсерлесуден еліміздің ерлер құрамасы Қытайдың Уси қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында күміс жүлдеге ие болды. Финалда отандастарымыз Жапонияға жол берді.
Руслан Курбанов, Эльмир Əлімжанов, Вадим Шарлаимов пен Ерлік Сертай 1/8 айналымда Филиппиннен 45:37 есебімен басым түсті. Сосын осы төрттік 45:40 есебімен Өзбекстан спортшыларын ұтты. Ал жартылай финалда құрылықтағы көшбасшының бірі Оңтүстік Кореяны жеңді. Есеп — 42:36.
Бұл — Қазақстанның Уси қаласындағы биылғы чемпионатта жеңіп алған алғашқы жүлдесі. Мұнда Париж Олимпиадасына қатысуға мүмкіндік беретін рейтинг ұпайлары үшін 20 елден келген 400-ге тарта спортшы сынға түсіп жатыр.
Шамкен БАЙЫРБЕК,
АСТАНА