• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    «Велосипедпен – қажылыққа!»: павлодарлық журналист Маңғыстау облысына жетті

    28 мамырда Екібастұз қаласынан велосипедпен Сауд Арабиясының Мекке қаласына қажылық парызын өтеуге жолға шыққан республикалық «Спорт жұлдыздары» журналының Павлодар облысындағы меншікті тілшісі Қожакелді Алданов Маңғыстау облысының Шетпе ауданының орталығы Шетпеге жетті.

    Бұл сапар «Құнанбайдың ізімен Мекке сапары» деп аталады. Әріптесіміз Қазақстаннан Әзербайжанға, одан әрі Грузия, Түркия, Иордания елдері арқылы екі теңізді кесіп өтіп, Сауд Арабиясына жетуді жоспарлап отыр.

    Қожакелді Алданов 28 мамырда Екібастұзда қасиетті сапарға туған-туыстары мен жерлестері шығарып салғаннан кейін келесі күні таңертең Астана қаласына жетті. Осы жерден ол әрі қарай сапарын жалғастырды.

    Әріптесімізбен қажылыққа сапарының қалай болып жатқанын білу үшін өзімен хабарласқанымызда ол бізге былай деді:

    -Қазір мен Маңғыстау облысының Шетпе ауданына келіп жеттім. Әрі қарай жол жүрейін деп едім. Бірақ кемпингтер жоқ екен. Жолда «КамАЗ-дың» жүргізушілерімен сөйлесіп отырамын. Солар жолда кемпингтердің жоқ екенін айтты. «Бүгін Ақтауға жете алмайсыз» деген соң осы жерге табан тіредім.

    Күн де асып кетті. Кеш те жақындады (Әңгіме кеше кешкісін болған, — ред.). Ақтауға 200-дей шақырым жер қалды. Енді демалып ертең ертемен жолға шығамын. Сапар жақсы болып жатыр. Аллаға шүкір!

    -Астанадан шыққан соң қай жолмен жүрдіңіз?

    -Астрахан, Атбасар, Жақсы, Есіл аудандарымен жүрдім. Ол жерлерде жора-жолдастарым, таныстарым күтіп алды. Қостанай облысына өткенде Әулиекөл, Рудныйға аялдадым. Ақтөбе облысында сапарым ұзақтау болды. Әйке ауылынан бастап, біраз жерлерге тоқтадым.Қарабұтақ, Ақтөбе, Қарауылкелдіде болдым. Мен үлкен елді мекендерді айтып отырмын. Қандыағашқа да аялдадым. Сосын Атырау облысының Сағыз ауылына бардым. Сағыздан Мақатқа, Мақаттан Доссорға жеттім. Құлсары қаласында аялдадым.

    Маңғыстау облысының Бейнеу қаласында болғаннан кейін Бекет атаның жер асты мешітінде болдым.

    -Сапарда ең есте қалатын жер қай жер болды?

    -Осы жер болды. Бекет ата мешіті ұлттық парк сияқты істелінген екен. Кәдімгі демалатын орындары бар. Мешітің айналасы абаттандырылған, көгалдандырылған. Халық зиярат ететін орынға айналыпты. Батырлар аллеясы ұнады. Әдемі жер екен.

    Маңғыстауда есте қалатыны, шатқалдары ғой. Оның түр-түрі бар. Қызыл шатқал, ақ шатқал, сұр шатқал деп кете береді. Бекет ата мешіті XIII ғасырда салынса, әлі күнге дейін сол бастапқы қалпында тұр. Жалпы, елімізде осындай сегіз мешіт бар деседі. Бекет ата жүрген жерінде мешіт салып, бала оқытқан екен. Мешіттің түпнұсқасы сақталып қалған, еш жері бұзылмаған. Бұл жерде Бекет атаның тікелей ұрпағы жерленген. Яғни, мешіт бір жағынан қорымға айналған. Қазір ол мемлекеттік қарауында. Мұнда Қалымбегі Әбуұлы деген ақсақал өзін Бекет атаның алтыншы ұрпағымын деп таныстырды. Сол кісімен әңгімелесіп, қонып шықтым.

    Жаңа айтуды ұмытып бара жатыр екенмін, Ақтөбеде күрес түрлерінен 9 дүркін әлем чемпионы Қуаныш Мырза, республикалық «Спорт жұлдыздары» журналының бас редакторы Мұсағали Тасқалиев қарсы алып, құрмет көрсетті. Каратэден қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Әшім Қали деген ағамызбен кездесе алмасам да онымен телефонмен сөйлестім. Ол маған қаржылай қолдау көрсетті.

    -Жолда қандай оқиғалар болды? Есте қалатын, айтып жүретін оқиға болды ма?

    -Мен өзім тарихты жақсы көремін. Сондықтан жолға шыққанда тарихи жерлерді аралап жүремін. Соларға арнайы тоқтап, тарихын білгім келеді. Маңғыстау облысында тарихи жерлер көп екен. Бірақ жолдары бір-біріне алыс. Жолдан ауытқу көп болды. Бекет ата мешітін айналып өту жоспарда бар еді. Бекет атаның өзінің жерленген жеріне бара алмадым. Асфальт жоқ екен. Ол үшін 130 шақырым жол жүру керек. Сол себептен ол ойым іске аспады.

    Қара жолда шетелдік туристерді көп кездестірдім. Арнайы кездесіп, дастархандас болғандардың арасынан Давид деген итальян жиһангезін айта аламын. Ол фургонмен жүр. Бейнеу арқылы Өзбекстанға бара жатырмын дейді. Сосын ирландиялық Пуго деген жігітпен кездесіп қалдым. Екеуміз кемпингте кездестік. Ол да мен сияқты велосипедпен жүр екен.

    Кемпингте Түркиядан келген фуралардың жұргізушілерімен әңгімелестік. Жолда кетіп бара жатқанда осы фуралардың жүргізушілері тоқтап, қал-жағдайыңды, қандай көмек керек екенін сұрайды. «Көңіл көңілден су ішеді» дейді ғой. Бұл да болса көңілге бір медеу.

    Бізге жолда мұз ғана керек. Өйткені, күн ыстық. Соны сұраймын. Болса береді. Мұз болса оны төсекке орап тастаймын. Сонда еріп кетпейді. Ол 150 -200 шақырымға жетеді. Жолда облыстық патрульдер де көп жүреді екен. Олар да қолдан келгенше көмектеседі. Бұл да бір үмітке қанат бітіру, қолдау ғой.

    Батыс жақта жел күшті екен. Тура бетіңе соғады. Осыдан 3-4 күн бұрын қатты жел соқты. Сонда алдыңнан жел соққанда жүру қиын болды. Жүргізбейді екен. Жел 2-3 күн бұрын басылды.

    Облыстарда есте қалғаны, мысалы Ақмола өңірінде бидай алқабы көп екен. Қостанай облысына дейін бидай алқабы болды. Ал Қостанай жақта елді мекендердің аттары түгелімен орысша екенін көрдім. Атырау облысын мұнай өңірі дейміз ғой. Мұнда мұнай қазылған жерге жолдың бойында ескерткіш тақта орнатылған. Соның тарихы жазылған. Ал Ақтөбе облысында мені таңқалдырғаны, келінтөбелер көп екен. Олар темірден істелінген. Осыны көргенде «Бұл не болды екен?», деп ойлайтынмын. Сөйтсем ол жаңа түскен келінді, құда-жегжатты қарсы алуға арналған орын екен.

    Маңғыстау облысында бейіттер, зияраттар көп. Ескі құлпытастас бал-бал тастар сияқты жасалынған.

    -Енді алдағы жоспар Ақтауға жетіп алу, одан кейін шетел асу ма?

    -Ақтауға жеткен соң, жүктерді азайтып, керекті заттарды ғана қалдырамын. Велосипедті шашып, қайтып жөндеп, жинаймын. 3 мың км жол жүрдім. Велосипедке де оңай емес. Жолда аса қатты қиналдым деп айта алмаймын. Күн ыстықта жолға шығу оңай емес.  Жолда велосипедтің желі шығып отырды. 2 200 км болғанда шықты-ау деймін. Бірнеше рет шықты. Тоқтап, үрлеп аламын да қайтып жолға шығамын.

    Жалпы, картада километрді біліп отыру үшін спидометр қою керек екен. Соны қоймадым. Қалаға кіреміз, одан шығамыз. Сол кезде км есептелінбей қалады. Қазір жүрген жолым бір картада 2 930 км, тағы бір картада 3 032 деп тұр. Сонда шамалап алғанда 3 мың шақырым жүрген болып тұрмын.

    Енді Ақтауға 165 шақырым қалды.

    Үймен хабарласып тұрамын. Телефон байланысы болғанда сөйлесемін. Байланысы жоқ жерге бара жатқанда амандығымды айтып, ескертіп қоямын. Әйелім, бала-шағым әрине, уайымдайды. Мені уайымдайтындарын айтады. Алла қаласа бәрі жақсы болады.

    Аллаһым осы күнді бұйыртқан шығар. Жаным Жаратушыға аманат! Енді Аллаһым Меккеде, Қағбаның жанында Жаратқанға дұға етуді жазсын!

    -Әмин! Жол амандығын берсін! Әңгімеңізге рахмет!

    Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *