• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    ????????????????????????????????????

    Жасыл алаңға жер-жүзінің қазақ жастары жиналды

    Алматыда «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен шағын футболдан «ER JANIBEK CUP-2017» халықаралық турнирі өтті.  Биылғы жарыс ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішевтің 90 жылдық мерейтойына арналды.

    Оған Франция, Германия, Түркия, Иран, Ресей, Моңғолия, Қытай және Өзбекстанда тұратын қандастарымыз бен еліміздің әр облысынан командалар қатысты.

    Турнирде өз топтарынан келесі айналымға «Қазақ  Стамбұл» (Түркия), «Әмір» (Ресей, Саратов қаласы), «Байөлке» (Моңғолия), «Дастан» (Иран), «NFC Kazakhstan Павлодар» ( Павлодар), «Бірлік-Керуен» (Алматы),  «Ғафур» (Алматы), «Алатау» (Алматы) командалары (ФК) шығып, жартылай финалда күш сынасты.

    Жартылай финалда «NFC Kazakhstan Павлодар» клубы «Әмір» командасымен  ойнап, 4:1 есебімен  жеңсе, «Бірлік-Керуеннің»  жігіттері «Байөлкені» 6:1 есебімен ұтты.

    Үшінші орынға таласта «Әмір» клубы «Байөлке»  ұжымын жеңіп,  қола медаль иесі атанды.  Ал финалға шыққан «Бірлік -Керуен» мен «NFC Kazakhstan Павлодар» арасындағы ойын 3:2 есебімен аяқталды.

    Бұдан бөлек,  «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының тағайындауымен үздік ойын көрсеткен «NFC Kazakhstan Павлодар» командасының ойыншысы Асқар Ажиков «Сұрмерген», «Қазақ  Стамбұл»  клубының өкілі Жанер Ахмет  Бозқұрт «Үздік шабуылшы», «Әмір» командасының қақпашысы Руслан Маштаков «Үздік қақпашы» және «Намыстың» (Ресей, Омбы) ойыншысы Нурахмет Нигманов «Үздік қорғаушы» номинацияларын жеңіп алды.

    Сондай-ақ, Тұрсынбек Кәкішев атындағы арнайы «Елдік рух» сыйлығы Францияның «Parij  Kazakh  sport»  футбол клубы мен Қырғызстаннан келген «Алаш» ұжысына берілді.

    Турнирдің жабылу салтанатында алыстан ат арытып келген қазақ командалары қоғамдық қорға және ұйымдастырушыларға  алғыс сезімін  жеткізді.

    «Бар өмірін қазақ әдебиетіне арнаған Тұрсынбек Кәкішевтің 90 жылдығына арналған «Ер Жәнібек» халықаралық қорының футбол турнирі құтты болсын. Бізді шетелдегі қандастарымыз деп бауырына басып жатыр. Сондықтан Франция қазақтары атынан осы шараны ұйымдастыруға ат салысқан барлық азаматтарға алғыс айтамыз», — деді Париждегі қазақ мәдени орталығы мен «Parij  Kazakh s port» ФК жетекшісі Тәбәрік Доолу.

    Жеңімпаз командаға кубок тапсырған «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының президенті Жеңіс Түркия да жарысқа қатысқан барлық командаға алғысын білдірді.

    Жарқын ЖАНАЛТАЙ,

    АЛМАТЫ

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *