• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Көшпенділер ойындары: Қазақ күресі еліміздің жүлделерін еселеді

    Осы күндері Қырғыз Республикасының  Чолпон-Ата қаласында өтіп жатқан III Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алдында Дүниежүзілік Қазақ күресі федерациясы төрешілерге семинар ұйымдастырып, жарысты өткізетін  жауапты топ мүшелерін сайлаған еді.  Жауапты сын алдындағы семинар кеңеске қатысқан  федерацияның бірінші вице-президенті Серік Адамұлы Түкеев пен UWW-дің (Біріккен Күрес Қауымдастығының) техникалық директоры Онур Шимшек мырзалар, айыр қалпақты ағайындардың  елінде өткелі отырған III Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасына енген қазақ күресінің еліміз үшін алар орны ерекше екендігіне  тоқталып, әділ төрелік етуге аса назар аударған болатын.

    Сондай-ақ, семинарды жүргізген Азия құрлығы Қазақ күресі федерациясының  бас хатшысы Рафаэль Хабиров  төл күресімізден техникалық іс-шара қойылымдары, оның әдіс-тәсілдері, қазақ күресінің киімі мен тарихы туралы бейнебаян көрсетіп, ұлттық күресіміздің ережелерінің өзекті мәселелерін талқылап, пікір алысқан еді. Сол семинарда  жарыстың бас төрешісі  болып UWW-дің (Біріккен Күрес Қауымдастығының)  бас үйлестірушісі  Нидерландыдан келген халықаралық деңгейдегі төреші Эдмар Абдуллаев тағайындалса, бас хатшы қызметіне Беларусь мемлекетінің өкілі Александр Шараев бекітілді.  Жарыста Ресей, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Германия, Нидерланды, Беларусь елдерінің халықаралық дәрежедегі төрешілері қызмет ететін болып шешілді. Төрешілер арасында Лондонда өткен XXX жазғы Олимпида ойындарының еркін күрестен әйелдер арасындағы қола жүлдегері, халықаралық деңгейдегі төреші Юлия Радкевич да бар. Мұның бәрін тізіп айтып отырғанымыз, қандай жарыс болмасын білікті мамандар құрамасы жасақталынып алынғанда ғана жарыстың жақсы өтетіні белгілі. Асқан жауапкершлікпен білек түре кіріскен жұмыс әркезде жемісін береді.

    Осы күнге дейін Дүниежүзілік Қазақ күресі федерациясы мен  (UWW) Біріккен Күрес Қауымдастығы бірігіп ұйымдастырған әрбір аламан жекпе-жектер ұлттық күресімізді биік белестерге шығарып келеді.  Әрине, қазақ күресінің алар асулары әлі алда деп білеміз, дегенімен де бүгінгі таңға дейін ата күресімізден 7 Әлем, 11Азия, 3 Әлем кубоктары мен Гран –при жарыстарының өткізіліп келуіне Ислам Әлмақанұлы Әбішев пен Серік Адамболсынұлы Түкеев секілді ұлттық күресіміздің жанашырлары атсалысып жатқанын ұмытпай, еске алып отырғанымыз абзал.  Иә, ел болған соң әртүрлі пікірлер болады. Қазақ күресі Азия ойындарына неге кірмей жүр деген сынай айтқан пікірлер де кездесіп жатады. Ал, сол жоғарыда айтып өткен қазақ күресіне басынан бақайшығына дейін жаны ашитын жанашыр қос азматтың тынымсыз табанды жұмыстарының нәтижесінде ұлттық күресіміз Ашғабадта жабық кешенде өткен  Азия ойындарының  бағдарламасына кіріп, үш салмақта үш балуанымыз екі алтын бір қола жүлделі болып қайтқанымызды қалай ғана ұмытамыз. «Барды бар, жоқты жоқ», деп айтуға әрине, міндеттіміз. Қазақ күресі Азия жабық кешенді Азия ойындарының бағдарламасына енгені туралы сүйіншілеп те айтқан болатынбыз. Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының көп жылдар бойы қажырлы жұмыстары еш елеусіз қалмасы бір анық. Ал, осы III Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында төл күресіміздің толағай табысты қадамы жылдар бойы жүйелі жүргізіп келе жатқан жұмыстың тағы бір жемісі деп білеміз.

    Хош, сонымен үш  салмақ 70 кг, 90 кг, + 90кг дәрежесі бойынша  Чолпан-Атада   өткен қазақ күресінен байрақты сындарға келсек. Үшінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 82 мемлекеттен спортшылар шақырылса, қазақ күресіне әлемнің  22 елінен 50 балуан жеңіс үшін   бозкілемге шықты. Қыркүйектің 4 күні өткен аламан жекпе-жектердің қорытындысы бойынша финалда топжарып, жеңіс тұғырына көтерілгендердің есімдері де анық болған еді.

    Сонымен 70 кг салмақта бас жүлдені қырғыз балуаны Мерлан Ералиевтің жауырын жерге аунатқан  Әбілқайыр Мауленин жеңіп алды. Ал, осы салмақта қол жүлделер түрікменстандық Мухаммед Гурбанов  пен ресейлік ВладимирЖдановтарға тапсырылды. 90 кг салмақта жерлесіміз Ерсұлтан Мұзаппаров өзбек балуаны Сарвар Икромовты жеңіп, Қазақстан құрамасының қоржынына  қазақ күресінен екінші алтын медальді жеңіп әперді. Бұл салмақта үшінші орын эстон балуаны Александр Мармелюк  мен ресейлік Андрей Гусаровтерге бұйырды. Атан жілікті 90 килодан аса салмақта өткен финалда ресейлік  Дмитрий Баляновты алып ұрған моңғол балуаны Серік Бердімұратов алтын жүлдені жеңіп алып кетті. Қола медальдар қазақстандық балуан Нұрдәулет Жарлығапов пен ресейлік Роман Бобиковтың мойындарына тағылды.

    Осылайша, Қырғыз елінде өтіп жатқан  III Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қазақ күресінің балуандары 2 алтын 1 қола медальді алып, Қазақстан құрамысының жүлде жиынтығындағы  жағдайын жақсартуға үлкен үлесін қосты. Сонымен Қазақстан құрамасы қазақ күресінің балуандары жеңіп әперген алтын, қола медальдардың нәтижесінде Қырғызстан мен Ресейден кейін үздік үштікте келеді.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *