• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Алматы облысында қазақ күресінен дәстүрлі турнир жалғасын тапты

    Алматы облысы, Іле ауданының орталығы Өтеген батыр кентінде қазақ күресінен Райымбек Түкеұлын еске алуға арналған дәстүрлі турнир өтті. Биыл да өз жүлдесін тапқан республикалық жарысқа еліміздің әр облысынан, Алматы, Шымкент қаласынан 20-дан аса команда қатысты. Осымен он жетінші мәрте ұйымдастырылған турнирге төселген қос кілем үстінде екі күн бойы 2002-2003 жылы 400-ге жуық туған жас өскін балуандар барын салып белдесті. Он салмақ дәрежесінде ұйымдастырылған белдесуде Алматы облысының балуандары оза шауып командалық есепте бірінші орын алды. Екінші орынды Шымкент командасы иеленсе, үштікті Жамбыл облысынан келген балуандар түйіндеді. Турнирді тамашалаушылардың көзайымын айналып, тамаша белдесу өнерімен тәнті еткен балғын балуандарға арнайы сыйлықтар, мақтау қағазы  табыс етілді.

    –Жыл сайын ұйымдастырылған турнирде белдесіп, шыңдалған балуандардың қатары артып келе жатқаны қуантады. Биылғы турнир Іле ауданының құрылғанына 90 жыл толу мерекесіне орай ұйымдастырылып, осы аудан мен Райымбек ауданының әкімшілігі қолдау көрсетіп, мұрындық болды. Қазақтың қорғаны болған, елдің амандығы, жердің бүтіндігі үшін аттан түспей, шекара шебін күзеткен батыр бабамыз Райымбек Түкеұлының ұрпақтары да жыл сайын қаржылай қол ұшын созып, жарыстың жоғары деңгейде өтуіне ат салысып келеді, – дейді турнирдің ұйымдастырушы, білікті бапкер, халықаралық дәрежедегі төреші Қапар Рауанов.

    Екі күнге созылған турнирдің салтанатты шарасын Іле ауданының  әкімі Бағдат Қарасаев ашып, балғын балуандарға сәттілік тіледі. Құрметті қонақ болып келіп, турнирді тамашалаған облыстық білім саласы кәсіподағының төрағасы Тоққожа Естенов, Қазақ күресі федерациясының тұңғыш президенті, профессор Ерғали Мұхитдиновтар да құттықтауларын айтып, турнирді ұйымдастырушылар мен демеушілерге алғыстарын білдірді.

    Қуан ЖОМАРТ

    Алматы облысы,

    Іле ауданы,

    Өтеген батыр кенті.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *