Қырғызстанның Ош облысында джиу-джитсуден (не-ваза) өткен «Alay open» халықаралық турнирінде қазақ спортшылары 15 алтын, 5 күміс және 5 қола медальді иеленді.
Оған «Sagadat batyr QTT» спорт клубынан 7 мен 17 жас аралығындағы 23, ал ересектерден 4 спортшы қатысты. Турнирде жасына қарамай, Жібек Құлымбетованың жеңімпаз атанғанын айта кеткен жөн. Жарыста ол қырғыз, өзбек, тәжік спортшыларын тізе бүктіріп, тағы да алтын жүлдені жеңіп алды. Жібек 11 жаста. Ол жас болса да қазірдің өзінде әлем чемпионы, халықаралық турнирлердің жеңімпазы атанып отыр.
Осы турнирде «Sagadat batyr QTT» клубының жаттықтырушысы Самат Айтпанбет те ел намысын қолдан бермей, құрмет тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Жалпы, турнирде Қазақстан спортшылары 25 жүлде алып, Алатаудың ар жағындағы айырқалпақты ағайынға көк байрағымызды көтертті. Атап өтетін бір нәрсе, жүлделердің бәрін Нұрсұлтан Орынбасаров жетекшілік ететін «Sagadat batyr – QTT» спорт клубының сайыпқырандары жеңіп алды.
Турнирде Нұрсұлтан Орынбасаровтың өзі де 84 кило салмақта жеңімпаз атанды. Ол бір жыл үзілістен кейін бозкілемге қайта оралып, құрмет тұғырының биік сатысында тұруға лайық екенін дәлелдеді.
–Ұзақ мерзімді демалыстан кейінгі жарыс өте сәтті аяқталды. Бұл жеңіс осы турнирмен тұспа-тұс келген туған күніме керемет сый болды. Алдағы уақытта барлық турнирлер мен чемпионаттарға қатысамын, – деді ол.
Нұрсұлтан Орынбасаров бір жыл бозкілемде бой көрсетпегенімен спорттан алшақтаған емес. Ол былтырдан бері халықаралық деңгейдегі жеті турнир ұйымдастырып, әлем чемпионатына шәкірттерін дайындап, балалардың кәсіби шеберлігін арттырып қоймай, рухани тұрғыда да тәрбие жұмыстармен айналысты. Қазір қарап отырсақ, әлем чемпионаты мен халықаралық турнирлерде «Сағадат батыр» спорт мектебінің шәкірттері көрсетіп жүрген нәтижелер Нұрсұлтан Орынбасаровтың еңбегінің жемісі.
Бақыт ЖАҚАШ
Қырғызстан, Ош облысы