• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Қазақстан құрамасы Шотландия командасынан айласын асырды

    Бүгін Астанада футболдан 2020 жылы өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу турниріне қатысып жатқан Қазақстан мен Шотландияның ұлттық құрама командалары кездесті.  Бұл матчта еліміздің бас командасы 3:0 есебімен жеңіске жетті.

    Кездесу отандастарымыз үшін өте жақсы басталды. Матчтың 10-минутында-ақ Юрий Перцух пен Ян Вороговский бір-бірден гол соғып, шотландиялықтарды есеңгіретіп жіберді. Ойынның осылай басталатынын күтпеген қонақтар шабуыл жасай алмай, бірінші таймның соңына дейін қорғаныста жатып алды. Ал алаң иелері осы голдардан кейін жігерленіп, шабуылдауды жалғастырып, ойынның көрігін қыздырды.

    Екінші таймда да жағдай осылай болды. Бірінші таймнан шок алған шотландиялықтар қауіпті жағдай жасағысы келгенімен, одан ештеңе шықпады. Ал ұлттық құрама болса шабуылдар ұйымдастырып, қонақтардың біраз жүйкесін жұқартып, мазасын алды. Қазақстан командасының сапында бәрі жақсы ойнады. Бәрі де өз орындарын біліп, бас жаттықтырушы чех маманы Михал Билектің тактикасын ұстанып, сауатты ойын өрнегін көрсетті. Сондай сәттердің бірінде Бахтиер Зайнутдинов үшінші допты торға тулатты. Кездесуде таблодағы есеп 3:0-ді көрсетсе де алаң иелері бір сәт босаңсымай, соңына дейін ойнады. Жанкүйерлерді ойыншылардың осы мінезі тәнті етті.

    Матч осылай Қазақстан құрамасының жеңісімен аяқталды. Осы күні І тобында тағы екі ойын болды. Кипр өз алаңында Сан-Марино құрамасын 5:0 есебімен жеңсе, Бельгия командасы ресейліктерді 3:1 есебімен ұтты.

    Енді Қазақстан ұлттық құрамасы келесі матчын 24 наурызда Ресей командасымен өткізеді. Осы кездесуде отандастарымыз Шотландиямен ойындағы мінезін, ерік пен күш-жігерін солтүстіктегі көршімізге көрсетсе деп тілейміз.

    Бұдан кейін Қазақстан құрамасы 8 маусымда сырт алаңда Бельгиямен ойнайды. 11 маусымда өз алаңында Сан-Марино командасымен кездесіп, 6 қыркүйекте Кипр аралына барады. 9 қыркүйекте Мәскеуде Ресей командасымен тағы күш сынасып, 10 қазан күні «Астана-Арена» стадионында Кипр құрамасына қарсы алаңға шығады. 13 қазанда осы жерде Бельгия командасымен ойнап, 16 қараша күні Сан-Мариномен кездеседі. Ал  Еуропа чемпионатының іріктеу турниріндегі соңғы ойынын Қазақстан ұлттық құрамасы 20 қарашада Шотландияға қонаққа барып, осы елдің командасымен өткізеді. 

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *