• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Қазақ күресін Токио Олимпидасында көреміз

    Әлем кубогының  ауыл-аймақта өтуіне мән берсек, төл күресіміздің жылдан жылға дамып келе жатқанының куәсі боламыз. Иә, қазақта туған жерге туыңды тік деген-қанатты сөз бар. Ұлттық спортымыздың жанашырлары мен атымтай жомарттарының қолдауымен ата күресімізден Әлем кубогы Шығыс Қазақстандағы Көкпектінің кең жазығында орналасқан Ақсуат елді мекенінде өтті. Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының жарыс жылтізбегінен ойып тұрып орын алған, осымен қатарынан бес жылдан бері өткізіліп жатқан Ырғызбай Досқанұлы атындағы жарысты осы бақ қонып береке дарыған мекенде ұйымдастырудың жолы түскен екен. Ақсуат ауылының  келбеті өзгеше ажарлы. Бұрын соңды ел тарихында Әлем кубогы ауыл төрінде  өткен емес. Сондықтанда ел ішіндегі киелі де  жүйелі қадамдар төл күресіміздің қаншалықты деңгейге көтергенін көріп қуанамыз.

    Ұлы Абай мен Шәкәрім сияқты тұлғаларды дүниеге әкелген қасиетті Семей өңірінде өткізудің мәні ерекше деп білеміз.  Қазақ спорт тарихында аттары айшықталып қалған палуандардың көпшілігі де осы құтты мекенде тамыр жайған. Айталық, аты әйгілі палуан Дәулет Тұрлықановтың есімін атаса жетіп жатыр. Хош, сонымен Ақсуат ауылындағы орталық алаңда ашық аспан астында жайылған бозкілемде өтетін жарысты көруге  келген халықта есеп болмады. Үй жұмысын ысырып қойып, күрес десе делебесі қозатын ауылдағы ағайындар аптап ыстыққа қарамай,таңазаннан  басталған жекпе-жектерді күн еңкейіп ұясына батқанша бір орында тапжылмай тұрып тамашалады. Осыдан-ақ, айтулы жарыстың қандай деңгейде өткендігін білуге болады. Сонымен, жер-жүзінің 25 мемлекетінен келген 100-ден аса палуан салтанатты ашылу рәсімінде белдерін буып сап түзеді. Аламан жарысқа арнайы келген Халықаралық Біріккен күрес түрлері федерациясының, Бүкіләлемдік белбеулі күрес комитетінің президенті Гинтаутас Вилейта мырза сөз алып, бүгінгі күні Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының төл күресіміздің әлемге таралуына орасан жұмыс жасап жатқанын атап өтті. Сонымен бірге ол қазақ күресінің 2018 жылы Индонезияның Джакарта қаласында өтетін Океания ойындарында  көрсету бағдарламасына кіріп қалуы әбден мүмкін екендігін айтып, халықты бір қуантып  тастады.

    Көшіліктің алдына шыққан шенді қонақтардың арасында Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Ислам Әбішев, аталған ұйымның құрметті президенті Қажымқан Мәсімов, федерация президентінің  бірінші орынбасары  Серік Түкеев, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, философ, абайтанушы Ғарифолла Есім, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин, Ақсуат ауданының  әкімі Ділдәбек Оразбаев сынды ел ағалары жарысқа бас бармақтарымен баға беріп, ұлттық күресіміздің болашағына ақ жол тіледі. Ал, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Ислам Әбішевтің төл күресіміздің ертеңі туралы  сүйіншілеп айтқан дуалы сөздері  жиылған жұртты шабыттандырып бір серпілткендей болды.

    Ислам ӘБІШЕВ, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті:

    «Ырғызбайдай бабамыздың әруағын әспеттеп, көтеріп, осынша құрметтеп жатқандарыңызды көріп сүйсініп отырмын. Әрине, төрт құбыламыз тең жағдайда өмір сүрудеміз деп айта алмаспыз. Алайда, кеудесінде болашаққа деген ұмтылысы мықты, жүрегінде оты бар халық қана дегеніне жетеді. Мына өтіп жатқан Әлем кубогы барлық халықаралық талап бойынша өтіп жатыр. Сондықтан, сіздер ауданды әлемге таныстырып, Елбасының саясатына елеулі үлес қосып жатсыздар.  Ендеше, қуаныштарыңыз құтты болсын! Сонымен бірге айтар кетер үлкен жаңалық, күз айында Ашхабадта өтетін Азия ойындарына қазақ күресі ресми түрде бағдарламаға кіріп отыр. Бүкіләлемдік күрес Одағынан осы жарысқа арнайы келген құрметті мейманымыз Гинтуатас Вилейта мырза айтып өткендей, біз 2020 жылы Токио Олимпиадасында үлгі ретінде төл күресімізді көрсетпекпіз. Таеквандо спорты әлемге кеңінен таралып, 2004 жылы Олимпаданың бағдарламасына кіргенінін жақсы білеміз. Ендеше біздің де қазақ күресіміз 2024 жылдан аспай Олимпиада ойындарына кіріп жатса еліміз үшін үлкен қуаныш болады», -деп ақтілеумен ақжолтай жаңалықты бөлісті. Сосын тартысты белдесулер басталып кетті.

    Айтулы аламанда күш сынасқан балуандар 70, 90  және 90 килодан аса салмақ бойынша өнер көрсетті. Әлем кубогының алдында өткен баспасөз мәслихатында жарысты ұйымдастырушылар жеңімпаздарға берілетін жүлденің де қомақты екендігін айтқан болатын. Сондықтан болар палуандардың көбісі өз елдері былай тұрсын, самбо, дзюдо секілді күрес түрлерінен әлем, Еуропа чемпионаттарында жүлде салып жүрген спортшылар болып шықты. Біздің елдің намысын қорғаған 3 палуанымыз да намысты қолдан бермей, айғайшысының айызын қандыратын жекпе-жектер өткізіп, көрермендерін көңілін барыншы көтерді.

    Сонымен финалда 70 кг. салмақта күрескен Оңтүстік Қазақстан облысының палуаны Қасымқан Төленбаевтың шеберлігіне халық ерекше қол соқты. Финалда ол қарсыласы қырғыз палуаны Мирлан Эралиевті атып ұрып, Әлем кубогының иегері атанды. Ал қола жүлде  грузиялық Зият Аташаивилиге бұйырды. 90 кг. салмақтағы  қарағандылық Бекзат Ахметбеков те жеңісті жолды абыроймен жалғастырды. Бекзат соңғы сында тәжікстандық палуан Сайджамол  Алимардоновтан айласын асырып, алтын жүлдені мойына  тақса, үшінші орынды укриналық  Семен Ракита иеленді.

    Ел мізбақпай күткен жекпе-жек ол бура сан, атан жілікті палуандардың да ақырғы айқасы болатын. Алаштың намысын арқалып шыққан Айбек Нұғмаровке Ресейдің 160 кг. салмақтағы түйе палуаны Рустем Арсыланов қарсы тұрды. Таусоғарлар сайысы ұзаққа бармады. Қалың елі қазағы қарап тұрғанда жеңілу мүмкін емес екенін білген Айбек оңтайлы сәттің бірінде аяғын қарсыласының  ішінен орап алып бар күшімен жұлқып кеп қалып еді, ресейлік кескен теректей жауырынымен жер сүзіп барып  құлап түсті. «Міне, жеңіс», «Ойхай бауырым, нағыз батырсың», «Пах шіркін, сені туған анаңнан айналдық» – деген жан-жақтан айғайлаған дауыстар ұзақ уақыт бойы  аспанда ауаны жаңғырып тұрды. Расыменде  кесімі түйенің жарты етіндей қарсыласын сан соқтырып кеткен Айбектің жеңісі ауылдастарының аузынан көпке дейін айтылып жүрерінде сөз жоқ  шығар. Осы аса ауыр салмақтағы үшінші орынды өзбекстандық Еркин Данияров иеленді. Сонымен жарыс соңында 3 салмақта да үш бірдей жігітіміз бас жүлдені жеңіп алып, үш бірдей жерлесіміз кезекпен-кезек жеңіс тұғырына көтеріліп, үш рет еліміздің әнұранын орындатты. Елімізге белгілі азаматтар палуандарға бағалы сыйлықтарды табыс еткеннен кейін, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді қалың жұрты қаумалап, қоршап  алып естелікке суретке түсіп жатты.

    Қазіргі таңда қазақ күресінің қарышты қадамын көріп, Аллаға шүкірлік етеміз. Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының алға  қойып отырған мақсаты да асқақ. Биыл 17-24 қыркүйек күндері Түркіменстанның Ашхабад қаласында жабық кешенде өтетін  V Азия ойындарында ел тарихында тұңғыш рет ата күресіміз үш салмақта (70, 90 және +90 жоғары салмақ) жарыс бағдарламасына еніп отыр. Содан кейін Астанада 30 қыркүйек пен 2 қазан аралығында  VII әлем чемпионаты жалауын көтерсе, төл күресімізден Америка чемпионаты желтоқсан айында өтетін болады. Ал, қазақ күресі үшін тағы бір сүйіншілеп айтар жаңалық ол — қараша айында Джакартада өтетін Океания ойындары. Сол байрақты жарыста қазақ күресінің ережелері мен күрес әдістері көрсетіледі. Міне, осындай төл күресімізден елеулі оқиғалар жанкүйерлерімізді күтіп тұр.

    2004 жылы мамыр айында Германияның Берлин қаласында кезінде шартарапқа тарыдай шашылған қандастарымыздың құралтайы өтіп, сол алаштың алқалы жиынында Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясың президенті болып Серік Түкеев мырза сайланған болатын, Содан бері қаншама жылдар бойы ата күресіміздің әлемдік деңгейге көтеріліп шығуына қыруар жұмыстар атқарылды. Соның жемісін енді көре бастағандаймыз. Серік Адамұлы жетекшілік еткен жылдар аясында Бразилияның Сан-Пауло, Үндістанның Пуна, Оңтүстік Африка Республикасының Кейптаун, Иранның Машад қалаларында және Қытайдың Ақсай қаласы мен Мұңғұлкүре ауданында ұлттық күресімізден аламан жекпе-жектер ұйымдастырылды. Ата күресіміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан ұлттық күресіміздің жанашыры Серік Түкеевтің ерен еңбегінің арқасында төл күресіміздің туы әлемнің түкпір-түкпірінде тігілді.  Осылайша, Серік Адамұлы бастаған игілікті істі іліп алып әкеткен тағы бір қазақтың ұлтжанды азаматы Ислам Әбішев Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының жаңа басшысы болып сайланған күннен бастап, Олимпиадаға қазақ күресін кіргізу үшін бар күш-жігерін салатындығын дәледей бастады. Осындай ақ түйенің қос өркешіндей ұлттық күресіміздің қос жанашырының екі жақтап белсене кіріскен жұмысының жемісін уақыт ұзатпай көретінімізге сенім зор.

    Тұрмысы бұл дүниенің күреспен тең,

    Тәуекел күреске түс, бар-дағы жең.

    Дүниеде барлығыңды кім біледі,

    Үйіңде ынжықтанып отырсаң сен-деп, Сұлтанмахмұт Торайғыров жырлағандай. Көрінген таудың алыстығы жоқғ  демекші Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының негізгі мақсаты — ұлттық күресімімізді әлемдік сахнаға шығару десек, ол қадам құтты жолмен жемісін беріп келеді. Қазіргі таңда жер-жүзінің 30-дан астам елінде қазақ күресінен федерациялар ашылған. Ендеше күндердің күнінде ата күресіміз Олимпиада ойындарының бағдарламасынан ойып тұрып орын алатынына  бек сенімдеміз.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    Шығыс Қазақстан облысы ­- Алматы

     

     

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *