• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Қазақ боксын өзгерте аламын – Асылбек Қилымов (ВИДЕО)

    Кеше Өзбекстанның астанасы – Ташкент қаласында бокстан ересектер арасындағы әлем чемпионатының жалауы желбіреді. 

    Қазір Ташкенттің төрінде өзге елдермен бірге Қазақстанның ұлттық құрама командасы да шаршы алаңға шығып, қолғап түйістіріп жатыр. Кешеден бері ұлттық құраманың төрт боксшысы рингке көтерілді.

    Бүгін біз қазақтың әйгілі боксшысы, КСРО-ның халықаралық деңгейдегі спорт шебері, КСРО-ның спорт шебері, Қазақ КСР-не еңбегі сіңген жаттықтырушы, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, бір сөзбен айтқанда Кеңес Одағы мен қазақ боксының аңызына айналған Асылбек Сақтапбергенұлы Қилымовтан осы бокс бәсекесі туралы айтып беруін өтінгенімізде, ол әлем чемпионатына қатысудың өзі кез келген спортшы үшін мәні мен маңызы зор оқиға екенін, ал боксшы әлем чемпионы атанса, бұл Құдайдың адамның алдына әкеліп берген үлкен сыйы болатынын айтты.

    — Өзбекстан – біздің елге ежелден дос ел. Бұл мемлекетте әлем чемпионаты өтіп жатса, біз оған қуанымыз керек. Өйткені, әлем чемпионатын ұйымдастыру, оны лайықты деңгейде өткізу деген үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Ал егер чемпионат тиісті деңгейде өтсе, бұл елге абырой әкеледі, –  деп бастады әңгімені әйгілі боксшы.

    Одан әрі ол тілшінің төмендегі сұрақтарына былай деп жауап берді:

    -Асылбек Сақтапбергенұлы, Ташкент төрінде әлем чемпионатының туы тігіліп, оған 140 елдің 600-ден астам былғары қолғап шебері қатысуда. Осы додаға қатысып жатқан мемлекеттердің ұлттық құрамалары арасында біздің елдің боксшылары да фаворит болып саналады делініп жатыр. Сіздің ойыңызша, пікіріңізше, қазақ боксшыларының мүмкіндіктері қандай? Осы сұрақты бірден қояйын дегенім ғой.

    -Білесіз бе, бокста, жалпы спортта болжам жасау жақсы атақ әпермейді. Оны сізге де бірден айтайын. Сондықтан мен біздің боксшыларға тек сәттілік тілеймін! Жарысқа жақсы дайындалған дегенді естіп жатырмын. Әр адамның маңдайға жазылған тағдыры бар ғой. Боксшы еңбектенсе, талантты болса, алдына белгілі бір мақсат қойып, соған жету үшін бүкіл күш-жігерін жұмсаса, алар қамалы қалмайды деп ойлаймын.

    Қазір ұлттық құрама бір өтпелі кезеңнен өтіп жатқан сияқты. Ұлттық құраманың құрамы да жаңарған. Әлем чемпионатына қатысудың өзі кез келген спортшы үшін мәні мен маңызы зор оқиға. Мұндай мүмкіндік кез келген адамға беріле бермейді. Ал боксшы әлем чемпионы атанса, бұл Құдайдың адамның алдына әкеліп берген үлкен сыйы деп білемін. Айтпақшы, мен Ташкент қаласында КСРО-ның чемпионы болғанмын. Осы қалада Серік Қонақбаев, Кәрімжан Абдрахманов, Серік Нұрқазовпен бірге 1984 жылғы Олимпиадаға да жолдама алғанмын. Сондықтан мен үшін Ташкенттің орны бөлек.

    -Ұлттық құрамада әлем чемпионы атануға лайықты жігіттер көп қой. Солардың бірі – Қамшыбек Қоңқабаев. Ол жеребе бойынша ресейлік Алексей Дроновпен қолғап түйістіреді екен. Бұл боксшы туралы не айтар едіңіз? Егер Қоңқабаев Дроновты жеңсе, Баходир Жалоловпен кездесуі мүмкін. Өзбек боксшысы әлем чемпионатының фавориті деп саналып жатыр. Қазір Баходирге тең келетін спортшы жоқ па?

    -Қамшыбек – жақсы боксшы. Нәтижесі бар. Дроновтан бұрын Жалолов туралы айтайын. Өзбек боксшысы өте мықты. Шынын айту керек, ол Қамшыбектен мықты. Білесіз бе, спортта үздіктердің үздігі деген болады. Солар үшін жанкүйер жарысты тамашалауға барады, солар үшін ата-аналар балаларын спортқа береді, солар үшін ішкен асын жерге қояды. Мұндай адамдар спортта сирек кездеседі. Мысалы, хоккейде, футболда, спорттың басқа түрінде мықты команда болса, солардың арасынан міндетті түрде үш-төртеуі қара үзіп шығады.

    Кезінде хоккейден КСРО құрамасында Петров, Михайлов, Харламов құрама команданың беткеұстарлары болған. Одан кейін Фетисов, Ларионов, Макаров, Крутов, Касатоновтар шықты. Оларды үздік «бестік» деп атады. Әлемдік бокста Мұхаммед Әли, Рой Джонс, Майк Тайсон сияқты мықтылар төбе көрсетті. Кеңес Одағының боксында Серік Қонақбаев, Виктор Рыбаков, Юрий Александров шаршы алаңның шаңын қақты. Міне, осындай адамдарды өз ісінің нағыз шебері деп айтуға болады.

    Спортшы мәдениетті, талантты, еңбекқор, әділ болу керек. Егер спортшы адамның бойындағы барлық жақсы қасиеттерді сіңіре білсе, оның жарысына, жекпе-жегіне барлық адам тартылады. Өздері барғысы келіп тұрады.

    Қазір Өзбекстанның боксшылары үздіктердің үздігі болғысы келетін сияқты. Маған солай көрінеді. Соңғы жылдары көрші елдің боксы бізден көш ілгері кетті. 2016 жылғы Рио Олимпиадасынан кейін өзбек боксы адам танымастай өзгерді. Ал қазақ боксында бір тоқырау болып тұр. Ақша араласқан жерде шығармашылық ізденіс, талпыныс болмайды.

    -Осы жағдайды қалай өзгертуге болады?

    -Бәрін өзгертуге болады. Ең бастысы ниет керек. Боксшылар, жаттықтырушылар білімді, білікті, шығармашыл, талантты болу керек. Айтпақшы, талантты болу да аз. Боксшыларға соққылардың геометриясын жасай алу керек. Сол кезде спортшы жарақат аз алады. Қазір бокста клинч пен қолғапты өзгерту керек. Клинч дегенді білесіз ғой? Ол боксшылардың қорғаныс тәсілі. Қарсыласы шабуыл жасағанда құшақтап, сәл демалып алғанды айтады. Міне, сол клинч боксқа керек емес. Мен осының бәрін өзгерте аламын.

    -Биыл Мырзағали Айтжанов ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы болып қайта тағайындалды ғой. Енді өзгеріс болады деп ойлайсыз ба?

    -Мырза Айтжанов өз ісін жақсы білетін жігіт. Ол менің қарамағымда дайындалған. Мен 1980-1990 жылдары мемлекеттік жаттықтырушы болған кезде Ермахан Ыбырайымовтың, Михаил Юрченконың жаттығуларына үйлестіруші болғанмын. Мен олар үшін әрқашан қуанамын, олар біздің елдің мақтаныштары.

    -Осы бізге қыздардың боксы керек пе?

    -Керек емес. Мен қыздар боксына мүлдем қарсымын. Біріншіден, жарақат алса оны жылдар бойы емдейді. Сосын бокс әйелдің бала тууына кері әсер етеді. Жеңіл атлетикамен, спорттың басқа да ойын түрлерімен айналыссын. Ал боксқа қыздарды араластыру керек емес.

    — Асылбек Сақтапбергенұлы, сіз 1984 жылы өз салмағыңызда Әлемдік және Еуропаның бокс ұйымдарының (European Ranking List, A.I.P.S., Boxing illustrated, Amatuer Boxing) рейтингінде үздік боксшы болған едіңіз. Осының сыры неде деп ойлайсыз? Сіздің салмақта тізімде Олимпиада, әлем чемпиондары жоқ. Меніңше, бұл сіздің бокстасу өнеріңізге шынайы берілген баға.

    -Шынымды айтсам, мен әлі күнге дейін өзім де осыны білмеймін. Мен Олимпиада, әлем чемпионы емеспін. КСРО чемпионымын. 1984 жылы КСРО Олимпиадаға қатысқан жоқ. Бірақ соның тізімінде болдым. Мүмкін, қалай айтсам екен… Кеңес Одағының чемпионаты әлем чемпионатынан, Олимпиададан мықты болған шығар. Олай да болуы мүмкін ғой. Бірақ, ешқандай ақшаға сатылмайтын, ар-намысын биік қоятын, беделіне нұқсан келтіргісі келмейтін халықаралық ұйымдардың баға бергені әлі күнге дейін өзіме қызық болып жүр. Мен мұны теңдесі жоқ оқиғаға ұқсас жағдай («Беспрецедентный прецедент», — А.Қ.) деп айтып жүрмін.

    -Әңгімеңізге рахмет!

    -Әңгімелескен, Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *