• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Қазақ жаттықтырушылары ұлттық құрамаға неге кірмей келеді?

    Былтыр Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен жазғы Азия ойындарында дзюдодан еліміздің татами шеберлері 1 күміс, 4 қола медаль алып берді. Оның үш қола жүлдесін дзюдодан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қален Қалиұлының шәкірттері Мағжан Шамшадин (60 кг), Абылайхан Жұбаназар (81 кг) мен Нұрлыхан Шархан (100 кг) алған еді. Бірақ қызылордалық жаттықтырушының еңбегі бағаланбай келеді. Басшылар француздарды төрге шығарып, қазақ жаттықтырушылары Қален Қалиұлы мен Марат Файзиевты құрамадан неге қуды екен?

    Жақында Франция астанасы — Парижде өткен Гранд Слам турнирінде отандасымыз Нұрлыхан Шархан (100 кг) қола медаль алып қуантты. Шарханды сайысқа дайындаған Қален Қалиұлының трибунада айқайлап отырған суретін көрдік. Онда не істеп отыр? Ол Нұрлыхан Шарханның жеке жаттықтырушысы емес пе? Қасында болуы керек қой…

    Шетелдегі жарыстарда спортшыларымыз неге жүлде алмайды десек, жеке бапкерлері трибунада отырып шәкіртінің белдескенін көріп қайтады екен. Біздер оларды жазамыз, жүлде алмады деп сынаймыз.

    Жаттықтырушының жұмысы қиын әрі аянышты екен. Бәсе, Асхат Жіткеев пен Айбек Имашев неге жаттықтырушылықтан кетті десек… Біліп кеткен екен ғой.

    Тағы да дзюдо спорты туралы айтсақ, жазғы Азия ойындарының жеңімпазы, Азия чемпионатының қола жүлдегері Дидар Хамза деген Түркістанның тумасы бар. Бәрімізге таныс. Былтыр карьерасын аяқтады. Бар болғаны 26 жаста. Француздар елге келді де, Дидар дзюдодан кетті.

    Дидар француздармен сыйыспай кеткен. Әкесі дздодан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Марат Файзиевке ұлттық құрама командада орын жоқ. Әйтпесе, баласы Дидар Хамза 91 кг салмақта әлемдік рейтингте 35-орында екен. Әлі де оған жарыстарға қатысып, ұпай жинап, Париж Олимпиадасында бақ сынауға мүмкіндік бар еді. Әкесін ұлттық құрамадан, ұлын спорттан қуған кім екен? Осыдан кейін қазақ дзюдосы қайдан дамиды? Жалпы, бұл біз білмейтін былықтардың шеті ғана сияқты.

    Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев дзюдода не болып жатқанын біле ме екен?

    Жауап күтеміз.

     

     

    Айбек МҰХАНОВ,

    Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

    Маңғыстау облысы

    Ақтау қаласы

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *