Қазақстанның екінші, әлемнің 57-ракеткасы Александр Шевченко Нидерландтың Роттердам қаласында өтіп жатқан ATP 500 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлады Қазақстан теннис федерациясы.
Ол екінші айналымда әлемнің 7-ракеткасы, даниялық Хольгер Рунені жеңіп, сенсация жасады.
Бірінші партияда есеп 4:4 болған кезде Шевченко брейк жасай алды. Осылайша бірінші сетте есеп 6:4 болып аяқталды.
Екінші сетте Руне 6:1 есебімен есе қайтарды.
Үшінші, шешуші партияда Шевченко тағы бір брейк жасап, матчта 6:3 есебімен жеңіске жетті.
Бұл ойын бір жарым сағаттан астам уақытқа созылды.
Енді Александр Шевченко жартылай финалға шығу үшін әлемнің 13-ракеткасы, болгариялық Григор Димитровпен кездеседі.
Оның алдында Шевченко қытайлық Чжан Чжичжэньмен кортқа шығып, оны да жеңген болатын.
Шевченко Ресейден келген спортшы. Ол биыл Қазақстанның азаматтығын алды.
Тағы бір теннисші Дмитрий Попко АҚШ-тағы Палм-Коуст ITF турнирінің ширек финалына шықты.
Жарыстың екінші ракеткасы болып тіркелген теннисші алдымен дүниежүзілік рейтингіде 1 238-орында тұрған америкалық Александер Разегиді 6:4, 6:4 есебімен жеңді.
Попко екінші айналымда тағы бір америкалық, рейтингіде 781-орындағы Феликс Корвиннен дәл сондай есеппен айласын асырды.
Дмитрий Попко жартылай финалға шығу үшін әлемнің 821-ракеткасы, АҚШ өкілі Аксель Нефвемен кездеседі.
Қазақстан теннисшісі бір апта бұрын Санрайздағы дәл осындай додада жеңімпаз атанған еді. Сол кезде ол А.Нефвені 6:7 (9:11), 7:5, 6:2 есебімен жеңген болатын.
Михаил Кукушкин Бахрейннің Манама қаласында өтіп жатқан челленджер жарысының жартылай финалына шықты.
Қазақстан теннисшісі ширек финалда әлемнің 187-ракеткасы, иорданиялық Абедалла Шелбайхпен ойнады.
Екі сетте де 6:4, 6:4 есебі тіркеліп, Кукушкин жеңіске жетті.
Михаил Кукушкин финалға шығу үшін әлемнің 129-ракеткасы, чехиялық Якуб Меншикпен кездеседі.