Бокстан Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтіп жатқан Олимпиадаға іріктеу турнирінде ұлттық құраманың жеті спортшысы Париж Олимпиадасының лицензиясы үшін күш сынасады.
Қазақстан уақытымен сағат 17:30-де 92 келі салмақтағы Айбек Оралбай АҚШ-тың боксшысы Жамар Таллеймен күш сынасады.
Сағат 19:30-да әйелдер жекпе-жегінде Валентина Хальзова мен Кинди Нгамба (Ұлыбритания) шаршы алаңға шығады. Олар 75 келіде қолғап түйістіреді. Нгамба былтырғы жылға дейін босқындар құрамасында жұдырықтасып келген.
Кешкі сессияда сағат 23:00-де 50 кг салмақтағы боксшылардың айқасы басталады. Мұнда Алуа Балқыбекова мен Макси Карина Клоетзер (Германия) шын мықтыны анықтап көреді.
Одан кейін сағат 00:00-де 51 келі салмақтағы Сәкен Бибосынов Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері, британдық Киаран Макдональдпен (Ұлыбритания) кездессе, сағат 00:30-да 57 келідегі Махмұд Сабырхан мен Асрор Вохидов (Тәжікстан) жұдырықтасады.
Тәжік былғары қолғап шебері 2011 жылы Астана төрінде өткен жасөспірімдердің әлем чемпионатында топ жарған. 2011 жылы әлемде ең мықты жасөспірім атағын жеңіп алды.
Сағат 00:45-те 71 келі салмақтағы Асланбек Шымбергенов Әзербайжанның өкілі, 2021 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Вархан Алиевпен жұдырықтасады.
Сағат 01:30-да 80 келідегі Нұрбек Оралбай 2021 жылғы әлем чемпионатының ширек финалисі, Еуропа ойындарының күміс жүлдегері Келин Кассидимен (Ирландия) жолдамаға таласады.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА
View this post on Instagram