Астанада спаррингтік турнирдің финалдық жекпе-жектер болды.
Бүгін ерлер арасында 63,5 келі салмақтағы жеңімпаз анықталды. Бұл салмақтағы финалда Мұхаммедсабыр Базарбайұлы мен Дулат Бекбауов шаршы алаңға шықты. Жекпе-жекте Мұхаммедсабыр Базарбайұлы жеңіске жетті. Ол осы салмаққа жақында ауысқан Бекбауовтан финалда айласын асырды.
Бұған дейін ол турнирде Ертуған Зейнуллинов пен Жандос Қарабалиевті жеңген болатын.
Осылайша, боксшы Таиландтағы соңғы лицензиялық турнирде Олимпиада жолдамасына таласатын мүмкіндік алды.
Мұхаммедсабыр осы салмақта былтыр Қазақстан Спартакиадасын жеңген болатын.
Қыздар арасындағы жекпе-жектер де тартысты болып жатыр.
Әзірше Ұлжан Сәрсенбек пен Наталья Богданова Таиландта өтетін лицензиялық турнирге баратын болып шешілді.
Ұлжан Сәрсенбек 54 келі салмақта Сымбат Әлиасқармен кездесті. Бұл айқаста Сәрсенбек қарсыласынан мықты болды.
Жекпе-жекте төрешілердің бірауыз шешімімен Ұлжан Сәрсенбек жеңіске жетті.
66 келі салмақта Наталья Богданова мен Жасмин Қизатова қолғап түйістірді.
Төрешілер шешімімен жекпе-жекте Богданова жеңімпаз деп танылды. Наталья Богданова биылғы маусымда үшінші рет Олимпиадаға іріктеу турниріне қатысады.
Ол Ханчжоудағы жазғы Азия ойындары мен Италиядағы әлемдік лицензиялық турнирде бақ сынаған еді.
75 келі салмақта да Олимпиада жолдамасына таласатын боксшы анықталды.
Бұл салмақтағы финалдық сында Валентина Хальзова мен Гүлсая Ержан жұдырықтасты.
Жекпе-жекте тәжірибелі Хальзова қарсыласына еш амал қалдырған жоқ.
Сөйтіп, спаррингтің қорытындысы бойынша ерлер құрамасында 63,5 келіге дейінгі салмақта Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, қыздар командасында Ұлжан Сәрсенбек (54 кг), Наталья Богданова (66 кг) мен Валентина Хальзова (75 кг) Таиландта 26 мамыр мен 3 маусым аралығында болатын лицензиялық турнирге қатысады.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА