• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    kazsports.kz

    Дзюдодан АЧ: Эсмигуль Куюлова алғаш рет жүлде алды (ВИДЕО)

    Бүгін Қытайдың Гонконг қаласында өтіп жатқан дзюдодан Азия чемпионатының екінші жарыс күні ұлттық құрама сапынан бес дзюдошы татамиге шығып, тек Эсмигуль Куюлова (-63 кг) ғана жүлдегер атанды, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы.

    Ұлттық құраманың спортшысы жүлде жолында Зулхумар Дашкиноваға (Түркменстан) еш мүмкіндік бермей, мерзімінен бұрын жеңді. Бұл — оның сары құрлық чемпионатындағы бірінші жүлдесі. Таңғы сессияда Эсмигуль (-63 кг) екінші айналымда жапон балуаны Кирари Ямагучиден жеңіліп қалған. Сосын, жұбаныш белдесуінде үндістандық спортшыдан айласын асырды.

    Жапон дзюдошысынан жеңіліп қалғаныма қарамастан медаль үшін күресе алдым. Бұл менің алғашқы Азия чемпионатым, алғашқы жүлдем. Жарақатым болды. Осы жарысқа қатысу, қатыспауым белгісіз болған. Олимпиадаға аз уақыт қалды. Ұпай жинайтын әр мүмкіндікті пайдалануым керек, — деді Эсмигуль Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

    Қола медаль үшін болған белдесуде тағы бір дзюдошымыз Абылайхан Жұбаназар (-81 кг) Сомон Махмадбековтен (Тәжікстан) жеңіліп қалды.

    Осыған дейінгі Азия чемпионатында (Астана, 2022 жыл) 73 кг дейінгі салмақта алтын медаль алған Данияр Шамшаев алғашқы айналымда, Асқар Нарқұлов екінші айналымда сүрінді. Екатерина Токарева (-70 кг) ширек финалда Шохиста Назаровадан, сосын жұбаныш белдесуде тағы бір өзбекстандық Гүлноза Матниязовадан ары өте алмады.

    Кеше чемпионаттың алғашқы күні Ғалия Тынбаева (48 кг) мен Жанарыс Рахметқали (66 кг) қола жүлдеге ие болған.

    Азия чемпионы рейтингте 700, күміс жүлдегер 490 ұпай алса, қола медаль алған екі дзюдошыға 350 балл қосылады. Қола жүлде жолында жеңілген тағы екі спортшы 250 ұпайға ие болады.

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *