Юсуп, Елена және Начын секілді легионерлерге үміт артта бермей, қандас-спортшыларды неге елге шақырмаймыз?
Күрес түрлерінен Бішкекте өтіп жатқан Азиялық іріктеу турнирінде 18 салмақ дәрежесінде 36 лицензия тігіліп, 195 спортшы Парижге жолдама үшін бақ сынады.
Қазақстаннан күрестің үш түрі бойынша он алты палуан қатысты. Біздің елдің атынан шетелден келген легионер ретінде сынға түсіп, Париж Олимпиадасына жолдама алған Юсуп Батырмурзаев та бар. Ол 1996 жылы 13 сәуірде Ресейдің Дағыстан Республикасында туған. Қазіргі кезде Ақтөбе облысынан күресетін Ю.Батырмурзаев үш жыл бұрын Токио Олимпиадасына қатысып, жүлде ала алмады.
Кеше, 20 сәуірде Бішкектегі лицензиялық сайыста әйелдер күресінен 68 кг салмақта сынға түскен Елена Шалыгина қырғыз қызы Мейірім Жұманазаровадан (6:2) жеңілді. Одан кейін Шалыгина солтүстіккореялық спортшы Сол Гум Пактан уақытынан ерте жеңіліп, жолдамадан айырылды. Отыз сегіз жасар спортшы Шымкент қаласында тұрады.
Начын Кулар биыл күрестен елордада өткен ел біріншілігінде 65 келі салмақта үшінші орын алды. 28 жастағы палуан Шымкенттің атынан қатысады. Ол Ресей және Еуропа чемпионы мен жүлдегері атанған.
Жалпы күресте шетелде жүрген этникалық қазақ палуандар бар. Олар: Абусайман Хабила (Қытай), Ақтеңге Кеунимжаева (Өзбекстан) және бақалалары.
Қазақстан күрес федерациясының президенті Дәулет Тұрлықановқа айтарымыз: Ресейдің үшінші-төртінші нөмірлі спортшыларын елімізге шақырғаннан пайда жоқ. Одан да қазақ ұл-қыздарына жағдай жасап, Иран, Әзербайжан, АҚШ, Жапония мен Ресейге оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарға жыл сайын жіберу керек. Сонда ғана жетістік болады.
Айбек МҰХАНОВ,
Маңғыстау облысы