Пара спортшы Темірхан Дайырбек академиялық ескек есуден Азия чемпионатында жеңіске жетіп, Парижде өтетін Паралимпиада лицензиясына ие болды. Чемпионат 18-21 сәуір аралығында Оңтүстік Кореяның Чунджа қаласында өтті, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі.
Темірхан PR1m1X академиялық ескек есуден 2 000 метр қашықтықты 9 минут 38.81 секундта өтіп, бірінші орынға ие болды. Екінші орынды 9:40.52 нәтижесімен жапондық спортшы Мори Такуиа иеленді. Ал үшінші орынға 10:01.15. уақытымен Шри-Ланканың спортшысы Приамал Джакоди тұрақтады.
Темірхан Дайырбек — 2004 жылы туған. Түркістан облысының спортшысы. Пара академиялық ескек есумен тек бір жыл ғана кәсіби тұрғыда айналасып келеді. Оның жеке жаттықтырушысы — Фаррух Хамракулов.
Бұл — спортшылардың Париж Паралимпиадасына жеңіп алған 12-лицензиясы. Бұған дейін жолдаманы пара пауэрлифтингтен Давид Дегтярев, пара каноэдан Бибарыс Спатай, пара жеңіл атлетикадан Дастан Мұқашбеков,пара оқ атудан Еркін Ғаббасов, волейболды отырып ойнаудан ұлттық құрама командасы, пара жүзуден үш лицензияны пара таеквондодан Камиля Досмалова, Нышан Омирали мен Нұрлан Домбаев алған болатын.
XVII жазғы Паралимпиада биыл Парижде 28-тамыз бен 8-қыркүйек аралығында болады.