Қазақстан құрамасы велотректен Олимпиаданың бір жолдамасына ие болды.
Бұл лицензия жеке спортшының өзіне емес, ұлттық федерацияға беріледі. Ал Олимпиадаға Қазақстан атынан баратын спортшы кейрин пен спринт дисциплинасында бақ сынай алады.
Қазір Қазақстан командасының қоржынында 51 лицензия бар.
Велотректен ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Иван Сиваштың айтуынша, қазір командада бәсеке артқан. Олимпиадаға кімнің баратыны анық емес.
Канададағы жарыстан соң рейтинг шығып, квота ала алмағанбыз. Соған қарамастан кейін жолдамасы бар, бірақ тіркелген спортшысы жоқ елдердің орны қалғандарына үлестірілді. Біз бұл тізімде бірінші тұрғанбыз. Енді кейрин бағдарламасындағы спортшымыз спринтте де өнер көрсетеді.
Кеше ғана команда Чехиядағы турнирден оралды. Қалған дайындықтың басым бөлігін Астанадағы тректе өткіземіз. Маусымда елордадағы халықаралық жарыстан кейін көрші мемлекеттерде арнайы оқу-жаттығу жиыны болады. Олимпиадаға аз уақыт қалғанда таулы жерде дайындықты бір пысықтап алуымыз керек. Қазір лайықты орын іздестіріп жатырмыз, — деді ол ТМС Спортты дамыту дирекциясына берген сұхбатында.
Осыдан кейін жаттықтырушы Олимпиадаға баратын спортшы қашан анықталатынын айтты.
Бізде бұл санатта Олимпиадаға қатысуға мүмкіндігі бар (рейтингте жинаған ұпайы бар) екі велоспортшыны айта аламыз. Олар: Сергей Пономарев пен Андрей Чугай. Қазір екеуі де тұрақты нәтиже көрсетіп жүр. Алдыңғы ойындарда Сергей Пономаревпен бір деңгейде жарысатын спортшы болмады. Ал осы циклда Андрей Чугай көрсеткіш жағынан иық тірестіріп келеді.
Қазір Парижге кімнің баратынын нақты айту қиын. Бізде бір-бірінен кем түспейтін екі спортшы бар. Шешімді маусымның ортасында қабылдаймыз. Оған кейін Андрей де, Сергей де дайындықты тоқтатпайды, — деді ол.
Олимпиада кезінде велотректен жарыс 5-11 тамыз аралығында Францияның ұлттық велодромында болады. Кешен ел астанасы — Парижден оңтүстік-батысқа қарай 25 шақырым жердегі Монтиньи-ле-Бретонне коммунасында орналасқан.