Қазақстанда медициналық туризм қарқынды дамып келеді. Бүгінде бұл тек тренд емес, шетелдік емделушілер арасында жоғары сұранысқа ие тұрақты үрдіске айналды. Ресми мәліметтерге сәйкес, жыл сайын елімізге келген бес мыңнан астам турист медициналық қызметке жүгінеді екен. Қазақстанды шетелдіктер тек емделу үшін ғана емес, сапалы, қолжетімді әрі кешенді оңалту шаралары үшін де таңдай бастады.
Шетелдік азаматтар арасында ең көп сұранысқа ие бағыттар – кардиохирургия, перинаталдық медицина, стоматология және, әсіресе, оңалту шаралары. Бұрын негізінен ТМД елдерінен келсе, қазір Қазақстанға Қытай, Моңғолия, Түркиядан, тіпті, Ұлыбританиядан да ем-дом қабылдау үшін келетіндер көбейген.
Медициналық туризмнің сәтті дамуының айқын мысалы – Президент Іс Басқармасы Медициналық орталығының «Almaty Resort» сауда белгісімен танымал «Оқ-Жетпес» «Алматы» емдік-сауықтыру кешені. Мұнда шетелдік емделушілердің саны жыл сайын тұрақты түрде артып келеді. Мәселен, 2023 жылы мұнда 164 шетелдік азамат оңалтудан өтсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 261 адамға жеткен.
Биыл, туристік маусым басталмай жатып, кешенге 70-ке жуық шетелдік келген. Бұл шетел азаматтарының қазақстандық медицинаға деген сенімінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Медициналық туризм бойынша бәсекелестікте басты артықшылығымыз — бағасы арзан. Ал, қызмет сапасы шетелмен салыстырғанда бірдей-ақ. Сонымен қатар жайлылық, тамақтану және басқа да қолайлы қызметтерді ұсынамыз, – дейді «Оқ-Жетпес» «Алматы» филиалы директорының емдік-оңалту жұмыс жөніндегі орынбасары Асхат Оңғарұлы.
«Almaty Resort» секілді кешендерде сауықтыру мен оңалтуға баса назар аударылған. Ең көп сұранысқа ие процедуралар қатарында – галотерапия (тұзды ауамен емдеу), ингаляция, минералды ванналар, магниттік және ультрадыбыстық терапияны қамтитын электротерапия бар. Барлық процедуралар тәжірибелі мамандардың бақылауымен, әрбір пациенттің жеке жағдайын ескере отырып тағайындалады.
Мен Америкада, мұхит жағасында тұрамын. Өз тәжірибеммен айтар болсам – Америкада ем алу да, жалпы денсаулықты бақылауда ұстау өте қымбат. Қазақстанға отбасыммен келіп, демалғаным арзанға түсті. Мұнда таудың таза ауасы, кеңістік бар. Тіпті, тиіндерді тамашалауға болады. Тамақ жайлы да, басқа нәрсе туралы да уайымдаудың қажеті жоқ, – дейді АҚШ азаматы Надежда Шишкова.
Оңалту шаралары тиімді әдістердің, табиғи ресурстардың және бәсекеге қабілетті бағаның арқасында Қазақстандағы медициналық туризмнің маңызды бағытына айналып келеді. Бұл саланың әлі де әлеуеті зор.
Нұрлан ҚҰМАР,
АЛМАТЫ