• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Instagram.com/nurzhan.assan

    Нұржан Асан – әлемдік аренадағы қазақ рухының айғағы

    АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өткен әйгілі Bill Farrell International 2025 турнирінде қазақ балуаны Нұржан Асан тағы да ел намысын абыроймен қорғап, күміс медаль иегері атанды.

    Ол өз салмағында (87 кг) бірнеше америкалық қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, финалға дейін сүрінбей жетті. Соңғы белдесуде ұпай санымен жеңілгенімен, Нұржан Асанның шеберлігі мен табандылығы көрермендер мен сарапшылардың лайықты бағасына ие болды.

    Жарысқа 30-дан астам елден 300-ге жуық спортшы қатысқанын ескерсек, бұл нәтиже – қазақ спортының өркендеуінің айқын дәлелі.

    -Нұржан ешқашан берілмейді. Әлемнің қай түкпірінде күрессе де, оның бойынан қазақ рухының оты байқалады, — деді балуанның жаттықтырушысы Ринат Исмайлов жарыстан кейін.

    Т.Рысқұлов ауданының Көгершін ауылында дүниеге келген Нұржан Асан — бүгінгі таңда Қазақстанның мақтанышы. Ол 12 жыл бойы күрес өнерін өмірлік серігіне айналдырған.

    Бұған дейін ол 2021жылы Сурдлимпиада ойындарының қола жүлдегері, 2022 жылы әлем чемпионы, 2023 жылы Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы болып, былтыр Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері атағына ие болды.

    Бүгінде Нұржан Асан АҚШ пен Бразилияда шеберлік сабақтарын өткізіп, әлем жастарына қазақ күресінің рухы мен өнерін насихаттап жүр.

    -Мен үшін басты жеңіс — елімнің атын әлемге таныту, — дейді спортшы.

     

    Нұршахризада САЛИМОВА,

    ТАРАЗ

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *