Қазақстан құрамасы Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен Ислам ынтымақтастығы ойындарындағы жарыстарын аяқтады.
Жалпы есепте отандастарымыз 56 медаль алды. Оның ішінде 15 — алтын, 20 – күміс және 21 — қола медаль бар. Осылайша Қазақстан жалпыкомандалық есепте жетінші орынға орналасты.
Қазақстанның жүзу, ауыр атлетика және джиу-джитсу құрамалары ел қоржынына үш медальдан салды.
Үстел теннисшілері екі алтын медаль жеңіп алды. Дзюдоистер, муай-тайшылар, семсерлесушілер мен каратэшілер бір-бір алтын медальмен жарысты аяқтады.
Қазақстандық атлеттер командалық жарыста да жүлдегер атанды. Әйелдер құрамасы гандболдан финалға дейін жетіп, екінші орынға ие болды.
Медаль кестесінде Түркия көш бастады. Олар 72 алтын, 44 күміс және 39 қола иеленді. Екінші орынға Өзбекстан ие болды (29 алтын, 35 күміс, 32 қола). Үшінші орынға Иран (29 алтын, 19 күміс, 33 қола) ие болды.
Бұл жарыста еліміздің намысын 100-ден астам спортшы қорғады. Олар бағдарламаға кірген 23 спорт түрінің 15-інде бақ сынады.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА


SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары