Кеше Қырғыз Республикасының Бішкек қаласында Олимпиада чемпионы Қаныбек Осмоналиевтің жүлдесіне арналған ауыр атлетикадан XXXVII халықаралық турнир басталды. Ол 26 желтоқсанда бітеді.
Турнир Қаныбек Осмоналиевтің 1980 жылы Мәскеу қаласында өткен Олимпиада ойындарындағы жеңісінің 45 жылдығына орай ұйымдастырылды. Оған Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Тәжікстан елдерінен 141 спортшы қатысып жатыр.
Бүгін ұлттық құраманың өкілі Ақмолда Сайрамкез өнер көрсетті. Ол жұлқа көтеруде 120 кг, серпе көтеруде 155 кг салмақты көтерді.
Бес тәсілді сәтті орындап, қос сайыстың қорытындысы бойынша 275 кг нәтижемен 1-орынды иеленді. Бұл көрсеткіш Қырғыз Республикасының спортшысы, екінші орын алған қарсыласынан 34 кг-ға жоғары болды. Қола жүлдені Өзбекстан спортшысы 234 кг нәтижемен жеңіп алды.
Ұлттық құраманың қоржынында төрт алтын және бір күміс жүлде бар.
Ақмолда Сайрамкез (65 келіге дейін), Аянат Жұмағали (77 келіге дейін), Сания Орманбаева (86 келіге дейін), Ақерке Байманап (86 келіден жоғары) жарыста алтын жүлдеге ие болды. Ал Марта Давлетиярова (77 келіге дейін) жарысты екінші орынмен аяқтады.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА


SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары