Әйелдер арасындағы волейболдан Қазақстан чемпионатының XXXV маусымы аясындағы Жоғары лига командалары арасындағы I тур өз мәресіне жетті. Алғашқы тур қорытындысы бойынша Көкшетаудың «Оқжетпес» командасы көш бастады.
Жеті ойында 18 ұпай жинаған «Оқжетпестен» екі ұпайға қалып келе жатқан Шымкенттің «Шымкент» командасы екінші орында. Үздік үштікті 15 ұпайы бар Атыраудың «Хиуаз» командасы түйіндеді. Төртінші сатыда 14 ұпаймен «Жайық» орналасқан.
«Өткен маусыммен салыстырғанда, биылғы турнир кестесінде елеулі өзгерістер бар. Былтыр чемпион атанған «Қайсар» алғашқы турдан кейін бір ұпаймен соңғы орында тұр. Күміс жүлдегер «Хиуаз» үздік үштікте. Ал үшінші орын алған Павлодар командасы биыл Ұлттық лигада өнер көрсетіп жатыр. Өткен чемпионатта төртінші орын иеленген Хромтаудың «Алия» командасы әзірге жетінші сатыда», деді мемлекеттік жаттықтырушы.
Қалған командалар арасында «Астана» 9 ұпаймен бесінші, «Тараз» 6 ұпаймен алтыншы орында. «Алия» 3, «Қостанай» 2 ұпай жинаса, «Қайсар» 1 ұпаймен тоғызыншы орында келеді.
Чемпионаттың келесі туры 8–17 желтоқсан аралығында «Жайық» аренасында өтеді.
Нұрпейіс ҚОНЫСБАЙ,
волейболдан мемлекеттік жаттықтырушы


SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары