• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Боксшы Бекзат Саттархановтың ата-анасына құрмет көрсетілді

    Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановтың әкесі Сейілхан Саттарханұлымен, анасы Сырлыкүл Саттархановамен және  Бекзаттың рөлін сомдаған «Astana Musical» мемлекеттік театрының актері Самат Әзімқұловпен кездесті, деп хабарлады Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитетінің баспасөз қызметі.

    Ведомство басшысы XXVII Олимпиадада жартылай жеңіл салмақта чемпион атағын жеңіп алып, қазақтың мерейін асқақтатқан былғары қолғап шебері Бекзаттай ұлды тәрбиелеген ата-анасына құрмет көрсетіп, алғыс хатты табыс етті.

    –Мәдениет және спорт министрлігінің және өз атымнан Сіздерге қазақ елінің біртуар ұлы, халқымыздың мақтанышы, спорт әлемінде аты алтын әріппен жазылған Бекзаттай ұлды тәрбиелеп, өсіргендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Бекзаттың жарқын бейнесі өскелең ұрпақ үшін үлкен тәрбиелік мәнге ие деп білемін, – деді министр.

    Олимпиада чемпионының әкесі Сейілхан Саттарханов Жапонияның астанасы Токиода 2020 жылы өтетін Олимпиада ойындарында бокстан Қазақстан құрамасына сәттілік тілеп, жылы лебіз білдірді. Анасы Сырлыкүл Саттарханова бас жүлдемен оралған ұлының «Бұл тек менің ғана жеңісім емес. Бұл – бүкіл елімнің жеңісі. Мен әлі үш дүркін Олимпиада чемпионы боламын, – деп айтқандығын еске алды. Сондай-ақ, Бекзаттың ата-анасы Түркістан қаласындағы мектепке және Нұр-Сұлтан қаласындағы көшеге  Бекзаттың есімін беру жөнінде ұсыныс білдірді. Өз кезегінде министр Ақтоты Райымқұлова осы бағытта тиісті жұмыстарды пысықтауға тапсырма берді.

    Бекзат Саттарханов бокспен 15 жасынан шұғылдана бастады. Соған қарамастан 20 жасында Олимпиада чемпионы атанды. 1998 жылы жастар арасында Азия чемпионатының күміс жүлдегері, 1998 жылы жастар арасында әлем чемпионатының күміс медалисі, 1999 жылы Азия чемпионатының күміс жүлдегері, 1999 жылы Орта-Азиялық мемлекеттерінің жеңімпазы болды. Өкінішке орай 2000 жылы 31 желтоқсанда Жаңа жыл қарсаңында Ордабасы ауданында жол апатынан қаза тапты.

    Қазіргі уақытта Б.Саттарханов атымен Шымкент қаласында дарынды балаларға арналған спорттық мектеп-интернат, Кентау қаласында кешенді балалар-жасөспірімдер спорт-мектебі аталады. Түркістан қаласындағы даңғылдардың біріне Бекзаттың есімі берілген. 2007 жылдан бастап жыл сайын бокстан Бекзат Саттарханов атындағы жастар арасындағы халықаралық турнир өтеді.

    3 шілде күні елордада Олимпиада чемпионы туралы Мұрат Бидосов түсірген «Бекзат» атты көркем фильмнің жабық көрсетілімі болды. Кинолента «Хабар» Агенттігінің тапсырысы бойынша түсірілді. Фильмде спортшының өмірі, карьерасының басталған кезі баяндалған.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *