• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Триатлоншы Әнел Сытдықова Ла-Манш бұғазын жүзіп шығады

    Әнел Әлібекқызы Сытдықова Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында туған. Жастайынан сіңлісі Әсел екеуін ата-анасы Әлібек Бақтыгерейұлы мен Қанипа Маxамбетқызы тек сабақтарын үздік оқып қана емес, үнемі спортпен шұғылданып жүрулерін қадағалап, қыздарына өте жақсы тәрбие бере білді.

    Міне, сол тәрбиені алған еңбекқор Әнел қазір барлық отандастарымыздың мақтанышына айналды.

    Мектепті Оралдан, жоғары оқу орнын Алматыдан үздік бітірген Әнел, Англиядағы атақты Кембридж университетіне түсіп, оның оқуын да жақсы бағамен аяқтады. Қазіргі уақытта жұбайы Нұрлан екеуі үш ұл тәрбиелеп отыр. Үш ұлы да сабақ пен спортты серік етіп Англиядағы Оксфорд мектебінде тәлім алады.

    Енді Әнелдің спорттағы жетістіктеріне тоқталсақ.
    Жайықтан шыққан қазақтың қарапайым қызы, «Қазақстанның Темір Ханшайымы» номинациясының бірнеше дүркін иегері, белгілі триатлоншы, Қазақстаннан шыққан Тұңғыш Айронмен (Ironman), Тұңғыш Ультрамен (Ultraman).
    ТМД аумағында бұған дейін мұндай жетістікке ешкім жетпеген.
    Әнел жастайынан суда жүзу мен велосипед тебуге құмар болған. Өсе келе осы спорт түрлерімен арнайы шұғылданғанды жаны сүйіп, оған жүгіру спортын қосып, енді міне, әлемге танымал триатлоншы атанды.
    Осыдан 9-10 жыл бұрын дүниежүзінің дамыған елдерінде адам сенгісіз осындай қиын да қызықты спорт түрлерімен айналысатын атақты спортшы-триатлоншылардың бар екенінен xабардар болған Әнел, қалайда осы әлемнің мықтыларының қатарына қосылуға бел буады. Бірақ, үш баланың анасы, жұбайының сүйікті жары Әнелге бұл белестерді бағындыру оңай болған жоқ. Алдымен ол Алланың, қала берді ата-анасы мен отбасының қолдауымен қиын белестердің бірінен кейін бірін бағындыра бастады.
    Швейцария, Малайзия, Нидерланды және Канада елдерінде триатлонның барлық қыр-сырын үйреніп, халықаралық жарыстардың бәрінде жүлделі орындарға ие болып отырды. Канадада екі мәрте Айронмен (Ironman) атанды. Ол дегеніңіз тоқтамастан 5 км жүзу, 180 км-ге велосипед тебу, сосын 42 км жаяу жүгіру. Алғашқыда Әнелдің марафонда жүгіру уақыты 16 сағат болса, соңғы кездері оны 14 сағатқа қысқартты.
    Содан кейін Ультрамен (Ultraman) атағын да алды.

    Жарыстың бірінші күні тоқтамастан 10 км суда жүзіп, судан шығысымен велосипедпен 145 км жүрді. Екінші күні 12 сағатта 275 км велосипед тепті.  Сонда екі күнде велосипедпен барлығы 420.2 км жүріп өтті.
    Үшінші күні 84.3 км жаяу жүгірді. Соңғы мәлімет бойынша дүниежүзінде 12 Ультрамен (Ultraman) болса, соның үшеуі әйел адам, ал сол үшеудің  бірі қазақтың қызы – Әнел!
    2016 жылы 38 жастағы қазақтың қайсар қызы Ұлыбританияның оңтүстік жағалауынан Францияның солтүстік жағалауына дейін созылып, Атлант мұxиты мен Солтүстік теңізін қосып жатқан әлемге әйгілі Ла-Манш бұғазын тоқтамастан жүзіп өтуге бел байлады. Ла-Манш бұғазының жалпы ұзындығы – 560 км.
    Батысында ені 240 км болса, Шығысындағы ені 33.1 км. Ең терең жері 147 метр, ал орташа тереңдігі 63 метр. Бұл үлкен сынаққа Әнел «Қазақстандық география қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен өте тыңғылықты дайындалды. Ереже бойынша Әнелге небәрі 15-17 градус жылы суда, тоқтамастан 33.5 км, арнайы жүзу киімісіз (гидрокостюмсіз) тек көзілдірік, бас киім, жүзу киімі (купальник), тіпті қасында уақыт санап жүзіп келе жатқан төрешілердің қайығына саусағыңды да тигізбей, жүзіп шығу керек еді.
    Сонымен көптен күткен тариxи сәтте келіп жетті.

    Ауа-райының қолайсыздығынан судың толқыны күшейіп, бет қаратпай тұрды. Уақыттың өтіп жатқанына байланысты ереже бойынша Әнелге жарысты не бастау не одан бас тарту керек еді. Бірақ, «Шешінген судан тайынбас» деп атам қазақ айтқандай, қазақтың қайсар қызы, үш баланың анасы, халқымыздың намысы үшін, еліміздің абыройы үшін Ұлыбританияның жағалауынан суға секіре жөнелді. Бұл 6 маусым, түнгі сағат 3-тің кезі болатын. Тас қараңғы түнде қайықтағы төрешілердің түсірген шамының жарығымен батыр да ержүрек қазақ қызы Ла-Манштың толқындарының арасына еніп жағадан ұзай бастайды. Ол үш сағатта 15,5 км жүзді.  Сөйтіп, таң қылаң бере бастаған сәтте қарт Ла-Манш толқыны мен ағысын бұрынғыданда күшейтіп, қазақ қызының қарқынын бәсеңдетіп тастады. Өкінішке орай сол жерден Әнелге жарысты тоқтатуға тура келді. Бірақ намысты қолдан бермеген қазақтың қайсар қызы алдағы уақытта дайындалып, тағы бір мәрте бағын сынап көретіндігін айтты.

    Тариxқа үңілсек осы Ла-Маншты 1000-нан аса адам жүзіп өткен екен. Әрине, көбі ер адамдар екені белгілі. Алайда, әйелдер арасынан алғашқы болып 1926 жылы Гертруда Эдерле жүзіп өткен. 2019 жылдың 2 шілде күні күні Лондон уақытымен түнгі сағат 2.00-де бастау алған марафонда қазақстандық төрт триатлоншы қыздарымыз – Әнел Сытдықова, Эльфира Дудник, Мәдина Құрманбаева, Елена Кун «Темір аналар» командасынан, xалық арасында «Ең қорқынышты қашықтық» атанып кеткен экстремалды ультра-триатлонға қатысып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Осы Лондондағы Мәрмәр қақпадан Париждегі Триумфалды аркаға дейін созылып жатқан ара қашықтықты «Ең қорқынышты қашықтық» деп бекерге айтпаса керек. Неге десеңіз адам сенгісіз 470 км қашықтықты (эстафета жүйесімен) өтіп шығу кез-келген спортшының қолынан келе бермесі анық.

    Марафон маршруты: Лондоннан Дуврға дейін 140 км жүгіру, 36 км шамасында Ла-Манш бұғазын жүзіп өту, сосын 290 км Парижға дейін велосипедпен жүріп өту.

    Міне, біздің батыр қыздарымыз 4 шілде күні сағат 11.30-дың шамасында  Парижде әйгілі марафонның мәресіне жетті. Әнел, Қазақстаннан келген үш құрбысының осы үлкен додаға қатысуына тікелей атсалысып, Лондонда тұрғасын ұйымдастыру жұмыстарын (қайықтарды жалға алу, қайықтың капитанынан бастап, төрешілер, дәрігерлер, нұсқаушы-оқытушылар, көмекшілер және т.б.) өз қолына алып, барлығын үйлестіріп қойды. Бұл жарысқа қатысу үшін жол ақысы, жататын орын, тамақтануға және жаңа жоғарыда көрсетілгендей қомақты қаражат керек екені белгілі. Әрбір жарысқа қатысушы ұйымдастыру комитетіне 8000 фунт стерлинг жарна төлеуі тиіс. Осындай бұрын-соңды Қазақстаннан ешкім қатыса алмаған үлкен додаға өз ақшасымен барып қатысып, Қазақтың көк байрағын Еуропада желбіреткен Қазақстанның төрт батыр қызына алғысымыз шексіз!

    Әнел былтыр өзінің 40 жасына тарту ретінде Ла-Манш бұғазын жүземін деп алдына мақсат қойған екен. Алайда белгілі бір себептерге байланысты ойы іске аспады. Енді ол бір айдан соң, яғни тамыз айында Ұлыбритания мен Францияның жағалауына дейін созылып жатқан әйгілі бұғазды жүзіп шығамын деп жоспарлап отыр. Қазақта «Ер кезегі үшке дейін» деген сөз бар. Осыны қайсар мінезді Әнел санасына мықтап түйіп, Ла-Маншты жүзіп, бүкіл әлемге халқымыздың өр рухын, намысын көрсеткім келеді дейді екен.

    Алға қойған мақсат іске ассын, қазақтың мақтанышына айналған намысшыл қызы Әнел!

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АЛМАТЫ

     

     

     

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *