• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Ілияс ОМАРОВ

    «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчына билеттерді қайдан сатып алуға болады?

    Алматының «Қайрат» клубы 30 қыркүйекте Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде Мадридтің «Реал» командасымен ойнайды. Осы туралы ҚазАқпарат хабарлады.

    Бұл матч Алматының Орталық стадионында болады. Ойын Астана уақытымен 21:45-те басталады.

    Билеттерді қайдан алуға болады?

    Алдыңғы матчтарға билеттер клубтың ресми арналары саналатын Qairat SuperApp қосымшасы, клубтың ресми сайты (билеттер бөлімі) мен Freedom SuperApp (билеттер бөлімі) және Ticketon платформасында сатылған болатын. Бір қолға бес билеттен артық берілмеген. Клуб баспасөз қызметі жанкүйерлерге сатып алу процесін жеңілдету үшін алдын ала тіркелуді ұсынады.

    Алайда сұраныстың көп болуына байланысты билеттер тез сатылып кетеді. Бұған дейінгі ойындарға билеттер екі сағатта сатылған еді.

    Кейін әлеуметтік желілерде оларды қайта сатушылар 50-80 мың теңгеге дейінгі бағамен ұсынған.

    Осыған орай жанкүйерлер GosRating.com сайтында петиция жариялап, бір адамға екі билеттен артық сатпау және ЖСН арқылы тексеріс енгізу туралы ұсыныс білдірді.

    Қашан сатылады?

    Ресми сату күні әзірге жарияланған жоқ. Әдетте билеттер матчқа 1-2 апта қалғанда сатылымға шығады. Дегенмен, бұл жолы сатылым үш апта бұрын да басталуы мүмкін.

    Ақпарат клубтың ресми арналарында жарияланады. Жанкүйерлерге push-хабарламаларға сеніп қалмай, ресми арналарды өздері бақылап отыру ұсынылады.

    Бағасы неше теңге болады?

    Іріктеу кезеңінде билеттер 1500 теңгеден басталған болатын. Алайда топтық кезеңде, әсіресе «Реалға» қарсы матчқа баға едәуір қымбат болуы ықтимал. Бұл – матчтың мәртебесіне және оған деген сұранысқа байланысты.

    Қалай сатып алынады?

    Сатылым басталған сәтте виртуалды кезек құрылады. Ол кездейсоқ тәртіппен жүреді. Бос орындар санаулы минут ішінде өтіп кететіндіктен, жанкүйерлерге жылдам әрекет ету қажет.

    Төлем онлайн жасалады. Билеттер электронды түрде беріледі.

    «Қайрат» алғаш рет өз тарихында Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шықты.

    Алматы клубы іріктеу кезеңінде Словенияның «Олимпиясын», Финляндияның «КуПС» клубын, Словакияның «Слованын» және Шотландияның «Селтигін» жеңді.

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *