• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Біріккен күрес одағы

    Сайыпқыран: Қола жүлдені Жаудинов алды

    Дзюдодан Қазақстан құрамасының өкілі Әділжан Жаудинов Болгарияның София қаласында кадеттер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды, деп хабарлады Ұлттық Олимпиялық комитет.

    Дзюдошы 90 келіден аса салмақ дәрежесінде финаға дейін жетті.

    Үшінші орын үшін белдесуде Жаудинов Чехия спортшысы Меличар Школаны жеңді.

    Осылайша, ұлттық құрама қоржынында бес жүлде бар. Бұған дейін Ернұр Батырғали (60 келіге дейін) алтын медаль иеленсе, Мұхаммедәлі Жылқайдар (66 келіге дейін) күміс медаль жеңіп алды. Ал Арман Мыса (50 келіге дейін) мен Ролан Қайырғали (66 келіге дейін) қола жүлдеге ие болды.

     

    Бұрымды боксшылар Қытайда жеңімпаз атанды

    Қытайда бокстан өткен Belt and Road халықаралық турнирінде әйелдер құрама командасы жақсы нәтиже көрсетті.

    Халықаралық турнирде әйелдер құрамасынан Жайна Шекербекова (54 кг), Римма Волосенко (60 кг), Валентина Хальзова (75 кг), Ләззат Кунгейбаева (81 келіден аса салмақ) алтын медаль алса, Сәния Сұлтан (54 кг) күміс, Зере Махабай (57 кг), Мәдина Нұршаева (66 кг), Дариға Шәкімова (66 кг) қола жүлдегер атанды.

    Жастар құрамасынан Арнұр Рустем (65 кг), Хамза Мақсатұлы (70 кг), Руслан Ахметов (90 кг), Владислав Саможонов (90 келіден аса салмақ) жеңіс тұғырына көтерілсе, Бейбарыс Тәжібек (70 кг), Санжар Сейткамит (90 кг) екінші, Зуфар Сайтфудинов (50 кг), Айдос Үсенов (55 кг), Қажымұқан Күмісбек үшінші орынға ие болды.

    Бокстан халықаралық турнирде Қазақстан құрамасы командалық есепте бірінші орын алды.

     

    Александр Бублик АҚШ ашық чемпионатының үшінші айналымына шықты

    Қазақстанның бірінші, әлемнің 24-ракеткасы Александр Бублик АҚШ ашық чемпионатында екінші жеңісіне жетті.

    Ол екінші айналымда әлемдік рейтингіде 96-орындағы австралиялық Тристан Скулкейтті 6:3, 6:3, 6:3 есебімен жеңді. Бір сағат 45 минутқа созылған матчта Бублик 16 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды.

    Александр Бублик үшінші айналымда әлемнің 14-ракеткасы, америкалық Томми Полмен ойнайды.

     

    US Open: Анна Данилина жұптық сында екінші айналымға жолдама алды

    Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Анна Данилина АҚШ ашық чемпионатын жеңіспен бастады. 

    «Үлкен дулыға» турнирінің 9-ракеткалары болып тіркелген А.Данилина пен сербиялық Александра Крунич алғашқы айналымда хорватиялық Антония Рузич пен нидерландылық Бибиана Схоофспен ойнады.

    Бірінші партияда Данилина пен Крунич 6:1 есебімен жеңді.

    Екінші сет те дәл осындай есеппен аяқталды. Есеп – 6:1.

    Бір сағат 3 минутқа созылған ойында Қазақстан мен Сербияның теннсишілері 1 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың тең жартысын құр жіберген жоқ. Рузич пен Схоофс 3 брейк-пойнтты пайдалана алмады.

    Анна Данилина мен Александра Круничтің келесі қарсыластары кейін анықталады.

     

    Әлемнің 10-ракеткасы Елена Рыбакина барлық «Үлкен дулыға» турнирінде төртінші айналымға өткен алғашқы Қазақстан теннисшісі атанды.

    Ол АҚШ ашық чемпионатында өз спорттық жолында бірінші рет төртінші айналымға шықты.

    Рыбакина осыған дейін 2022 жылы Уимблдонда чемпион болды. 2023 жылы Австралия ашық чемпионатының финалына дейін жетті. Ал «Ролан Гаррос» турнирінде екі рет, 2021 және 2024 жылдары ширек финалда ойнады.

    Е.Рыбакина АҚШ ашық біріншілігінің ширек финалына шығу үшін рейтингіде 60-орындағы чехиялық, 2023 жылғы Уимблдон чемпионы Маркета Вондроушовамен ойнайды. Ол үшінші айналымда әлемнің 8-ракеткасы, италиялық Жасмин Паолиниді 7:6 (7:4), 6:1 есебімен жеңді.

     

    Волейболдан ӘЧ: Қазақстан жастары Аргентинаны жеңді

    Қытайдың Цзянмэнь қаласында волейболдан 21 жасқа дейінгілер арасында өтіп жатқан ХХІІІ әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының кезекті матчы болды.

    Бұл жолы Сергей Трикоз жаттықтыратын жастар Аргентина командасымен сынға түсті.

    Кеше Қазақстан құрамасы 9-16 орындар үшін матчта 2:3 есебімен Болгарияға есе жіберсе, Аргентина дәл сондай тартысты бәсекеде Жапониядан жеңіліп қалған еді (2:3).

    Қос команданың арасындағы бүгінгі ойын да сондай тартысқа толы болды. Қорытынды есеп — 3:2, Қазақстанның пайдасында. Қазақстан құраамсы енді 13-орын үшін таласады.

    Биыл өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатына қатысып жатқан Қазақстан жастар командасы үшінші жеңісіне жетті. Бұдан бұрын топтық бәсекеде Қазақстан командасы Пуэрто-Рико мен Оңтүстік Кореяны жеңген еді.

     

    БИІК футболдан әйелдер арасындағы UEFA Еуропа кубогына жолдама алды.

    Шымкенттің командасы UEFA Чемпиондар лигасының бірінші іріктеуі кезеңінде үшінші орын үшін ойында Словакияның «Спартак Миява» командасынан 2:1 есебімен басым түсті.

    Бұл жеңіс Еуропа кубогының іріктеу кезеңінде шығуға мүмкіндік береді.

    Енді БИІК клубы турнирдің бірінші іріктеу кезеңінде ойнайды. Алғашқы матч 10-11 қыркүйекте болса, екінші матч 17-18 қыркүйекке жоспарланған. Қарсыласы 31 тамыз күні жеребе тарту рәсімінде анықталады.

    Чемпиондар лигасының бірінші іріктеуі кезеңінде олар алдымен Словенияның «Катовице» клубынан 0:2 есебімен жеңілген болатын.

    Сондай-ақ бүгін сағат 18:00-де «Ақтөбе» Данияның «Норшеланн» командасымен турнирде үшінші орын үшін сайысқа түседі. Ақтөбенің клубы алғашқы ойынында Италияның «Рома» командасына 0:2 есебімен жол берді.

    БИІК командасы 2009 жылдан бері Чемпиондар лигасында ел намысын қорғап келеді. 2017, 2018, 2019 жылдары 1/8 финалға дейін жетті. Шымкенттің клубы ел біріншілігінде 13 мәрте чемпиондық атақты жеңіп алды.

    Ал «Ақтөбе» 2014 жылдан бері ел біріншілігінде бақ сынап жүр. 2024 жылы күміс жүлдегер атанса, 2018 жылы қола медаль алған еді. Биыл еурокубок ойындарына алғаш рет қатысқалы отыр.

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *