• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Ілияс ОМАРОВ

    Қазақстан құрамасы Уэльстен жеңілді

    Бүгін «Астана Арена» стадионында футболдан Қазақстан мен Уэльс ұлттық құрама командалары 2026 жылғы әлем чемпионаты іріктеу турнирінде кезекті рет жасыл алаңға шықты.

    Бұған дейін командалар «Кардифф сити» стадионында ойнап, сол матчта Уэльс жасағы Қазақстан құрамасын 3:1 есебімен жеңген еді.  Бүгінгі екінші матчта да Уэльс алаң иелерінен басым түсті. Матч 1:0 есебімен қонақтардың пайдасына шешілді. Ойында 25-минутта Киффер Мур жалғыз голдың авторы атанды.

    Бұл матчта алаңға Қазақстан құрамасы сапында Темірлан Анарбеков, Ян Вороговский, Сергей Малый, Әлібек Касым, Нұралы Әліп, Бағдат Қайыров, Рамазан Оразов, Дамир Қасаболат, Ғалымжан Кенжебек, Максим Самородов пен Дастан Сәтпаев шықты.

    Матчта Ұлыбритания аралынан келген құрама команда  алғашқы минуттан бастап жинақы ойнап, алаң иелерінің қақпасына қауіпті жағдай жасап отырды. Олар алаңның қос қапталынан жиі шабуыл жасап, Темірлан Анарбеков қорғаған қақпаның кілтін табуға тырысты.

    Ойында алаң иелері де қарсы шабуылға шықты. Жартылай қорғаушы Ғалымжан Кенжебектің  гол соғуға тамаша мүмкіндігі болды.  Бірақ оның тепкен добы қақпа бағанасынан сәл қиыс кетті.

    Осылайша Қазақстан командасы қарсыласынан 0:1 есебімен жеңілді. Еске сала кетсек, Қазақстан  құрамасы J тобында сынға түсіп жатыр. Бұл топта ұлттық құрамадан басқа Бельгия, Солтүстік Македония, Уэльс және Лихтенштейн жасақтары бар.

    Қазір топты 4 ойыннан кейін 8 ұпай жинаған Солтүстік Македония бастап келеді. Уэльс құрамасы 7 ұпаймен екінші орында тұрса, үшінші орында 4 ұпаймен Бельгия, төртінші орында 3 ұпайы Қазақстан құрамасы тұр.

    Бұған дейін ұлттық құрама Уэльс (1:3) пен Солтүстік Македония (0:1) құрамаларынан жеңіліп, Лихтенштейнді (2:0) жеңген болатын.

    Енді еліміздің бас командасы 7 қыркүйекте сырт алаңда Бельгиямен ойнады.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН

    Фото: Ілияс ОМАРОВ,

    АСТАНА

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *