Бүгін Астанадағы «Астана Арена» стадионында футболдан 2026 жылы өтетін әлем чемпионатының іріктеу турниріне қатысып жатқан Қазақстан мен Уэльс ұлттық құрама командаларының матчы алдында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихаты болды.
Осы жиында ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Әли Әлиев пен команданың қорғаушысы Нұрәлі Әліп журналистердің ертеңгі ойынға қатысты сұрақтарына жауап берді. Әуелі бас бапкер ұлттық құраманың матчқа дайындығы туралы айтты. Ол ойын алдында футболшылардың ойнайтын клубтарына барып, олардың жағдайын бақылап қайтқанын, командаға іріктеу кезінде ойыншылардың дайындығына баса назар аударғанын атап өтті. Сонымен бірге ол құрамаға нағыз керек адамдардың жарақаты бар екенін жасырмады.
— Өкінішке қарай, Бахтиор Зайнутдинов жарақат алып қалды. Ол Уэльспен матчқа керек еді. Бахтиор керек болса, қазір де ойнағысы келіп тұр. Бірақ дәрігерлер оған рұқсат бермей жатыр. Еркін Тапалов шеміршегінен жарақат алып, ойынға қатыса алмайды. Ислам Чесноковтың да проблемасы шықты. Солай десек те басқа ойыншыларымыз алдағы ойындарға жақсы дайындықпен келіп отыр. Сол үшін мен клуб басшылығы мен жаттықтырушыларға алғысымды айтамын, — деді ол.
Кездесуде команданың дайындығына қатысты басқа да сұрақтар болды. Оларға бас жаттықтырушы мен ойыншы нақты жауап берді. Ал содан кейін журналист Дастан Кенжалиннің команданың ойынына қатысты бір сұрағына ұлттық құраманың қорғаушысы лайықты жауап бере алмады десек болады.
— Стадионнан, телевизордан қарап отырсақ ұлттық құрама команданың, клубтардың бір кемшілігі ойыншылар бір-біріне пасты дұрыс бере алмайды. Соның кесірінен көп жағдайда қақпаға гол соғылып жатады. Алаңда ойнап жүргенде сіздерге 5 метр болсын, 10 метр болсын дәл пас беруге не жетпейді?! Мандраж бола ма?! Мысалы, Асхаттың (Тағыберген) кесірінен біздің қақпаға гол соғылды. Сондай минустар бар. Осы минустармен қалай жұмыс істейсіздер? Осындай жағдай қайталанбауы үшін сіздерге не істеу керек?, — деген сұрағына, футболшы лайықты жауап бере алмады.
-Әр адамда, тек ол бізде ғана емес, үлкен чемпионатты қарасаңыз кеше «Қайраттың қақпасына бірге бір келе жатып, қақпадан қисық тепті. «Селтиктің» ойыншылары дейтін 100 миллионнан асып жатыр мысалға. Соның өзінде де қателіктер істейді. Пенальти сериясында мысалы, Темірланның арқасында басқа ойыншы болса салу мүмкін еді. Бірақ сол жерде Темірлан жақсы позиция тауып, қайтарды. Кез келген адамда жұмыстан да мамандықтан да қателіктер болады. Соңғы матчта Асхаттың пасына менің аяғым тимей қалды. 10 секундтан кейін гол кіріп кетті, — деп жауап берді.
Бұл жауапқа журналист қанағаттанбаған сияқты. Өйткені, мәселе «Селтиктің» ойыншысының «Қайраттың» қақпашысымен бірге бір шыққанда гол сала алмауы, Темірлан Анарбековтің пенальтилерді қайтарғаны жайында емес, футболдан Қазақстан ұлттық құрама командасына лайық деп танылған, жүздеген демесек те ондаған футболшының арасынан іріктеліп алынған адамдардың алаңда бір-біріне дұрыс пас бере алмайтынында, ойыншылардың соңғы минуттарда қателесіп, қарсыласқа пас бере салатынында еді.
Қазір әлеуметтік желіде журналист пен футболшы түсірілген видео «Қарапайым болғанымен қиын сұрақ екен» деген мағынада кең таралып, жанкүйерлер арасында қызу пікір таласқа ұласып жатыр. Тик-ток, Инстаграм әлеуметтік желісіне шыққан видеоға қарағанда футболшының сұраққа нақты жауап бермегені көрініп тұр. Енді қалай десекте ертеңгі матч бәрін көрсетеді. Қазақстан ұлттық құрамасы Уэльс командасына қарсы ойында мыңдаған жанкүйер алдында өздерін жақсы қырынан көрсетеді деген сенімдеміз!
Рүстем ЖҰМАН,
Фото: Виктор ФЕДЮНИН
АСТАНА