Қазақстан үшін !!!
1983 жыл! Мәскеуде КСРО Халықтарының VIII Спартакиадасы өтті. Ол кезде спорт журналистикасының атына тақым тастай бекіген, жарыстан қалмаймыз, біз де бардық. Бүгінгі жастарға түсінікті болсын, ол кезде КСРО-да бұл СПАРТАКИАДАДАН асқан маңызды жарыс жоқ болатын. Ол жарыстардағы нәтижені КПСС Орталық комитетінің өзі бақылауда ұстап, жақсы нәтиже көрсетсең бастан сипап, нашар нәтиже көрсетсең құйрықтан шықпыртатын! Өйткені, бұл Спортакиададағы жеңістеріне Республика қоржынына ұпай түсетін… Талай басшылар қызметтен де тайған…
Келдік Мәскеуге, Жолға жүрерде Спартакиадаға қатысатын спортшылар тізімін қарағанда, классикалық балуандар тізімінде Жақсылықтың да тұрғанын көргенмін. «Е, тізімге енгізе салған ғой, кім біледі…» дегем де қойғанмын. Жарыс болса бірден іздейтінім күрес пен бокс! Екеуінде қазақ жігіттері мол әйтеуір. Баяғы күреске тарттым бірден. Кілемге 48 кг Жақсылық шыға келсін! Қарсыласы армян балуаны. Ұстаса кетті. Айналасы бір минуттей ғана болды,бір кезде армян балуанының тізесі Жақсылықтың құлақ-шекесіне сақ ете түсті. Жақсылық кілемге кескен теректей құлады! Сұлап түсті. Мен 5-6 қатарда отырғанмын, кілемге бір-ақ қарғыдым. Көргендер бар. Дәрігер де жүгіріп шықты кілемге. Жақсылық естен танып қалған екен; дәрі искетіп, укол салып, аяқ-қолын уқалап жүріп, 7,5 минутта есі әрең кірді! Дереу жедел жәрдеммен ауруханаға ала жөнелді. Біз қалдық залда. Ол ауруханада бір апта жатып шықты. Шыққан соң мен жатқан жеріне іздеп бардым. Жаздың күні,далада серуендеп жүр екен. …Келгенше ойлап келгенмін; 1980-де чемпион болды, 1981-де чемпион болды. Содан соң шын жаттығуды тастады. Ел араладық, Кеңес дәстүрімен қайта-қайта «жудық», қонақтан қонақ, кездесуден кездесу… Құшақтасып, хал сұрасқан соң досыма күле қарап; «Жақа-ау, сен соңғы екі жылда белсенді жаттығуды қойдың. Мына күреске келгеніңе жол болсын?!» деймін ғой. «…Енді , – дейді Жақсылық мектеп баласындай басы,мойнын сипалап, – Отан үшін, Республика үшін, Қазақстан үшін! күрес, – деді. Қалай бармаймын дей аламын?!.»
Міне, Жақсылық Үшкемпіров деген патриоттың тағдырынан бір ғана сәт! Осы жылы Жақсылық үлкен спортпен қоштасты. Оны Красноярск қаласында өткен ірі Одақтық жарыста үлкен спорттан,яғни,күрестен, Кеңес Одағының құрама командасынан шығарып салды…
Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ,
журналист-жазушы, спорт қайраткері,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.