• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Жақсылықтың қазасы – қазақ қоғамының қабырғасын қайыстырды

    Артық айтты демеңіздер, кеше «Жақсылық қайтыс болыпты!» дегенді естігенде менің өз басымның өмір сүріп жатқан кеңістігім күл-парша болып күйреп түскендей болды! Сонау оттай қызу шағымда спорт атты өнерді таңдап алып, содан бергі 45 жылда (!) әр сағат, әр күнімді Жақсылықсыз өткізбегендіктен бе, Жеңіс, Чемпион атақтарын Жақсылықсыз тойламағандықтан ба, жеңіліс пен сәтсіздікті Жақсылықсыз жүректен өткізбегесін бе, оның ұлы табиғаты менің кеудеме көшіп алып, бәріне мен Жақсылықтың көзімен, Жақсылықтың сезімімен, Жақсылықтың пікірімен қарап, бәрін Жақсылықша таразылап үйреніп алыппын…Құдірет-ай, өзім ғұмыр кешкен осы бір жетпіс жылдың ар жақ, бер жағындағы ғұмырды Жақсылықпен ортақ бағалауды заңға айналдырып алыппын! Өзім ес біліп, етек жапқалы естіген, көрген спорттағы қазақтың ұлы тұлғаларының бәрінің — Ғұсман, Әбдісалан, Әбілсейіт, Әмин, Тимур ағаларымның – ту-бейнесін елдегі ең биік төбелердің ұшар басына қадап жүрсем де әрқашан сол ҚАЗАҚ СПОРТЫНЫҢ СИМВОЛДАРЫНЫҢ қатарына Жақсылықты да қосып, сол шоғырдың жарық жанған отына,күндей өртеген қызуына күн сайын шомылып жүреді екенмін. …Мына хабардан соң сол жарықтан да,жалыннан да адасып қалғандаймын!

    …СІЗДЕР ҚАЗАҚ мемлекеті, ҚАЗАҚ қоғамы кімнен айрылғанын білесіздер ме? Білемін дейсіздер, әрине. Күрестен Олимпиада чемпионынан, әлем чемпионынан, Қазақстанның ЕҢБЕК ЕРІНЕН айрылдық дерсіздер. Қате жоқ. Бірақ бұлар Жақсылықтың тусыртына жазылған, әркім оқи алатын атақ-даңқтары ғана. Бір жапырақ қана батыр жігіттің Отан үшін, ел үшін, ұлт үшін қажет, санасаң санына жетпес, ұлы қасиеттерінің бәрі оның ТАБИҒАТЫНДА жататын…

    Жақсылық — сөз бен істің адамы еді; екеуін де ар-ұятпен орындайтын! Жақсылық — мақсат қоя білу мен пен соған жету жолын өз қолымен салып көрсеткен феномен! Жақсылық чемпион болуды ғана емес, чемпион өзін қалай ұстауы керек екенін тұтас қазақ қоғамына сабақ ретінде көрсеткен ұстаз! Жақсылық — Қалқаман Сарин балам жазғандай, Қолы да таза, Ары да таза, Жолы да таза Қазақ қоғамы ел болып үлгі алатындай алтын тайтұяқ! Жақсылық ата-анасынан халқы үшін туып,бар ғұмырын халқы үшін өткізе алған сирек тұлғалардың бірі! Жақсылық – қарапайымдықтың ЧЕМПИОНЫ! Ол қартпен де баламамен де жүрегін алақанына салып тұрып сөйлесе алатын! Өзін сол көп қазақтың бір шырпысындай ғана көріп, кеуде де кермейтін, талтаңдап жұрттан ұзамайтын да! Көп сөзіме мысал болсын, Жақсылық Олимпиада чемпионы болған соң ел аралап,чемпионды халқымен жүздестірдік. Сондай бір сапар тарихи Торғай облысына болды. Бұл сонау 1984 жылдың қимас бір күндері еді…

     

    Х Х Х

    Чемпионмен жекпе-жек

    Бұл жолғы жекпе-жектің жөні бөлек. Әдетте чемпион чемпионға қарсы келіп, жанкүйер аузын ашыратын шайқас жасап жататын. Бұл жолы олай емес – чемпионға қарсы оны чемпион жасаған жанкүйері, онымен бірге жаны күйген халқының өкілдері шығады. «Қарсы шығады» дегенім қате болар – құшақ айқастырып, бірге шығады ортаға…

     

    * * *

    Халықтың өз батырын сағынатыны да, құшағын айқара ашып күтетіні де ғасырдан ғасырға мирас боп жалғасқан жүрек шымырлатар шын дәстүр. Батырды ел ғана емес, жер де, жел де сағынатынын осы сапарда сан рет сезіндім. Арқалық аэропортының бетон жолына «аяқ-қолын» бірдей тіреп, екпінін әзер тоқтатқан бүгінгінің тоқпақ жал тұлпары – құс қанатты лайнер аэропорт алдына көлбей кеп тізгін тартқан соң сыртқы есігіне сәл саңлау беріп еді, солтүстіктің салқын желінің бір бумасы ішке қымтырыла еніп, жолаушы атаулының бәріне жолай сәлем бере, төрге озды. Биік арқалы орындықтан тебесі де көрінбей қалғып жатқан Жақсылыққа келгенде ғана жел екеш жел де жуасып, басынан сипап, бетінен сүйген соң тыныш тапты. Самолет табалдырығынан түсе бере Жақсылықтың құшағы гүлге толды, гүл ұсынған қарындастар чемпионға алмадай беттерін тосты, қымсынбағандары құшағына кіріп тұрып, суретке түсті.

    Аэропорттың сыртында тізгіндеулі аттай тізіліп тұрған машиналарға қарай кетіп барамыз. Жақсылықтың келетінін ұзын құлақтан естіген ел жақсылары жолға тізіліл тұрып алып, оның қолын алып қалуға тырысып жатыр. Жыға танитындары да жоқ емес. «Әй, Жақсылығы қайсы? Олимпиада чемпионы қандай болады екен? Қане., .» десіп жатқандар сирек. Олардың шошайған қолдары көбінесе ішіміздегі денелілеу деген Дүрәлі, Рахымбай жақты көрсетеді. Бізге бұл аңқаулық та қызық. Бәрінің жадында шарболаттан құйғандай сом денелі Қажымұқан ата тұрғанының несі айып?

    Кез-келген жердің аэропорты сол елдің, сол жердің, сол ауылдың, қаланың, облыстың, өлкенің қақпасы секілді қасиетті орын. Жақсылық секілді халық батырымен де біз әңгімеге тиек етер сұхбат осы аэропорт тас жолына табан тигеннен соң-ақ басталды. Біз бұл сұхбат-очеркімізді екі тақырыпқа бөлгелі отырмыз. Оның алғашқысы аралаған жердегі халық сұрағына Жақсылықтың жауабы, ал екіншісі оның осы сапардағы қарапайымдылығына халықтың жауабы. Сонымен:

     

    Жақсылықтан жауап

    Жақсылықпен, жолдастығымызға да он жылдың бедері. Өзім көрген жердің бәрінде Жақсылықтың ештемеден тартынбай не жығылып, не жығып тынатын мәрттігіне көзім жетсе де бұл сапарда елеулі қобалжыдым. Сенсеңіздер, Жақсылық үшін.

    Қалың елдің мол құшағына еніп барамыз. Елі батырын есті елі аспанға көтеріп құрметтейтінін айттық. Солай құрметтей алатын халық оны жерге табан тіретіп қойып сұрай да алады. Сұрағанда өздерін сағындырған ұлдары аңсатып барып қолға түскенде түймедейден түйедейге дейін сөз түйінін ағытуы мүмкін. Сол кезде күрес кілемінде әлемнің кілең сен тұр мен атайындарын жауырынымен жер сыдыртып жүрген Жақсылық бір сәтке тосылып қалмай ма, білек күшінің кереметтей құдіретін паш еткен палуанымыз жүрек жігерін, жан жиһазын, сезім селдерін ақтара ала ма, өзіне жанарларын қадап отырған мыңдаған тілектес адамдарының алдында тізерлеп қалмай ма деген қауіп басым кеудеде. Ол сәтте бізден көмек жоқ. Мұндай жүздесуді жекпе-жек демей не дейін?

    Алғаш қойылған сұрақтың өзі чемпионды бір аунатып түсірердей екен.

    – «Лениншіл жас» газетінің өз оқырмандарымен жүздесуі, сырласуы түсінікті, жөн-ақ. Ал, сіздің сол газеттің сарбаздарымен бірге сапарлас боп жүруіңізді қалай түсінеміз! (Бұл сұрақ кездесу сайын қойылып отырды).

    – Мойнындағы қарызын қор адам ғана өтемейді! Мен ондай емеспін, Ендеше, «Лениншіл жас» газетіне ерекше қарыздар екенімді білгеннен соң бірге жүрмін. Ең әуелі, бала күнімнен арманымды оятып, қиял дүниесіне ұшатын қанат болған осы газет еді. Алдымдағы ағаларым жайлы оқып, спортқа деген махаббатымды оятқан да «Лениншіл жас», Кейін палуан атанып, көрінгенмен алысқан күннен, чемпион атанып, әлемнің дүлдүлдерімен белдескенге дейінгі бүкіл ғұмырымды осы газет үэбей жазған екен. Кеше ғана үлкен спортпен, күрес кілемімен қоштасқанда мен үшін қандай толғанды олар? Осылардың бәріне күресіп жүргенде алғыс айтуға да уақытым болмаған екен, Енді сол қарыздарымның ширегінен болса да құтыла беруді мақсат тұтып шықтым бұл сапарға. Газетпен бірге шауып жүргеніміз оған қоса – Сіздердің жерлеріңізде ізбасарларымыз бар ма деген үміттен болатын.

    «Лениншіл жастың» спорт туралы жазғандарының астарында осы ой жатпаушы ма еді?

    Сіз Олимпиада чемпионы атанған сәтте өзіңізді қандай күйде сезіндіңіз? (Айтбек Жансейітов).

    — Есімде жоқ. Тек тіземнен бүгіліп түсіп, жаңа ғана жонын таптаған күрес кілемін сүйе бергенімді білемін. Ал, халқым үшін үлкен ерлік істегенімді тұғыр төрінде тұрғанда барып бір-ақ білдім.

    Спорт бәсекесіндегі жеңістердің жанға сәуле құятын кереметтей қуанышы жайлы теледидардан көріп те, газет-журналдан оқып та жүрміз. Ал, сол спорттық жолдың өз басыңызға түскен қиыншылықтары жайлы айтыңызшы. (Қанат Мырзабеков, 8 «А» класының оқушысы).

    – Палуандық өнердің өзекті ертер өкінішінің, жүйкеге тас түскендей ауыртпалығының бар екендігін айтып жату ұзаққа кетер. Қарапайым қиындықтарын тізсем; екі аяқ тізеден талай қайырылып қалды, бармақ буыннан бірнеше рет бұралып кетті, құлақ шеміршегінен шайналып, шор боп бітті, осылар жете ме?

    Жақсылық аға, біз чемпион деген дәу болады деп ойлаушы едік, сіз қалай кіп-кішкентайсыз! (Бастауыш кластың оқушысы, А. Иманов атындағы совхоз).

    – Бәрекелді! Мен чемпион болған кезде екі иығыма екі кісі мінгендей алып едім. Тура Қажымұқан аталарыңыздай болатынмын. Содан бері өткізген жүздесулерде өздеріңіз секілді халық теберікке бір-бір тұтамнан алып-алып,қазір осындай боп қалдым…

    Жолыңызды қуатын балаңыз бар ма?

    — Мен Олимпиада чемпионы атанған күні кешке Москваға қуанышты телеграмма келді. Менің семьямда үшінші ұл дүниеге келген екен, Атын Жеңіс қойдық. Совет құрама командасының сапында бірнеше жүздеген адам бар, солардың ішінен менің ғана балам туыпты, Жеңісім үлкейгенде осы оқиғаға ой тоқтатар. Ал, Елдос пен Жандостың бірі палуан болмасына кім кепіл?

    Жақсылық, қарағым, ең қуанышты күніңді есіңе алшы. (Қарт ана, Торғай селосы).

    — Ежелгі Олимпиада отаны Грекияның астанасы Афины қаласына барғанбыз. Бүгінгі Олимпиада алауы жағылатын Олимп тауының баурайында орнатылған мәрмәр тасқа менің аты-жөнім, ұлтым алтын әріппен жазылыпты. Соны көріп, көзіме жас ала қуандым, Ол тасқа барлық Олимпиада чемпиондарының есімі тіркеледі екен.

    Сіз басқарып отырған күрес мектебінде 6- класс оқушылары бар ма? Олардың халдары қалай (6 класс оқушылары, Қазақстанның 40 жылдығы атындағы совхоз).

    — Бар. Олардың халі жақсы. Өйткені, олар өз мақсаттарын айқын біліп, сол жолда тер төгіп жүр.

    Егер ұяттау болмаса айтыңызшы, сіз Олимпиада чемпионы атанғанға дейін арақ ішіп, темекі тарттыңыз ба?

    — Шынында ұяттау екен, ұят болғанда спортшы үшін бұл теріс әдеттер ғана емес, тоя тамақ ішіп, қалағаныңша қыдырып, улана ұйықтаудың өзі зиян екенін білмеу ұят қой. Біз кейде күннің шыжыған ыстығында бір тал балмұздақ жеуге рұхсат ала алмай сілекейіміз шұбырып жүреміз.

    Спорттағы өмірбаяныңызды қысқаша айтып өтсеңіз.

    — Менің спорттық өмірбаяным түгелдей «Лениншіл жас» газетінде жазылған, содан оқыңыздар,

    Сенің ең бақытты күнің… (Ауыл ағалары, Жанкелді селосы).

    — Міне, бүгінгі сіздермен отырған күнім! (Ду қол шапалақталды). Бұл қол шапалақтау аз! (Жұрт тағы тына қалды, чемпион не айтқалы тұр деп қауіптену де жоқ емес). Егер Сіздердің ауылдарыңыздан тағы бір Олимпиада чемпионы шықса, мен тік түрегеліп тұрып таң атқанша қол соғар едім! (Бұл жолғы қол шапалақтау ұзаққа созылды).

    Жақсылық аға, Сіздің осы келуіңіз себеп болып, сіздің арқаңызда ауыл жастарына спорттан қамқорлық күшейіп, «Жақсы аға» деп еске жүрсек екен. (Бір топ бала, «Албарбөгет» совхозы).

    – Мына сіздермен кездесу өткізіп, бетпе-бет күресуге отырған жеріміз қандай тамаша. Хош келгенде иіс мұрнымды жарып барады!

    Біз жан-жағымызға таңдана қарадық. (Кездесу спорт залында өтіп жатқан).

    – Осындай спорт залы бар ауылдың жастарында да арман бар ма?! Енді ұмытпаңдар, іс тетігі тек өз қолдарыңызда деп ойлаймын. Керемет құштарлық керек, спортты шын сүю керек! Көмегім де, мынадай тілегім де осы.

    Сіз неше рет жеңілдіңіз? (С. Арғынбаев, Жанкелдин ауданы).

    – Бәрін санаған жоқпын. Бірақ бір жеңілісім есімнен ешқашан кетпейтін болар. Европа біріншілігінің финалы болатын, қарсыласым поляк Роман Керпач деген жас жолбарыс. Москва Олимпиадасы да иек артпада.

    Белдесу бітуге 15-20 секунд қалғанда ұтып жатқанмын. Тағы ұмтылдым.

    Сол қолымның бас бармағы иыққа барып соғылғанда отқа тұскен темірдей шыж ете қалды. Теріге ілінген бармағымды екінші қолыммен қорғай бергенде Керпач мені бір аунатып үлгерді. Сөйтіп екінші орын алдым. Осы жеңілісім бар жеңілістен де өкінішті.

    — Жақсылық ағай, егер сізге бүгін біздің мектепке жаттықтырушы болып қал десе, қалар ма едіңіз? (Қазақстанның 40 жылдығы атындағы совхоз, Аманкелді ауданы).

    — Қиын сұрақ екен. Қазақ «шақырғанда қалма» демей ме, әйтсе де менің жаттықтырушы болуымды сұраған мектеп жалғыз сіздер емессіздер. Бірінде қалсам екіншісі өкпелейді ғой. Сондықтан мен ауыл-село спортшыларының «Қайрат» қоғамының республикалық күрес мектебінде жүре берейін. Тек талантты балалар болса қол ұшын беруге әзірмін.

    –Қатты сасқан сәтіңізді еске түсіріңізші (Т. Ибраева, Арқалық педагогикалың училищесі).

    – Москва Олимпиадасының қиын да қызықты күндері еді. Біз Олимпиада қалашығында тұрдық қой. Жатқан төсегіміз бойшаң баскетболшыларға арналған ба, ұзындығы үш метрге таяу еді. Ең соңғы белдесу алдында төсегімнің бір басына екі бүктеліп жата кетіп едім, ұйықтап қалыппын. Бас бапкер Г. Сапунов мені іздемеген жері жоқ, таба алмапты. Жарыс басталатын уақыт таяу. Кешіксем-ақ ең соңғы орынға кетемін. Екі бүктеліп, көрпеге оранған мен төсектен көрінбейді екенмін. Ақыры «бәрі құрыды, Жақсылық алтын медальдан айрылды» деп маңдай терін сүртіп, төсекке құлай кеткен Сапунов менің үстіме отырады. Содан мен заулап келе жатқан автобустың үстінде киіндім. Жарыс басталуға бес минут қалғанда үлгердік. Сондағы сасқанымды адамның басына бермесін.

    — Қазақ жастары арасынан атақты спортшылар неге аз шығады? (Қ. Жолдасбеков, Торғай селосы).

    —Сұрақтарыңыз ащы екен, енді жауабы да ащы болады. Ең әуелі, жалқаумыз. «Піс балық, аузыма түс балық» дегенді жақсы көреміз. Ел, халық үшін еңбек етуге ерінеміз, егер әлемді дүр сілкіндірсек бұл ең әуелі халықтың абыройы екенін есте ұстамаймыз, жаңа ғана Афиныдағы жазу туралы айттым ғой, ол жазу Жақсылықтың атын емес, қазақ халқының атын паш етіп тұр емес пе әлемге! Міне, керемет өнерпаз адам табиғи талантына қоса осындай үлкен жүректі болса ғана шығады. Ал, мен де өзімнің бауыр-қарындастарыма өкпелімін: өзі үшін жүгіруге бәрі шебер, гитар тартамыз, өлең айтамыз, күресуге, бокске, жүгіру, секіруге келгенде кежегеміз кейін тартып тұрғаны. Мақсаткерлік, тас жарардай құлшыныс жоқ жастарымыздың бойында. Бұл сапарда мен соған қозғау салғалы келдім. Балалар, мынаны ұмытпаңдар: біздің әрқайсымыз мынау отырған ақсақалды аталар мен ақжаулықты аналарға қаншалықты мынадай медальдар (Ол Олимпиада және әлем чемпионының медалін төбеден асыра көтерді) әкеліп көрсететін болсақ, соншалықты ол кісілердің жасы ұзақ болады!

    — Жақсылық аға, Сіздің әлі де орындалмаған армандарыңыз бар ма? (Мектеп оқушылары, А. Иманов атындағы совхоз).

    — Бар! Ол армандарым енді сендермен байланысты.

    — Сізге өзіңіз келген Торғай жері ұнады ма?

    –Әдемі жеңгелеріміз, ер мінезді ағаларымыз, өздеріңдей қарындастарымыз, арманын ат қып мінуге даяр бауырларымыз бар өңір неге ұнамасын?! Ұнады!

    —Аға, менің де күреске қатысқым келеді. (С. Жүнісов, 8 класс оқушысы).

    —Әлі қатысқан жоқсың ба?! … Ия, әйтсе де кеш емес, менің өзім де күресті институт қабырғасына барғанда бір-ақ бастаған екенмін ғой. Дегенмен, ертеңге қалма, дәл бүгін баста! Кедергі болса маған айт!

    — Торғай жастарына қояр талап-тілегіңіз! (Бұл сұрақ көп қойылды).

    — Біздің бәріміз туған ел, туған жер, туған халық алдында қарыздармыз. Жастықтың буымен жүріп соны естен шығарып алмайық!

     

    Жақсылыққа жауап

    Жол ұзақ. Сағым боп қашқан алыс шақырымдардың шаңын қағып алатын жүйрік машиналардың жұмсақ отырғыштарына қисайып алып, ой қазанын сапыруға әбден болады. Сапырамын да. Сондағы ойға оралатыны Жақсылықтың өзім күнде көріп келе жатқан қара топырақтай қарапайым мінезі мен жүйкені босатардай жүйелі сөздері, жауабы. Өзінің отыз жылдан астам ғана ғұмырының тең жартысында маңдайынан тер кетпей, жүрегіне қан жетпей жүріп, жеңіп алған жалғыз алтын медалін, Олимпиада алтынын «бұл менікі емес, халқымның медалі, қазағымның чемпиондығы, Сіздердің жеңістеріңіз!» деп адамды жылытардай етіп сөз сөйлеген жанға біз де лайықты жауап беруіміз керек қой. Елінің атын шығарған ерді, халқы неге төбесіне көтермеске! Бұл да парыз, біле білсек. Сол ой мені сансыратып келе жатқан…

    …Облыс орталығынан вертолетпен ұштық. Беталысымыз «Қарынсалды» және «Степняк» совхоздары. Вертолет келіп «Қарынсалды» совхозына қонған бетте есік ашылар-ашылмастан екі иығына төрт кісі мінгендей палуан денелі жігіт Жақсылықты қос қолтығынан алды да кеңсеге дейін аяғын жерге тигізбей кетеріп әкетті.

    — Бұл кім? – дейміз біз чемпионымызды қолтықтап кеткен алыпқа риза болып.

    — Бұл осы совхоздың директоры, республикамызға танымал ауыр салмақты палуан Н. Бабич, – десті совхоз тұрғындары – кезінде Жақсылық бәрі бірге күрескен болулары керек.

    …Вертолет «Степнякқа» келген соң бірден қонбай, бір айналып барып төмендеді. Вертолеттің ұшқыштары біледі екен, мұндай қазақ ауылына қызық бір жолаушы келгенін арнайы хабарлап қажеті жоқ, вертолет ауылды бір айналып барып қонса болғаны. Жерге жүз метрдей қалғанда байқадық, вертолет қонатын алаңқайда жүз шақты бала тұр екен. Жақсылық жерге түскен соң әлгі балалардан аттап баса алсашы. Бәрі оны қоршап алып, жеңінен, етегінен тартіқылап, сұрақ қойып, аузына сөз салып, мәре-сәре болды да қалды. Бұл совхозға да тек сәлемдесіп кету үшін келген Жақсылықты вертолетке қайта мінгізу қиын болды. Балалардың чемпионға қызығуы заңды десек, Олимпиада дүлдүлінің қолын алып қалуға келген қарт адамдар, немерелерін қол беруге әкелген аналардың ниеттерінен аттап кете алмай, көп бөгелдік. Вертолеттің есігін зорлап жауып, ұшып шыққанда да өздері жерде тұрса да қиялымен бізге ілескен балаларды көріп, кереметтей толқыдық. Жанарларға жас толды.

    Міне, бұл екі оқиға Жақсылыққа екі жауап.

    «Албарбөгет» совхозында кездесу өткізілді. Кездесу сонынан мектеп балалары чемпионнан қолтаңба алды. Есіктен енді-енді шыға береміз дегенде, анадайдан алып-ұшып жеткен бойжеткен Жақсылықты әкесіндей бас салды. Өзі солқ-солқ етіп жылап тұр.

    – Ағатай-ай, өзіңізді көрдім бе?! Шыныменен бұл сіз бе?! Қандай бақыттымын, сіздей ағамды өз көзіммен көргенім рас па! Халқымның мақтанышы-ай, ардақты аға, Жақсылық-ай, чемпион Үшкемпіров-ай, айналайын аға-ай!!

    Егіліп жылайды, өксіп жылайды. Бірақ байқап тұрмыз, қуаныш жасы, бақыт жасы, ризалық, рахмет жасы. Артынан сұраймыз ғой, бұл кім деп. Сол «Албарбөгет» совхозындағы Қаратүбек орта мектебінің 10-класс оқушысы Жадыра Берсүгірова екен. Еліне чемпиондық силаған ағасына деген кішкене ғана кеудесіне жинаған құрметі мен рахметін осы күнге дейін сақтап келген ғой. Неткен керемет оқиға!

    …«Речная» совхозындағы мектепте әңгіме қызықты өтті. Қонақтар енді аттана бергенде мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Мешітбай Жүнісов Жақсылықтың шылауына оралды.

    – Айналайын, Жақсылық бауырым, өзіңнен бір өтінішім бар. Кеше ғана біздің шаңыраққа дүниеге бір ұл келіп еді. Өздерің осы Торғай өңірінде жүр деген соң бізге де соғар деп, сол сәбидің атын қоймай отыр едік. Бүгін біз сенен атыңды, кеше ғана туған халқының үлкені мен кішісі аузынан тастамай айтқан Жақсылық атты есіміңді, сұрамақпыз. Жақсылық көптік етпес біздің баланың атын да Жақсылық қояйық, рұхсат бер! – деді кереметтей толқып.

    – Ойбай, рұхсат, рахмет, рахмет!– деп жатыр Жақсылық қалбалақтап.

    Міне, бұл екі оқиға Жақсылыққа тағы екі жауап.

    Арқалық қайдасың деп заулатып келе жатқанбыз. Түйдек-түйдек машиналарымыздан танып, жолшыбай жол тосып сәлем беріл жатқандар да жоқ емес. Бір кезде ортамыздағы арқалы азаматтардың бірі, кешегі тілшіміз, ақын, әнші, әрі әуесқой композитор Қонысбай Әбіловтің даусы саңқ ете түсті:

    – Бітті, тоқта!

    Сарт-сарт тежегіштер басылды. Тоқтауын тоқтадық, бірақ не біткенін білмей тұрмыз. Не де болса тегін еместігін сезіп, секіріп-секіріп машинадан түстік. Бәріміз Қонысбай мен Жақсылықты қоршап тұрмыз. Бір кезде ен далаға жыр нөсері төгілді де кетті:

     

    Бір елдің болғанымен асылындай,

    Денесі бала киік асығындай.

    Көргеннен құшағыма алдым оны,

    Талай жыл аңсап тосқан ғашығымдай.

    Өзіне дос табатын шақта мына,

    Шаттана күледі екен ақтарыла.

    Дүниені дүрліктірген дүлей күштің

    Таңқалам қайда бұғып жатқанына.

    Тауларды ырғап салып арқасына,

    Есімін ойып жазған әр тасына.

    Қажымұқан атасы тірі болса,

    Сиып-ақ кетер еді қалтасына!

    Кім сені бірақ одан кем көреді.

    Уақыттың таразысы теңгереді.

    Жақаңдар намыс буып «һәп» деп қалса,

    Жан түгіл жартасты да өңгереді,

    Өнерпаз болмағанмен күміс көмей,

    Бола ма, құрмет саған тиісті емей.

    Қалақтай шағын ғана жауырының

    Кетті ғой ақыры жер иіскемей.

    Қызығып келбетіңе қараймын мен,

    Сен қуансаң жүзіңде арай күлген

    Қойған кезде есімін түбі еліне,

    Жақсылық әкелерін қалай білген!

     

    Бәріміз қол шапалақтадық. Сонда барып мен Жақсылыққа тағы бір жауапты баспасөз арқылы оқып беруге міндетті екенімді мойындадым.

     

    Х Х Х

    …Осы естеліктердің бәрі жүректі дүрсілдетіп, қан тамырды қос қол балғамен соққандай солқылдатады… «Жақсылықты қалай сақтай алмадық?» деп жүз рет, мың рет сұрай беремін,сұрай беремін… Бұл жердегі «Жаратқанның берген жасы…», «Дәм-тұзы таусылған күн…» дегендердің бәрі ақталу! Құдайдың Құдіретіне қарсы шыққалы отырғаным жоқ, бірақ «САҚТАНСАҢ – САҚТАЙМЫНДЫ!» айтқан да сол Жаратушы емес пе еді?! Елбасынан бастап, басқасын былай қойғанда, министрлердің біразы ауырды емес пе осы індетпен? Құтқарып қала алдық қой! Жақсылықты қалай құтқара алмадық?!!

    Айналайын, Алматының әкімі Бақытжан Сағынтаев мырза-ау, сенің ауруханаға барып, Жақсылықтың халін қанша рет сұрағаныңды білмеймін, бірақ сол аурухананың табалдырығында қонбасаң да жұмысыңды таңмен сол жерден бастап, кешке сол жерден аяқтасаң – өзгелер де аяғынан тік тұрып, Жақсылыққа қосымша дем үрлер ме еді… Жақсылықтың жаны да өзге бақилық болғандардан артық емес, әйтсе де қай халық та бір басы мыңға татитын ұл-қыздарына асқан қамқорлықпен ерекше жүгіруші еді ғой! Жақсылықты Санавиация сайлап, Алматыдағы жедел жәрдем ауруханасынан қуаты күшті Астанаға жеткізіп, құтқарып қалуға мүмкіндік болмады ма?.. Ол кеше ғана ел, халық,ұлт абройын құтқарып қалып еді ғой… Неге бұлай? Неге бұлай? Неге? Неге…

     

    Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ,

     журналист-жазушы, спорт қайраткері,

    Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *