Біріккен Араб әмірліктерінің (БАӘ) Дубай қаласында кәсіпқой бокс кеші өтті.
Осы жарыста күш сынасқан Тұрсынбай Құлахмет өрелі өнерімен өз жанкүйерлерін қуантты.
Жанкүйерлер Тұрсынбайды әуесқой боксшы ретінде жақсы біледі. 75 кило салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан ол 2019 жылы Азия чемпионы атанып, әлем біріншілігінде қола медальді иеленді. Былтыр кәсіпқойлар арасында күш сынасуға бел буды. Сол кезден бері екі кездесу өткізіп, екеуінде де жеңіске жетті.
Парсы жағалауында қандасымыз Хебер Рондонмен қолғап түйістірді. Венесуэла өкілінің біздің боксшыға қарағанда тәжірибесі әлдеқайда зор. Ол осы күнге дейін 20 рет рингке шығып, барлық қарсыласынан басым түсті. 13 бәсекені нокаутпен аяқтады. Соған қарамастан Құлахмет Рондонды бірінші раундта ұрып жығып, бірінші орта салмақтағы өзіне тиесілі WBC International нұсқасы бойынша алтын белбеуді сақтап қалды.
Жекпе-жектен кейін ол отандастарымызға қолдау кһрсеткендері үшін ризашылығын білдіріп, Инстаграм әлеуметтік желісіндегі парақшасы арқылы алғыс айтты.
–Ассалаумағалейкум! Алхамдулиллях елімнің сенімін ақтап, көк туымызды желбіреткеніме қуаныштымын. Бұл тек бастамасы деп ойлаймын. Құттықтау ізгі ниеттеріңізге көп рахмет!, – деді ол.
Сол кеште Дубайда Жанқош Тұраров та өнер көрсетуге тиіс еді. Алайда қазақ боксшысының коронавирус дертіне шалдыққаны анықталып, бұл жекпе-жек кейінге шегерілді.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
АЛМАТЫ