• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Кенен ауылында өткен келісті турнир

    «Ауылылым алтын бесігім», демекші, ауылылға барып, туған-туыс, ел-жұртпен қауышып қайтқанда алған әсерді ауылда туып-өскен жан ғана білетін шығар.

    Кеше Алла сәтін салып туып-өскен Кенен ауылына жол түсіп барып қайтқан едім. Қасиетті қара шаңырағыма бас сұғып, әкем мен анам тұрған киелі үйдің әрбір затын сипалап бақилық сапарға кеткен ата-анамды сағына еске алдым. Сосын бесін намазымды оқып, кіндік қаным тамған қара шаңырағымның берекесі ұйып тұруына дұға тіледім. Иә, әркімнің де туған ауылы, туған үйі ыстық қой. Өмірдің соқпақ жолдарымен көш ұзап кеткен адамдар ауылын, елін өскен ортасын ешқашан ұмытпайды. Мен үшін қайда жүрсем де ауылым, ел жұртым, туған үйім, жарық дүниеге әкелген әке-шешемнің орны ерек. Олар мәңгілік жүрегімде. Тамырымыз ауылдан тарау алғандықтан ауыл өмірімнің мәні әрі сәні.

    Хош, ағайын ауыл жайлы тербеніп кетсем кешірім сұрап, сапар жайлы әңгімені жалғастырайын. Ауылға негізі келген екі себептің бірі тай құлындай бірге өскен құрдасым Айдар Бүрбаевтың биыл тірі болса 100 жасқа келетін марқұм әкесі мен шешесіне ас беріп, ат шаптырған шарасы болса, екінші себебім ауыл төрінде су жаңа стадион салынып, соның салтантты ашылу шарасы еді. Бұл екі жағдайда ауыл тұрғындары мен қонақтарға үлкен мерекелік көңіл-күй тарту етті. Мен бірге өскен досымның ата-анасына берген асына қатысып шыққаннан кейін, орталықта жаңа стадионның құрметіне ұйымдастырылған доп додасын барып тамашаладым.

    Жарысқа Қордай ауданы бойынша 10 команда келіп қатысты. Үш топқа бөлініп, жеңіс үшін жан аямай тартысты ойын көрсеткендер күн еңкейе барып жеңімпаздарды анықтайтын кезге келіп жетті. Негізі ауыл футболында өнер көрсетіп жүрген талантты жастардың көптеп өсіп келе жатқанына ерекше риза боласың. Қазіргі таңда кіші мен үлкен футболда ел намысын қорғайтын ойыншылардың арасында қаракөз жастарымыздың қатары көбейіп бара жатқанына қуанамыз. Сол ұлттық құрамның жейдесін киетін қазақ ойыншалары осы ауыл спортынан қанат жайып жатқанынын ұмытпаған абзал. Ендеше, ауыл спортына көңіл дәл осындай өңірлерде стадион, спорт мектептері ашылып, көп көңіл бөліне түскенде ғана жемісін көреміз. Сондықтан да Кенен ауылында салынған су жаңа стадион сол айтқан сөзімнің айғағы. «Тау баласы тауға қарап өседі», демекші қырғыз-қазаққа әйгілі ақын композитор Кенен Әзірбаевтың ауылының жастарының екінің бірі өнерлі. Спорт десе ішкен асын жерге қойып, әсіресе, футболдан аудан біріншіліктеріне топ жарып жеңіспен желпінтіп ауылының мақтаныштары болып жүр. Ал, ауыл төріне орын алған Екейбай Қашағанов атындағы орта мектепте дене тәрбиесінен сабақ беретін Айдар Тұрғанқұловтың жас өрендерді дайындауда еңбегі өте зор. Осы дүбірлі турнирді ұйымдастыруда шапқылап жоқтан барды тауып жасап өткізген Айдарға қатысушылардың рахметі ерекше болып жатты.

    Сонымен, финалға «А» тобынан осы жарыста барлық командаларды асқан басымдылықпен жеңіп шыққан, арасында шеберлігіне жан сүйсінер ойын көрсеткен Уәли, Аянғали секілді ауыл фуболының мақтаныштары бар Кенен ауылының командасы финалға шықты. Ал екінші топтан Қордай ауданының командасы  өзінің жеңіске лайықты жасақ екенін жақсы ойындары арқылы көрсетіп, соңғы ойынға жолдама алды. Осылай тартысқа толы өткен финалдық кездесуде гол соғылмай, жеңімпаз команда пенальти сериясы арқылы анықталатын болды. Пенальти негізі қақпашылардың шеберлігі сынға түсетін сәт екені белгілі. Бұл бәсекеде Кенен ауылының қақпашысы Айбек үш соққының екеуін қайтарып командасын жеңіске жеткізді. Осылайша Кенен ауылының командасы бас жүлдені жеңіп алды. Ал, үшінші орынды Отар командасы иеленді. Жарыстың соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылардың бағалы сый-құрметтерімен марапатталды. Турнирдің үздік ойыншысы, үздік қорғаушысы, үздік қақпашысы-деген марапаттарда өз иелерін тауып салтанатпен табыс етілді. Осылайша жақсы көңіл күйде ұйымдастырылған тартымды турнир шегіне жетіп,қатысушылар естелікке суретке түсіп жатты. Ауыл футболының дамуына үлесін қосып жатқан, осындай көзінде оты бар, намысы зор дарында жастардың өсіп келе жатқанына үлкен риза болып, біз де тарқастық.

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

     

     

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *