Кеше тамаша бір құрметті спорт шарасының күәгері болдым. Бұл спорттық доп додасы жасұрпаққа үлгі болып жүрген, кезінде Қ. Сәтпаев атындағы Политехникалық институтты үздік аяқтап, өзі таңдаған мамандығы бойынша көпке жақсылығын көрсеткен ардақты азамат, спорт ардагері Тұрсынғали Құсайынов ағамыздың 65 жасқа толуына арналған екен.
Шағын футболдан ардагерлер арасында осындай тартысты футбол жарысын елге белгілі спорт журналисі Әлім Анапиянов ағамыз ұйымдастыруға ұйытқы болыпты. Әлім аға да спорт тақырыбына қалам тартқан журналистерге үлкен үлгі ететін ардагер журналист әрі теңбіл доптың шебері десе болады. Ағамыз күні бүгінге дейін спорт жейдесін киіп алып, өз құралпы замандастары мен ізбасарларының басын қосып Өтеген кентінде маңдай терін төгіп доп ойнайды. Бүгінгі мерейтой иесі Тұрсынбек ағамызбен бірге бір командада қысы-жазы футбол ойнап, денсаулықтарын шыңдап келеді екен. Сонымен ойын соңында жарысқа қатысқан командалардың жеңімпазы анықталып ұйымдастырушылардың әзірлеген кубоктары табыс етілді. Менде қалалық команданың құрамында барынша өнер көрсетіп, бірінші орынды жеңіп алдық. Ойында үздік өнер көрсеткендерді Тұрсынбек пен Әлім ағаларымыз өз қолдарымен бағалы сыйлықтарын тарту етті. Бауыржан Момышұлы атамыз: «Менің бойымда күш-қуатым бар кезде кәрілерге қоспаңдар», -деген екен. Арамызда спортты өмірінің негізгі тірегі етіп, көпке үлгі болып жүрген ағаларымызға құрметпен қызыға қараймын. Алдыңғы толқын ардақты ағаларымыз аман болсын! Алдағы жылы бұл жарысқа шақырылатын командалардың саны артпақшы екен. Ендеше, дәстүрлік болғалы тұрған бұл турнирдің сәтті өтуіне тілектеспіз!
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,
АЛМАТЫ
Жарайсың Нағашы